Саясат • 24 Сәуір, 2024

Кэмерон сапарынан не күтеміз?

103 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанаға Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Сыртқы істер, Достастық және халықаралық даму министрі Дэвид Кэмерон ресми сапармен келеді. Д.Кэмерон алдымен Премьер-министрдің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөздер өткізеді, одан кейін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі деп жоспарланып отыр.

Кэмерон сапарынан не күтеміз?

Фото: facebook.com/DavidCameronOfficial

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрінің сапары аясында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық сала­лардағы екіжақты ынты­мақтастық мәселелері бо­йынша келіссөздер жүргізіліп, сондай-ақ аймақтық, әсіресе Орталық Азиядағы өзекті өңірлік және халықаралық тақырыптар талқыланады деп жоспарланған. Сапар қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылмақ.

Жалпы бес күнде Орталық Азияның 5 мемлекеті мен Моңғолияға баруды көздеп, Тұманды Альбионнан шығысты бетке алған британдық саясаткер Қазақстанға келгенге дейін сапарын Тәжікстаннан бастап, кеше Қырғыз және Өзбекстан Республикаларында жалғастырды.

Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Душанбеде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновпен кездессе, кеше Қырғыз елінің басшысы Садыр Жапаровпен және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен жолықты.

«The Independent» басылымы хабарлағандай, кездесулерде британиялық дипломат әлемдік тұрақтылық, экономика және білім беру бағыттарына айрықша басымдық беріп отыр. Жасалған келіссөздер де, талқыланған тақырыптар да осы үш негізгі сала төңірегінде өрбіп келеді.

Тәжікстандағы сапары барысында Біріккен Корольдіктің бұрынғы премьер-министрі қазіргі таңда көптеген ел жалғыз өзі еңсере алмайтын қиындықтарға тап болып жатқанын атап өтті. Сондықтан Дэвид Кэмеронның Орталық Азияға сапарының астарында өңірдегі елдермен арадағы әріптестікті жетілдіріп, жаңа белеске шығару жатыр деп топшылауға болады.

Өйткені Британия Пар­ламентіндегі Сыртқы істер жөніндегі комитеттің «Жол қиылысындағы елдер: Ұлы­британияның Орталық Азия­дағы өзара әрекеттестігі» баян­дамасында осы жағдайлар ашық айтылған. Яғни баяндамада депутаттар Ұлыбритания Үкіметіне Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті «олардың тәуелс­іздігін ықпалды көрші­лерінен қорғау» бағытында өрбітуді және сауда-саттық, адам құқығы, мәдени байланыс, баламалы қуат көздері өндірісін ілгерілете түсуді ұсынып отыр.

Расында Біріккен Король­дік Орталық Азия елдерін «қамқорлыққа» алуға шындап бекінген сияқты. Келіссөз­дердегі Д.Кэмеронның сөз­дері­нің астарына үңілсек, егемен­дік пен аумақтық тұтас­тық сынды қағидаттарға қауіп төн­дір­мейтіндей тығыз әріптес­тік орнатуды ұсынады. Осы мақсатта ресми Лондон 50 миллион фундстерлинг бөлгелі отыр. Сондай-ақ саясаткердің сапары барысында санкция мәселесі де қозғалмақ. Оның айтуынша, Орта Азия аумағы санкцияны бұзушылар айналып өтетін «төте жол» болмауы керек.

Кездесу тақырыптары арасында қауіпсіздік мәселелері де бар. Д.Кэмеронның айтуынша, ресми Лондон Ресейдегі лаңкестік әрекетті қатаң айыптайды. Сондықтан кездесулерде өңір халқының қауіпсіз­дігі тұрғысында да мәселелер қозғалмақ.

Д.Кэмеронның Қазақстанға сапарына келетін болсақ, біздің елде де экономикалық байланыстар, денсаулық, білім салаларын және ғаламдық тұрақ­тылықты дамыту мәселелері жан-жақты талқыланбақ. Шағын және орта бизнес үшін Орталық Азиядағы алғашқы тікелей инвестициялық қор (венчурлық капитал) құратыны да белгілі болды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, білім саласының өзінде кемінде 3 келісімге қол қойылмақ. Солардың бірі – Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту курсы­ның ашылуы, университеттер арасындағы әріптестік келіссөздерін жүргізу. Бұған қоса Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы да қызу талқыланбақ. Қазір қос ел арасындағы тауар айналымы жылына 1,2 млрд долларды құрап отыр. Бұрын біздің елге Ресей арқылы келіп отырған Ұлыбритания және еуропалық тауарлар бүгінде Қазақстанға тікелей жеткізіліп, біз арқылы Ресейге реэкспорт түрінде жөнелтіліп жатыр. Екіжақты кездесу аясында осы мәселелер де жіті қамтылып, еліміз санкциялық шараларға ұрынып қалмау жағы қарастырылмақ.