Аймақтар • 24 Сәуір, 2024

Ахуал тұрақталды

91 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Есілдің бойындағы бірнеше елді мекенге қойылған гидробекеттер тасқынның екінші толқыны келіп, тағы да су алады деген алыпқашпа хабарларды жоққа шығарды. Өзеннің ашуы басылып, арыны қайтқан сияқты.

Ахуал тұрақталды

Шығындар есептеліп жатыр

22 сәуірдің кешіндегі хабарға қарағанда Тоқсан би ауылының тұсын­дағы деңгей – 39 см-ге, Кре­щен­ка ауылындағы деңгей – 20 см-ге, Сергеевка қаласындағы деңгей 7 см-ге түсті. Сол сияқты Бабықбұрлық, Аққанбұрлық, Иманбұрлық сияқты Есілдің сала­ла­рындағы су деңгейі де 5-16 см аралығында түскен.

Петропавл қаласының өзінде су басқан шағын аудандардағы тасқынның зардабын жою жұ­мыс­та­ры жүргізіліп жатыр. Мәселен, Ойқала шағын ауданына жылжымалы сорғы стансасы орнатылып, тұрғын үйлердің маңындағы суды далаға айдау жұмыстары басталды. Бұл жұмыс­тарды жүзге жуық механи­ка­лан­ды­рылған бригадалар жүр­гіз­еді.

Қала іргесіндегі Бескөл ауылында тұрғындардың шығынын есептеу жұмыстары да басталып кетті. Ауылдың Есіл өзеніне жақын қоныстанған үйлерін су басқан еді. Соның бірі Светлана Барановскаяның үйі екен. Айтуына қарағанда, 11 жыл тұрған үйіне был­тыр ғана жөндеу жасапты.

«Біз шығынды анықтаушыға үйдің барлық жағдайын, соның ішінде судан іріген тұсқағаздарды, жиһаз­дарды, дивандарды, асүй жиһаздарын, еденді – бәрін көр­сеттік. Ол бәрін тізіп, фотоға тү­сіріп, жазып алды. Үй мүлік­те­­рінің ішінен біз тоңазыт­қы­шы­мызды ғана жоғарыға шыға­рып, құтқарып үлгергенбіз. Қалған дүние­нің бәрі суда қалған еді», дейді ол.

Әзірге үйлердің шығынын анықтап жүрген бағалаушы Мидхат Фасхутдинов қана. Бес­көлде барлығы 200-дей үйге су кірген. Сондықтан бағалаушының жұмысы ұшан-теңіз екені көрініп тұр.

«Алдымен үйдің өзіне қанша­лықты шығын келгенін баға­лай­мыз. Сондай-ақ жасалған жөндеу жұмыстарының қашан бол­ғаны, басқа да жылжымайтын мүлік­тер­дің шығыны анықталады. Бүлінген мүліктер тізімін жазған актімізге үй иесі келісімін беріп қол қояды. Ал тұрмыстық техни­ка­ның қаншалықты жарамды немесе бүлінгенін арнаулы маман бағалайды», деді ол.

Осы ауданның тұрғын-үй ком­муналдық шаруашылығы бөлі­мінің бас маманы Жәнібек Қойшыбаев бағалаушының жұмы­сы оңай емес екенін жеткізді. «Ол әлі Семипалат, Боголюбов, Надежка ауылдарының үйлерін де аралап, бүлінген мүліктерін тізімдейді», деді ол.

Тасқыннан зардап шеккендерге көмектесетін қоғамдық штаб­тың да жұмысы қауырт. Оның қыз­мет­кер­лері эвакуациялық бе­кеттер ашылғаннан бері тұр­ғындарға түрлі түсіндірме жұ­мыстарын, психологиялық тұр­ғыдан тыныштандыру әрекет­терін жасап жүр. Штаб басшысы Айгүл Мұратова: «Қазір қызметкерлеріміз өтемақы құ­жат­тарын дайындауға көмек­те­сіп жатыр. Екінші дең­гей­де­гі банк­термен зардап шегушілер үшін банкке бармай-ақ бекеттің өзінде жатып есепшоттар ашуға келісім жасалды. Сосын зардап шегушінің құжаттары жұмыспен қамту орта­лығына жеткізіледі», дейді. Осы штабтың қызметкерлері қайы­рым­дылық көмектерді бөле­тін бекет­тердің жұмыстарын да үй­лес­тіреді екен.

 

Көмек қолын созғандар көп

Қызылжардың қызмет көрсету орындарының бәрі де зардап шегушілерге қолдан келетін көме­гін ұсынып жатыр. Мәселен, кейбір шаштараздар дүйсенбі күні М.Жұмабаев көшесіндегі эвакуациялық бекетке барып, шашы мен сақалы өсіп кеткен жандарға тегін қызмет көрсетті. Мұндай бастаманы алғашқы болып көтерген – қол астында 14 шаш­тараз қызмет ететін барбершоп директоры Татьяна Каблукова.

«Бізге жатақханаға орналасқан зар­дап шегушілердің шашын алып беру ұсынылды. Оларға барып, тегін қызмет көрсеттік. Сондай-ақ адам көп екенін айтып, инстаграмға пост жазған едік, басқа шаштараздар да біздің бастамамызды қолдады», дейді ол.

Шаштараздардың тегін қыз­ме­тін көрген тұрғындардың бірі – Ақмарал Рүстемова. Оларды Заречный кентінен 9 сәуірде эвакуа­циялапты. «Жұрттың бәрі қолы­нан келген көмегін жасап жатыр. Қайырымдылық пакеттерін әкеліп, түрлі заттар, азық-түлік жеткізіп, волонтерлер тыным алмайды. Бүгін, міне, шаштараздар да келіп, шашымызды тегін алып берді. Бәріне рахметімді айтамын», деді ол.

Тасқыннан зардап шеккендерге тіпті қаланы жылумен, электр жарығымен қамтамасыз ететін «Севказэнергосбыт» ЖШС да жеңілдік беріп жатыр. Кәсіпорын эвакуацияға шығарылған сәтінен бастап зардап шегуші үйлердің қожайындары электр энергия­сы мен жылу үшін төленетін шығындардан босатылатынын жариялады. Тұрғын үй мәселелері шешілгенше тіпті бұрынғы есептелген ақшаны төлемегені үшін берілетін айыппұл санкциялары мен өсімнен де босатылады делінген кәсіпорынның хабарламасында. Бұл үшін зардап шегушілер М.Жұмабаев көшесіндегі 66 үйде ұйымдастырылған арнаулы орынға барып, құжаттарын көрсетуі керек екен. Аудандардағы су басқан ауылдардың тұрғындары жеңілдік алу үшін кәсіпорынның аудандық учаскелеріне қайырылу керек.

Жол жөндеушілер су тартылып, жөндеуге мүмкіндік туған жол учаскелерін іске қосып жатыр. Республикалық маңызы бар «Жезқазған-Петропавл» жолының 250 метрі шайылып кеткен еді. Қазір осы жол жөнделуде. Алдағы уақытта болатын тасқынға төтеп беру үшін жолдың астына 3 темір-бетон құбыры орнатылып жатыр. Бұл құбырлар суды жолдың бетіне шығармай, қарсы жаққа ағызып жіберер деген үміт бар. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Қазавтожол» филиалы директорының орынбасары Қанат Өсербаев осы жұмысқа 4 аударатын машина, 1 тиегіш және 2 экскаватор тартылғанын айтты. «Жөндеу жұмыстарын осы аптаның аяғына дейін аяқтауға тиіспіз», деді ол.

Өткен жолы дөңде орналасқан Прибрежный ауылын су баспа­ғанын, алайда оның аралда қал­ғанын жазған едік. Енді осы ауылға әскери инженерлер понтонды өткел салып жатыр. Бұл – әскери қару-жарақтарды өзеннің бір жа­ғы­нан екінші жағына өткізе алатын понтондар. Осы өткелмен аралдағы ауылға азық-түлік, жем-шөп, техникалар жеткізіледі.

Біздің адамдар осылай табиғат апатымен алысып жатқанда Петро­павл­ға франциялық велосая­хатшы да жетіпті. Ол Мәскеу қала­сы­нан шығып, Ресейдің Мага­дан қала­сы­на дейін баруға бел байлаған екен. ТЖД қызметкерлері оны аман-есен өзеннің тыныш жағына шы­ға­рып салды. 40 жастағы саяхатшы Магаданда қалған атасының ізін көрмек көрінеді.

Қазір Қызылжарға ағылған қайы­рымдылық керуендері толас­тамай тұр. Екі күн бұрын Ас­танадан «Сауап» қоғамдық қоры­ның атынан жүк машинасы толы көмек жеткізілді. Оның ішінде ауызсу, азық-түлік, қажетті құрал-саймандар бар. Қонаев қала­­сының инженерлік-саперлік бри­га­дасының қызметкерлері де ақша жинап, көмек заттарын жет­кізді. Олардың көмегі аралда қалған Прибрежный ауылының тұрғындарына жоғарыда айтылған пантонды өткелмен жеткізілді.

Жасылдар партиясы делінетін «Байтақ» та өз көмегін көрсетіп жатыр. Олар зардап шеккен өңірлерге 90 млн теңгенің жүгін артқан фуралар аттандырыпты. Бізге келген жүктің арасында генераторлар, тоңазытқыштар, микротолқынды пештер, балаларға арналған киім­дер бар. Тіпті суға киетін гидрокостюмдер мен резеңке етіктер де жүр. Қарсы алушылардың айтуы­на қа­рағанда, 60 түрлі заттар бар екен.

Облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалының мүше­ле­рі де қарап қалған жоқ. Олар ҚХА-ның «Жүректен жүрекке» жобасының аясында әрекет етіп, кейбір этнос өкілдері өздерінің тарихи отандарынан көмек ұйым­дас­тыруды қолға алып отыр. 20 тонналық сондай бір көмек Ресейдің Ингуш республикасынан жетті. Оны ұйымдастырған облыстағы Чешен-Ингуш мәдени орталығының төрағасы Сұлтан Гадзиев пен ҚХА жанындағы кәсіпкерлер ассоциациясының Маңғыстаудағы филиалының директоры Жанболат Тангиев екен. «Жүк аман жетер ме екен, шекарадан өту қиын болмай ма немесе шайылған жол бір форс-мажорлық жағдай туғызбас па екен деп біраз алаңдадық. Құдайға шүкір, бәрі сәтті болды», деді С.Гадзиев.

 

Солтүстік Қазақстан облысы