Аймақтар • 24 Сәуір, 2024

Төрт түлік қауіпсіз өріске шығарылды

167 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында Жайық өзенінің жайылмасына су шыға бастады. Мәселен, кеше Махамбет ауданындағы 17 учаскеге қарғын судың жайылғаны тіркелді.

Төрт түлік қауіпсіз өріске шығарылды

Алайда Махамбет ауданы әкімдігінің мәліметінше, жыл сайын Жайық өзенінің жайылмасына 9 мамырдан бұрын су шықпайтын еді. Биыл қарғын су әдеттегіден екі апта бұрын келді. Қазір Жайық өзенінен Төлеп-Қарасу, Қоржын, Алмағамбет, Өлішығанақ, Гагушкин, Қызылжар, 8-ауыл, 9-ауыл, 12-ауыл, 13-ауыл, 15-ауыл, Петрушкин, Қарашығанақ, Кішіқарашығанақ, Бақсай, Глухой және Сборный жайылмасына қарғын су жайылды. Осыған байланысты, қауіпсіз аумақтардың маршруты мен картасы әзірленгенін Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаев атап өтті. Бұл ретте ауылдық округ әкімдері, аудандық жер қатынастары бөлімі және ауыл ақсақалдарының кеңесі ескерілген.

«Қазір бұл ауданда 50 мыңға жуық мал бар. Жеке иеліктегі малды шығару үшін 17 қауіпсіз аумақ белгіленді. Қауіпті аумақтарда көктемгі егіс жұмыстарымен айналысатын 46 шаруа қожалығының басшыларына алдын ала ескертілді. Қауіпсіз аумақтарға 4 мыңнан астам мал айдалды», дейді О.Мырзабаев.

Индер ауданында да жеке иеліктегі төрт түлікті қауіпсіз аумаққа көшіру жалғасып жатыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Абай Әбдіровтің дерегіне сүйенсек, бұл жұмысты ауылдық округтер әкімдігінің мамандары үйлестіріп отыр. Осы кезге дейін арнайы белгіленген қауіпсіз орындарға 5 мыңнан аса қой-ешкі, 1 700 ірі қара шығарылды.

 

Атырау облысы