Айбын • 23 Сәуір, 2024

Ардагер десантшылар өнегесі

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірдің әуе-десанттық әскерлерінің ардагерлері су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілетін жерде әскери қызметшілерді қолдауға келді.

Ардагер десантшылар өнегесі

Десантшы десантшыны пана тұтады. Бұл қағида қашанда көк берет пен ала кеудеше киген «қанатты жаяу әскерлердің» жауынгерлерін бірік­тіріп келеді. Ардагерлер аймаққа өз­дері қызмет еткен әскер түрінің жауын­герлері келгенін естігенде, қол­дау көрсетуге асықты.

– Бұл біздің 37-десанттық-шабуыл­дау бригадасының жауынгерлерімен алғашқы кездесуіміз емес. Мұнда біз қазанымызды ала келдік. Бәйтерек ауданында олар жұмыс істеп жатқан жерде палау әзірледік. Ал бүгін жауынгерлік рухын көтеру үшін шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, – деді ардагерлер ұйымының төрағасы Мәрлен Иманғалиев.

Псков 76-әуе-десанттық дивизиясында қызмет еткен Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Марат Сарбөпеев пен Александр Суха­рев орындаған «Жан досым», «Батальон барлауы», «Десант» әскери-патриоттық әндері және десантшылардың әнұраны іспетті боп кеткен «Синева» әні ерекше қошеметпен тыңдалды.

– Біз Оралға көмекке келген Алматы мен Талдықорғанның жігіттеріне өте ризамыз. Мұндағылар бір адам бір қапты көтереді, ал десантшы бірден үш қап көтере алады дейді. Бір күндік жұмысты олар бір-екі сағатта орындайды, сол үшін оларға үлкен рахмет, – деді Германияның Котбус қаласындағы 35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасында қызмет еткен ардагер Әлібек Сүндетбаев.

Кездесу соңында ардагерлер әскери қызметшілерге генерал-майор Иван Панфилов атындағы 37-десанттық-шабуылдау бригадасының мұражайы­на берілетін әуе-десанттық әскерлердің туын сыйға тартты.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 300-ден аса әскери қызметшісі Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Теректі, Бәй­терек аудандарында өзен жағалау­ларын нығайту және бөгеттер салу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

 

Батыс Қазақстан облысы