– Асан Қуанышұлы, әңгімемізді Қарулы күштеріміздің Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасына жүктелген міндеттерден бастасақ. Бұл әскер түрі қандай қызметпен айналысады?
– Негізгі қызметіміз – әскердегі басқару органдарының, құрамалардың, бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін үнемі тиісті деңгейде ұстау, жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу барысында әскер тектерінің әлеуетін пайдалануды қамтамасыз ету. Құрлық әскерлерінің басты күш-жігері ұдайы жауынгерлік әзірлікті қолдауға, әскери басқару органдары мен әскерлерді жауынгерлік мақсатқа сәйкес міндеттерді шешу үшін дайындауға бағытталған.
Біз кез келген сәтте әскерді бейбіт жағдайдан соғыс жағдайына ауыстыруға, ахуалды тұрақтандыруда батыл іс-қимылдарға дайынбыз. Сондай-ақ идеология және әскери-патриоттық тәрбие саласындағы мемлекет саясатын іске асыру жөніндегі жұмыс та маңызды. Осы міндеттердің барлығын іске асыру бірінші кезекте жедел және жауынгерлік даярлықпен келеді. Сол арқылы басқару органдары, штабтар мен әскерлер жауынгерлік іс-қимылдың неғұрлым тиімді тәсілдерін үйренеді.
– Құрлық әскерлерінің қазіргі құрамы туралы айтып берсеңіз?
– Қарулы күштер құрамындағы басқа да әскер тектерінің заман ағымына сай дамып жатқанына қарамастан, Құрлық әскерлері қай кезде де алдыңғы қатарлы құрылым болып саналады және әлемнің барлық армиясының негізін құрайды. Қазіргі уақытта Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының құрамында он екі бас басқарма мен жеті басқарма, төрт бөлім мен екі қызмет бар. Сондай-ақ ұйымдастырушылық тұрғыдан «Астана», «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтары, одан өзге тылдық және техникалық қамтамасыз ету құрамалары мен бөлімдері, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты, Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжі жұмыс істейді.
– Кез келген уақытта сырттан төнуі мүмкін қатерлерге қарсы Құрлық әскерлерінің бүгінгі дайындығы қалай?
– Ел Президенті мен мемлекетіміздің қорғаныс саласына жауапты барлық мекеменің қамқорлығы арқасында Құрлық әскерлерінің әлеуеті ықтимал қауіп-қатерлерге дер кезінде ден қоюға, шабуылдың бетін қайтаруға дайын. Кейінгі жылдарда болып жатқан соғыс қимылдары әуе және ғарыштық шабуыл техникаларының рөлi артқанына қарамастан, қару-жарақтың соңғы үлгілерімен жарақтандырылған Құрлық әскерлерiнiң өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан оның әзірлігіне әрдайым көп көңіл бөлінеді. Бұл тек теориялық сабақтар емес, ұзақ уақытқа созылатын оқу-жаттығуларды да қамтиды. Біз көп бағыт бойынша жауынгерлік даярлық бағдарламаларын іске асырамыз.
Кез келген істің сәтті орындалуы білікті маманға байланысты. Сондықтан Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталықтарында мамандар даярлау ұдайы жүргізіліп келеді. Заманауи технологияларды пайдалана отырып, барлау құралдарын атыс қару-жарағымен ықпалдастыру жүзеге асырылып жатыр. Жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің жаңа әдіс-тәсілдері сынақтан өткізіледі. Құрлық әскерлеріне арналған мамандар елімізде ғана емес, шетелдік әскери жоғары оқу орындарында да даярланып жатыр. Соның ішінде зымыран әскерлері мен артиллерия мамандарын, барлаушыларды, әуе шабуылына қарсы қорғаныс, инженерлік әскерлер, радиациялық және химиялық қорғаныс мамандарын даярлауға ерекше назар аударылады.
– Заманауи қару-жарақ демекші, Құрлық әскерлері әскери техникамен толық жабдықталған ба?
– Қазіргі уақытта Құрлық әскерлері барлық қажетті қару-жарақпен, әскери техникамен жарақталған. Сонымен қатар БТР-82А, «Кобра», «Арлан» бронды дөңгелекті машиналары сияқты заманауи техника үлгілерімен жоспарлы түрде кешенді қайта жарақтандыру жалғасып жатыр. Бөлімшелер артиллериялық барлау құралдарымен, Т-72 танктерімен, әуе шабуылына қарсы қорғанысты басқарудың жылжымалы пункттерімен, өздігімен қозғалатын кешендермен қамтамасыз етілу үстінде. Нарық мониторингi және техникалық жарақтандырудың баламалы жолдарын iздеу жөнiндегi жұмыстар тұрақты негiзде жүргiзiліп келеді.
Жалпы алғанда, Құрлық әскерлерінің бүгінгі әлеуеті еліміздің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау, мемлекеттік және әскери нысандарды күзету, заңсыз қарулы топтармен күрес бойынша қойылған міндеттерді шешуге, сондай-ақ еліміз ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындауға толық қабілетті.
– Далалық оқу-жаттығу сарбаз академиясы екені белгілі. Құрлық әскерлерінің жеке құрамы қатысатын оқу-жаттығулар мен іс-шаралар, олардың нәтижелері туралы не айтар едіңіз?
– Кейінгі бірнеше жылда Құрлық әскерлеріндегі жауынгерлік даярлықтың қарқыны бірнеше есе артты. Құрамаларымыз бен бөлімдеріміз әртүрлі оқу-жаттығуға, оның ішінде халықаралық ауқымдағы жиындарға үнемі қатысып, өздерінің тәжірибе жүзіндегі дағдылары мен далалық дағдыларын жетілдіріп келеді. Атап айтқанда, республикалық «Шығыс», «Батыл-Тойтарыс», «Айбалта», «Көкжал», халықаралық «Өзара іс-қимыл», «Мызғымас бауырластық», «Бейбіт миссия», «Іздестіру», «Қазинд» секілді оқу-жаттығулардың тұрақты қатысушысымыз.
Сонымен қатар Құрлық әскерлерінің жауынгерлері ел аумағында да, одан тыс жерде де Армия халықаралық ойындарының түрлі сындарында бақ сынап келеді. Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының қатысуымен Отан қорғаушы күнінде, 9 мамыр мерекесіне арналған шерулерде әскер қатарынан көрінді. Ал биыл «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Пәкістан Ислам Республикасында өткен халықаралық жарыстың жеңімпазы атанып, жауынгерлік дайындығының жоғары екенін көрсетті.
Барлық өткізілген іс-шара далалық дағдылардың деңгейін арттыруға, жауынгерлік техникалар командирлерінің жоғары кәсіби білім мен білікке ие болуына, олардың командирлік қасиеттерін, қойылған міндеттерді орындау кезінде бөлімшені басқару дағдыларын дамытуға, жеке құрамның психологиялық тұрақтылығын, батылдығы мен физикалық төзімділігін қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай іс-шаралар жалпы әскери қызметтің беделін арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.
– Күні кеше Құрлық әскерлерінің құрылғанына 31 жыл толды. Осы орайда қарулас әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?
– Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының офицерлері мен сержанттары күнделікті еңбегінің, үйлесімді іс-әрекетінің, кәсіби шеберлігінің арқасында Қорғаныс министрлігінің басшылығы алға қойған барлық міндетті жедел орындап келеді. Алдағы уақытта да дәл осы бағыттан таймаймыз. Өйткені Отан қорғау қызметі – бір сәт те қалғуға мұрсат бермейтін міндет. Құрлық әскерлері қолбасшылығының және өзімнің атымнан бүкіл жеке құрамды, әскери қызметшілер мен ардагерлерді Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының құрылған күнімен, алда келе жатқан Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отанымыз – Қазақстан Республикасының гүлденуі жолындағы еңбектеріне табыс тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»