07 Қаңтар, 2015

Тәуелсіз және әділетті сот

933 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

ӘДІЛЕТ

Халқы заңын сыйлайтын,

сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

1Коллегия (2)-1

Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы Сәкен АБДУЛЛАЕВПЕН әңгіме

– Сәкен Жүсіпахметұлы, Мем­лекет басшысы судьялардың VІ съезін­де: «... Сот жүйесін жетіл­діру­­ді жалғастыра беруіміз қажет. Егер де біз реформа жасағанда эко­­но­микада, саясатта сот жү­йе­сін, жалпы құқық қорғау жү­йе­­сін түземесек, көздеген мақ­са­ты­­­мызға жете алмаймыз» деген бо­л­а­­тын. Бүгінгі күні Елбасы межелеген міндеттердің орындалу барысы қай дәрежеде? – Еліміздің мемлекет болып қа­­лып­­­тасып, өркендеуіне, эконо­ми­ка­сының қарыштап дамуына, Ел­басы ме­желегендей, дүниежүзін­дегі ең да­мыған 30 елдің қатарына қо­сы­луына сот жүйесінің қосар үлесі зор. Судьялардың VІ съезінде Прези­дент қазақстандық Фемиданың экономикада алдағы кезеңде болатын үл­кен өзгерістерге дайын болуы ке­рек­тігін алға тартты. Бұл дегеніңіз, сот жүйесінің алдына уақыттың кез келген сын-қатерінен биікте болу міндетін жүктеу деген сөз. Бүгінде еліміздің сот жүйесі мем­лекеттік биліктің пәрменді тармағы болып табылады. Ол үздіксіз даму үс­тінде. Мемлекет басшысы Нұр­сұл­­тан Назарбаевтың қолдауы ар­қа­­сында Жоғарғы Сот Төрағасы Қай­­рат Мәмидің басшылығымен хал­­­қы заңын сыйлайтын, соты­на се­нетін жүйе қалыптасып келе­ді. Ел­ба­сының тікелей тапсырма­сымен сот жүйесінің алдына бір­­қатар мін­деттер жүктелді. Мемле­кеті­міз­дің даму жолының, өзге елдермен эко­номикалық, құқықтық және бас­қа­дай тығыз байланысқа шығуы қол­даныстағы заңдарымыздың ре­фор­малануын талап етті. Сөйтіп үс­ті­­міздегі жылы жаңа қылмыстық, аза­маттық, әкімшілік заңнамалар қабылданды. – Сөз реті келгенде әскери сот­тың құрылуы және құрылымы жөнінде айта кетсеңіз... – Қазақстан Республикасы Әс­кери сотының тарихы мемлекеті­міздің ұлттық тәуелсіз сот жүйе­сінің қалыптасуымен тығыз байланысты. Әскери соттардың тарихы 1992 жылы ҚазКСР айма­ғындағы әс­кери трибуналдар Қазақстан Рес­­публикасының құзырына өт­кен­нен бастап бастау алады. Жаңа­дан құрылған әскери соттарда судья­лар­дың саны аз болуына байланыс­ты Президенттің 1992 жылғы 11 мау­­сымдағы «Әскери соттар мен әс­­кери прокуратура бөлімдері ту­­ра­лы» қаулысына сәйкес әскери сот­­тар­да әскери міндетін атқару үшін жоғарғы заң білімі бар 45 маман ша­қырылды. 1993-1994 жылдар ара­лығында республикамызда Жо­ғар­ғы Кеңестің қаулысымен гар­ни­зон­дардың әскери соттары құрылды. Әскери соттардың құрылымы бас­қа соттардың құрылымынан еш­­­қандай айырмашылығы жоқ. Қазақ­стан Республикасының Әске­ри соты облыстық соттардың мәрте­бе­сіне теңестірілген, құрамына апеллея­­циялық және кассациялық сот ал­қалары кіреді. Республикадағы он гар­низонның әскери соттары қалалық және аудандық соттардың дәрежесіне теңестірілген. Қазақстан Республикасы Әскери со­ты­ның судьялары – Үкіметтің, Жо­­ғары Сот Төрағасының, ҚР Судья­­­­­лар одағының құрмет белг­іле­рі­­мен марапатталған сот жүйесі­нің белгілі мамандары. Қа­зақ­стан Республикасының Әс­ке­ри соты, қылмыстық істер жөнін­­дегі ма­­ман­дандырылған ауданара­лық әс­­ке­ри сотымен бірге елордаға көшірілді. – Жасыратыны жоқ, қор­ға­ныс саласындағы корруп­ция­лық қыл­мыс туралы алып­қашты әң­гіме­лер өрбіп тұр. Осы саладағы сы­­бай­лас жем­қорлыққа қарсы қан­­дай шаралар атқарылып жатыр? – Өткен жылдың 6 наурызында Қарулы Күштердің Бас қол­ба­с­­шысы, Қазақстан Республи­ка­­сы­­ның Президенті Н.Ә.На­зар­баевтың төрағалық етуі­мен жедел-стратегиялық мәжіліс өт­кізіліп, Қару­лы Күштердің дамуы­мен бір­ге сот және құқық қорғау ор­ган­дары­­ның бірлесіп әскер ішін­дегі жем­қор­лыққа қарсы күресу, заң­ды­лық­ты қамтамасыз ету, әскери қыз­мет­кер­лердің беде­лін көтеру мәсе­ле­лері сараланып, нақты іс-шаралар белгіленді. Бұқаралық ақпарат құрал­дарын­да жарияланған ірі мөлшер­дегі пара алу фактілеріне байланысты қоғамда Қарулы Күштер туралы теріс пікір пайда болғанына қарамастан әскер қатарында жемқорлық жағдайы өршіп тұрған жоқ деп айтуға сот статистикасын талдау негіз бола алады. Жем­қорлық сияқты қоғамдық дерт мемлекетіміздің басқа да салаларында кездеседі. Негізінен сыбай­лас жемқорлық Қарулы Күш­тері­міздің мемлекеттік сатып алу жүйесінде кездесетінін атап өту қажет деп санаймыз. Сондықтан, ҚР Әскери соты «Мемлекеттік са­тып алу» Заңына Қорғаныс ми­нистрлігін ұйымдастырушы дең­гейінен алып, оны тек тапсырыс беруші, бақылаушы мекеме ретінде қалдырып, министрліктің ішінен ішкі қауіпсіздік қызметін құру туралы ұсыныс енгіздік. – Әскери соттың төрағасы ретін­­де, өзіңіз басқарған салада ең көкей­­кесті мәселе неде деп ойлайсыз? – 1998 жылдан бастап азаматтар мен әскери қызметшілердің әскери соттарға өздерінің құқығын қорғау үшін жүгінуі артты. 8 мыңнан астам әскери қызметшілер Қазақстан Республикасы Прези­дентінің 1997 жылғы 1 сәуірдегі «Мемлекеттік бюджеттен қаржы­ландыратын қыз­меткерлерді қар­жыландырудың бірыңғай жүйесі туралы» өкіміне сәйкес сыйақы­ларын төлеп беруге талап-арыз беріп, барлық талаптары қанағаттандырылды. Ерекше айта кететін жайт, әскери қызметтен босаған әскери қызметшілерді үй­мен қам­тамасыз ету мәселесі көкей­кесті болып отыр. Әскери қызмет­шілерді тұрғын үймен қам­тамасыз етуде Қа­зақстан Рес­пуб­ликасының Әс­кери соты әскери және тұрғын үй заң­нама­лары мен Конституциясын басшылыққа ала отырып, бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастырды. – Қай салада болмасын ең бас­­ты­сы жұмыстың сапасын артты­руға көңіл бөлінеді. Осы мақсатта сіз басқарған ұжымда қандай жұмыстар жасалып жатыр. – Қазіргі таңда еліміздің сот жүйесін жетілдіру үрдісі жаңа пәр­мен­мен жүргізілуде. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өз­геріс енгізіліп, судьялардың әлеу­мет­тік мәртебесін көтеру, судья лауа­зымына үміткерлерді конкурс­тан іріктеп өткізу шаралары же­тіл­дірілді. Судьялардың VI съезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев судья­лардың кәсіби біліктілігіне үлкен мән беру керектігіне ерекше тоқталды. Судья өзінің жұмысына үлкен жауап­кер­шілікпен қарауы керек, тіпті кішкентай қатенің зардабы үлкен болуы мүмкін. Сот жүйесіне халықтың сенімін арттыру мақсатында заманауи жаңа құрал­дарды енгізу, сот залдарын аудио-бейнеқұрылғыларымен жаб­­дық­­тау және тағы да басқа жа­ңа­­­лық­­тарды енгізу арқылы іске асы­ру сот процесіне қатысушы­лар­­­дың тәртібін шыңдап, негізсіз арыз-шағымдардың азаятынына се­нім­­­­діміз. Заманауи ақпараттық құ­рал­­­­дар­д­ың дамуы судьялар жұмы­сы­­­­ның жеңілдеуіне көп септігін тигізуде. – Сәкен Жүсіпахметұлы, сөз со­ңын­да өзіңізді толғандырып жүр­ген мәселе туралы айтып өтсеңіз... – Болашақта әскери соттарға тек әскери қызметкерлерге ғана қатысты емес, сонымен қатар «Құ­қық қорғау органдары туралы» Заңын­да көрсетілген басқа да арнайы мемлекеттік қызметкерлердің де қылмыстық істері қаралса дұрыс болар еді. Себебі, олар мемлекеттік құпияларға қатысты мәселелермен шұғылданады, мемлекеттің мүддесі ескерілетін мәселелерге қатысы бар. Әрі жалпы соттардың іс қараудағы үлес салмағы да азайған болар еді. Сондай-ақ, бір жағы әскери орган­­дарға қатысы бар, яғни заңды тұлға­лар арасындағы азаматтық және осын­дай әкімшілік істердің де әскери сотқа берілгені орынды болар еді. Сөз реті келгенде айтып өткім келетін тағы бір мәселе, сот саласы алдындағы атқарылса екен дейтін бір шаруа еді. Бүгінгі күні бір об­лыстық сотта апелляция және кассация деп аталатын екі саты бар. Менің ойым, облыстық сот апелля­ция соты болып қалса, ал касса­ция­лық саты еліміздің 5-6 аймақтық соты болып құрылса деймін. Және ол ешқандай қосымша бюджеттік қаражатты, немесе судьяның санын көбейтуді қажет етпейді. Елбасының «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» Жолдауына сәйкес, әрбір адам өзін еркін, құ­қығы қорғалған, тәуелсіз өмір сүре­тін қоғамды қалыптастыру үшін еңбек етуіміз керек.

Заңдылықты нығайту – абыройлы міндет

AC36~1Мұхамеджан ПАҚІРДИНОВ, Алматы гарнизоны әскери сотының төрағасы. Мемлекет басшысы сот жүйесінің идео­логиясын өзгертуге алғашқы күн­дер­ден-ақ айрықша назар аударды. Ол соттарды бірыңғай жаза­лау бағытымен кетуден сақтан­дырып, керісінше, оны кез келген аза­маттың өз мүдделері мен өз құ­­қығын қорғайтын орынға айнал­дыру арқылы беделін көтеруді тап­сырды. Сот жүйесінің бүгінгі ат­қаратын қызметі мен рөлінің қан­дай болу керектігі Елбасының судья­­лардың кезекті VІ съезінде сөй­ле­ген сөзіндегі: «ХХI ғасырдағы ұлт­тың дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төре­лігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Он­сыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті ең дамыған мемлекеттерде қолайлы ин­вес­тициялық ахуалдың да, аза­маттардың әл-ауқатының жоғары дең­гейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес», деген тұжырымынан да анық көрінеді. Сондықтан да сот процестеріне сот тал­­қылау хаттамасының сапасы мен толықт­ығын қамтамасыз етіп, бекі­­тетін, сондай-ақ сот төрелі­гін бел­­гілі бір арақашықтық режі­мімен бас­қарудың тиімді тетігі ретін­де элек­т­ронды жүйені енгізу тап­сырыл­ған болатын. Бүгінгі күні Мем­ле­кет бас­шысының осы тапсырмасын ойдағыдай жүзеге асырудың нәти­жесінде сот мәжілістерінің залдарын техникалық жабдықтармен жарақтандыру сот процестерінің 60-тан астам пайызын қамтиды. Жоғарғы Соттың Төрағасы Қ.Мәми Елбасының сот жү­йе­­сін ны­ғайтуға қатысты өзекті мә­се­ле­лер­дің төркініне тереңінен үңі­ліп, оларды оңтайлы шешуге қатыс­ты пәрменді шаралар қабылдап отырғанын орынды атап өтті. Қазір­гі кезде ел Парламенті сот рефор­­масын одан әрі жалғастыру, судьялардың әлеуметтік-құқықтық мәртебесін нығайту, судьялыққа үміт­керлерді конкурстық іріктеу мәсе­ле­леріне қатысты «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конс­титуциялық Заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізудің жаңа заң жобасын талқылау үстінде. Жоғарғы Сот тарапынан судьялар корпусының ал­дында халықтың сот жүйесіне деген сенімін күшейту арқылы сот беде­лін қалыптастыруға байланыс­ты жауапты да өткір мәселелердің тұр­ғандығы ескеріле отырып, қол­да­ныс­тағы сот жүйесін заман талабына сай жетілдіруге қатысты маңызды шаралар қабылдануда. Таяуда Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми бірқатар шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдігінің басшыларымен өткен кездесу барысын­да отандық сот жүйесінің бүгінгі ахуалы мен оны әрі қарай ре­фор­­малаудың жолдары туралы әңгіме­леді. Шетелдік қонақтарға сот са­ла­сы басшысының келешек­те сот­тағы дауларды қарау­ды шетел­дік инвесторлардың қатысуы­мен өткізілетіндігі туралы жаңалығы қатты ұнады. Дәл осы жерде сот­тарды мамандандыру идеясын алғаш­қы­лардың бірі болып қолдап, оны тәжі­рибеге енгізу жөнінде бастама көтерген адамның бірі Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми екендігін айта кеткен орынды. Еліміздің әскери соттары жер­гілік­ті соттардың біртұтас жүйе­сіне енеді және мамандан­дырылған деп саналады. Әскери соттардың бір ерекшелігі оларда әскери басқарма органдары мен әскери қызметшілерге қатысты қылмыстық және азаматтық істер қаралады. Сот мемлекеттік би­лік­тің бір тармағы ретінде әскери қыз­метшілердің конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды. Алматы гарнизонының әскери соты 1992 жылы құрылды, оған дейін бұл қызметті өткен ғасырдың отызыншы жылдарының аяғынан бастап жасақталған әскери трибунал атқарып келді. Алматы гарнизоны әскери сотының аумағына Қап­шағай, Гвардия әскери гарнизон­дары енеді. Әскери соттың тарихын­да оның бұрынғы төрағалары Ф.Фо­менконың, Ю.Карантаевтың, С.Краснопевцевтің және қазіргі көз­дері тірі, қатардағы ардагерлері З.Әши­тов­тің, Г.Шамшонковтің, С.Голубят­­никовалардың сіңірген еңбек­­тері­нің жарқын іздері сайрап жатыр. Жылдан-жылға әскери сот төре­лігіне жүгіну арқылы өздерінің құқық­тарын қорғайтын азаматтар мен әскери қызметшілердің саны артып келеді. Сотта қаралатын істердің басым бөлігін тұрғын үй және еңбек даулары құрайды. Судьялар істерді қарау барысында ақпараттық технологияның жетістіктерін тиімді пайдаланады. Көптеген қылмыстық және азаматтық істер құқыбұзушылықтың алдын алу мақсатында көшпелі сот мәжілістері арқылы әскери бөлімдердің өздерінде қаралады. Соттар тарапынан Қарулы Күштеріміздегі заңдылық пен құқық тәртібін нығайту мақсатында сот-құқықтық шараларын қолдануға мән беріледі. Әскери қылмыстардың жасалуына ықпалын тигізген жағдайлар мен себептерді шұғыл түзету үшін судьялар әскери бөлімдер мен шекара­лық қызметтің және Қорғаныс ми­нистр­­лігі басшыларының аттары­на жеке қаулылар шығарады. 50-ден астам азаматтық сипаттағы іс Жо­ғарғы Соттың «Сот кабинеті» сайты­ның интернет байланысын пайдалану арқылы қаралады. Күнделікті жұмыс барысында сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күреске және істі қарау барысындағы кемшіліктерге жол бермеуге көңіл аударамыз. Қазы­лары­мыздың дені қызметтік пәтер­лермен қамтамасыз етілген. Соңғы екі жыл көлемінде төрт маманымыз Президенттің Жарлығымен судья болып тағайындалды. Әскери соттардың қызметтерін ұйым­дастыру, біртұтас сот тәжіри­бесін қа­лып­тастыру, тәртіпті нығайту бағы­тын­да Әскери сот пен оның төраға­сы С.Абдуллаевтың тікелей басшы­лық жасауымен көптеген істер атқарылды. Өзге құқық қорғау органдарымен арадағы қарым-қатынасты күшейту, сот қызметін жақсарту мақсатында Әскери сот Қарулы Күштеріміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сот актілерінің орындалуы, сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану сияқты тағы да басқа мәселелер жөнінде дөңгелек үстелдер өткізді. Бүгінгі күні еліміздің әскери сот­тары толық қалыптасты деп нық сеніммен айтуға толық негіз бар. Олардың атқарып отырған жұ­мыстары құқықтық мемлекеттің талап­тарына толығымен жауап береді және әскери қызметшілердің құ­қықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғауға қабілетті. Әскери соттар осындай табысты жұмыстары ар­қы­лы халықтың өз­деріне деген сені­мін нығайтуға тиісті. Өз басым сот жүйесінің Мем­лекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назар­баевтың қол­дауы арқасында сот әділдігі мен қо­ға­мымыздағы тұрақ­тылықты қамта­ма­сыз ете ала­тындығына кәміл сенемін. *Анықтама үшін Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы – Абдуллаев Сәкен Жүсіпахметұлы Қазақстан Республикасы Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы – Нұрбеков Айдын Маратұлы Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы – Мырзабеков Есмахан Ормаханұлы * * * Ақмола гарнизоны әскери сотының төрағасы – Молдабаев Даулет Сарсембайұлы Алматы гарнизоны әскери сотының төрағасы – Пақірдинов Мұхамеджан Ахмедияұлы Ақтау гарнизоны әскери сотының төрағасы – Молышев Мақсат Қыйсамаденұлы Ақтөбе гарнизоны әскери сотының төрағасы – Дәрібаев Баязид Сұлтанғалиұлы Қарағанды гарнизоны әскери сотының төрағасы – Байжанов Қыпшақ Сейдағұлұлы Қостанай гарнизоны әскери сотының төрағасы – Исабеков Айдар Оразанұлы  Талдықорған гарнизоны әскери сотының төрағасы – Байдуақасов Қайыржан Мәлікұлы Өскемен гарнизоны әскери сотының төрағасы – Сарсенбаев Санат Слямжанұлы Семей гарнизоны әскери сотының төрағасы – Жүнісбеков Асқарбек Жүнісбекұлы Шымкент гарнизоны әскери сотының төрағасы – Мынбатыров Ғалымжан Қамбатырұлы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының төрағасы – Ахметжанов Ербол Ұлтайұлы Арнаулы бетті әзірлеген Шарафаддин ӘмірОВ. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.