Әскер • 24 Сәуір, 2024

Асан Жүсіпов: Құрлық әскері – қуатты күш

210 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Құрлық әскерлері – армияның ең басты екпінді күші әрі қорғанышы. Көршілерімен негізінен құрлық арқылы шектесетін еліміз үшін оның маңызы орасан зор. Же­ріміздің тұтастығы мен хал­қы­мыз­дың тыныштығын күзетуде алдыңғы шепте тұрған бұл әскери құрылым 21 сәуір күні өзінің 31 жыл­дығын атап өтті. Осы күн­нің қарсаңында біз Қарулы күштер Құрлық әскерлерінің бас қол­бас­­шысы, генерал-майор Асан Жүсіповпен әңгімелескен едік.

Асан Жүсіпов: Құрлық әскері –  қуатты күш

– Асан Қуанышұлы, әңгімемізді Қарулы күштеріміздің Құрлық әскер­лері бас қолбасшысының басқармасына жүктелген міндеттерден бастасақ. Бұл әскер түрі қандай қызметпен айналысады?

– Негізгі қызметіміз – әскердегі басқару органдарының, құрамалардың, бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін үнемі тиісті деңгейде ұстау, жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу барысында әскер тек­терінің әлеуетін пайдалануды қам­та­масыз ету. Құрлық әскерлерінің басты күш-жігері ұдайы жауынгерлік әзірлікті қол­дауға, әскери басқару органдары мен әскер­лерді жауынгерлік мақсатқа сәйкес мін­деттерді шешу үшін дайындауға бағыт­талған.

Біз кез келген сәтте әскерді бейбіт жағ­дайдан соғыс жағдайына ауыстыруға,  ахуалды тұрақтандыруда батыл іс-қи­мылдарға дайынбыз. Сондай-ақ идео­логия және әскери-патриоттық тәр­бие саласындағы мемлекет саясатын­ іске асы­ру жөніндегі жұмыс та маңызды. Осы міндеттердің барлығын іске асыру бірінші кезекте жедел және жауынгерлік даяр­лықпен келеді. Сол арқылы басқару органдары, штабтар мен әскерлер жауынгерлік іс-қимылдың неғұрлым тиімді тәсілдерін үйренеді.

– Құрлық әскерлерінің қазіргі құрамы туралы айтып берсеңіз?

– Қарулы күштер құрамындағы басқа да әскер тектерінің заман ағымына сай дамып жатқанына қарамастан, Құрлық әскерлері қай кезде де алдыңғы қатарлы құрылым болып саналады және әлемнің барлық армиясының негізін құрайды. Қазіргі уақытта Құрлық әскерлері бас қол­бас­шысы басқармасының құрамында он екі бас басқарма мен жеті басқарма, төрт бөлім мен екі қызмет бар. Сондай-ақ ұйым­дастырушылық тұрғыдан «Астана», «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстік» өңір­лік қол­­басшылықтары, одан өзге тыл­дық және техникалық қамтамасыз ету құра­малары мен бөлімдері, Сағадат Нұр­­мағамбетов атындағы Құрлық әскер­­лерінің әскери институты, Шо­қан Уәлиха­нов атындағы Қорғаныс ми­нистр­лігінің әскери колледжі жұмыс істейді.

сми

– Кез келген уақытта сырттан тө­нуі мүмкін қатерлерге қарсы Құрлық әскер­лерінің бүгінгі дайындығы қалай?

– Ел Президенті мен мемлекетіміздің қорғаныс саласына жауапты барлық мекеменің қамқорлығы арқасында Құр­лық әскерлерінің әлеуеті ықтимал қауіп-қатерлерге дер кезінде ден қоюға, шабуылдың бетін қайтаруға да­йын. Кейінгі жылдарда болып жатқан соғыс қимылдары әуе және ғарыштық шабуыл техникаларының рөлi артқанына қарамастан, қару-жарақтың соңғы үлгілерімен жарақтандырылған Құрлық әскерлерiнiң өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан оның әзірлігіне әрдайым көп көңіл бөлінеді. Бұл тек теориялық сабақтар емес, ұзақ уақытқа созылатын оқу-жаттығуларды да қамтиды. Біз көп бағыт бойынша жауынгерлік даяр­лық бағдарламаларын іске асырамыз.

Кез келген істің сәтті орындалуы бі­лік­ті маманға байланысты. Сондықтан Құр­лық әскерлерінің оқу-жаттығу ор­та­­лық­тарында мамандар даярлау ұдайы жүр­гізіліп келеді. Заманауи тех­но­­логия­ларды пайдалана отырып, бар­лау құралдарын атыс қару-жарағымен ық­пал­дастыру жүзеге асырылып жатыр. Жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің жаңа әдіс-тәсілдері сынақтан өткізіледі. Құр­лық әскерлеріне арналған мамандар елімізде ғана емес, шетелдік әскери жоғары оқу орындарында да даярланып жатыр. Соның ішінде зымыран әскерлері мен артиллерия мамандарын, барлаушыларды, әуе шабуылына қарсы қорғаныс, инженерлік әскерлер, радиациялық және химиялық қорғаныс мамандарын даяр­лауға ерекше назар аударылады.

– Заманауи қару-жарақ демекші, Құрлық әскерлері әскери техникамен толық жабдықталған ба?

– Қазіргі уақытта Құрлық әскерлері бар­лық қажетті қару-жарақпен, әске­ри техникамен жарақталған. Сонымен қа­тар БТР-82А, «Кобра», «Арлан» бронды дөңгелекті машиналары сияқты заманауи техника үлгілерімен жоспарлы түрде кешенді қайта жарақтандыру жал­ғасып жатыр. Бөлімшелер артилле­рия­лық барлау құралдарымен, Т-72 танк­терімен, әуе шабуылына қарсы қор­ғанысты басқару­дың жылжымалы пункт­терімен, өздігімен қозғалатын ке­шен­дермен қамтамасыз етілу үстінде. Нарық мониторингi және техникалық жарақ­тандырудың баламалы жолдарын iздеу жө­нiндегi жұмыстар тұрақты негiзде жүр­гiзiліп келеді.

Жалпы алғанда, Құрлық әскерлерінің бүгінгі әлеуеті еліміздің аумақтық тұтас­ты­ғы мен егемендігін қорғау, мемлекеттік және әскери нысандарды күзету, заңсыз қарулы топтармен күрес бойынша қойыл­ған міндеттерді шешуге, сондай-ақ еліміз ратификациялаған халықаралық шарт­тарға сәйкес міндеттерді орындауға толық қабілетті.

– Далалық оқу-жаттығу сарбаз ака­демиясы екені белгілі. Құрлық әскер­лерінің жеке құрамы қатысатын оқу-жаттығулар мен іс-шаралар, олардың нәтижелері туралы не айтар едіңіз?

– Кейінгі бірнеше жылда Құрлық әскер­леріндегі жауынгерлік даярлық­тың қарқыны бірнеше есе артты. Құрама­лары­мыз бен бөлімдеріміз әртүрлі оқу-жаттығуға, оның ішінде халықаралық ауқымдағы жиындарға үнемі қатысып, өздерінің тәжірибе жүзіндегі дағдылары мен далалық дағдыларын жетілдіріп ке­леді. Атап айтқанда, республикалық «Шы­ғыс», «Батыл-Тойтарыс», «Айбалта», «Көк­жал», халықаралық «Өзара іс-қи­мыл», «Мызғымас бауырластық», «Бейбіт миссия», «Іздестіру», «Қазинд» секілді оқу-жаттығулардың тұрақты қатысу­шы­сы­мыз.

Сонымен қатар Құрлық әскерлерінің жауынгерлері ел аумағында да, одан тыс жерде де Армия халықаралық ойын­дары­ның түрлі сындарында бақ сынап келеді. Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының қатысуымен Отан қор­ғау­шы күнінде, 9 мамыр­ ме­рекесіне арналған шерулерде әскер қатарынан көрінді. Ал биыл «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Пәкістан Ислам Республикасында өткен халықаралық жарыстың жеңімпазы атанып, жауынгерлік дайындығының жоғары екенін көрсетті.

Барлық өткізілген іс-шара дала­лық дағдылардың деңгейін арт­ты­руға, жауынгерлік техникалар коман­дир­лері­нің жоғары кәсіби білім мен білікке ие болуына, олардың командирлік қа­сиеттерін, қойылған міндеттерді орындау кезінде бөлімшені басқару дағдыларын дамытуға, жеке құрамның психологиялық тұрақтылығын, батылдығы мен физи­калық төзімділігін қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай іс-шаралар жалпы әскери қызметтің беделін арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.

– Күні кеше Құрлық әскерлерінің құрылғанына 31 жыл толды. Осы орайда қарулас әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?

– Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының офицерлері мен сержанттары күнделікті еңбегінің, үйлесімді іс-әрекетінің, кәсіби шеберлігінің арқасында Қорғаныс министрлігінің басшылығы алға қойған барлық міндетті жедел орындап келеді. Алдағы уақытта да дәл осы бағыттан таймаймыз. Өйткені Отан қорғау қызметі – бір сәт те қалғуға мұрсат бермейтін міндет. Құрлық әскерлері қолбасшылығының және өзімнің атымнан бүкіл жеке құрамды, әскери қызметшілер мен ардагерлерді Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының құрылған күнімен, алда келе жатқан Отан қор­ғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отанымыз – Қазақстан Республикасының гүлденуі жолындағы еңбектеріне табыс тілеймін!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»