Ауылда тұру және жұмыс істеу мүмкіндігін ақтау – кешенді тәсілді талап ететін күрделі міндет. Көптеген жас білім алуға, жұмыс істеуге және өмір сүруге қолайлы мүмкіндіктер іздеп ауылдан қалаға ағылады. Сөйтіп, елде әрдайым белсенді жұмыс істей алмайтын егде адамдар қалады. Осы тұста «Дипломмен – ауылға!» жобасы – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы білікті мамандарды ауылдық жерлерге тартудағы алғашқы қадамдардың бірі болды. Бағдарлама жастарға көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға арналған. Ал мамандар ауылда немесе аудан орталығында кемінде үш жыл жұмыс істеуге тиіс. Оқу бітіріп, елде еңбек еткісі келетін түлектер үшін бұл жақсы мүмкіндік болып саналғанымен, тәжірибе 2020 жылдан бастап жоба аясында жеңілдікті кредиттеуді пайдаланған мамандар санының азайып келе жатқанын байқатып отыр.
Экономикалық зерттеулер институтының (ERI) сараптауынша, былтыр олардың саны 30%-ға қысқарған. Бұл ретте 2019 жылдан бастап біржолғы көтерме жәрдемақы сомасының 1,4 есеге, 252 500 теңгеден 345 000 теңгеге дейін, сондай-ақ бюджеттік несиенің ең жоғары сомасының 1,4 есеге, 2023 жылы 3 млн 784,5 мың теңгеден 5 млн 175 мың теңгеге дейін өсуі «Дипломмен – ауылға!» жобасы шеңберінде берілетін әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерінің емес, АЕК мөлшерінің жыл сайын ұлғаюына байланысты болған.
Сол секілді тұрғын үй нарығындағы бағаның жыл сайынғы өсуін ескере отырып, былтыр мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшеріне қатысты кейбір өзгерістер енгізілді. Осы жылдан бастап аудан орталықтарына келген мамандар үшін бюджеттік несие мөлшері 1 500 АЕК-тен 2 500 АЕК-ке дейін немесе 9,2 млн теңгеге дейін, ауылдық елді мекендер үшін кредит сомасынан жылдық 0,01% мөлшерінде сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға 2 000 АЕК-ке (7,3 млн теңге) дейін ұлғайтылды.
«Қалаларда тұрғын үй құнының қымбаттауы және одан әрі өсуі болжанатын жағдайда жеке тұрғын үй сатып алу немесе салу мүмкіндігі дипломы бар мамандарды ауылда тұрақты тұруға және жұмыс істеуге салмақты түрде ынталандыруға тиіс еді», дейді Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Динара Мұқышева.
Оның пікірінше, бюджеттік несие мөлшерін арттыру жеңілдетілген несиелеуді пайдаланғысы келетін мамандар санының қысқаруына тек ішінара ықпал етеді. Мысалы, «Дипломмен – ауылға!» жобасы жөнінен жоғары көрсеткіш байқатып отырған Түркістан облысында бағдарлама бойынша көтерме жәрдемақы алған мамандар санының бюджеттік несие алған мамандар санына арақатынасы 3-тен 1-ге дейін. Яғни облыс ауылдарына бағдарлама бойынша келген әрбір үшінші маман ғана жеңілдікпен несие беру шеңберінде тұрғын үй сатып алды. Осыған ұқсас жағдай жалпы республика бойынша байқалады. Атап айтқанда, кейінгі үш жылда ауылдық елді мекендерге келген мамандар азайып, бағдарлама шеңберінде ұсынылатын екі әлеуметтік қолдау шаралары арасындағы алшақтық арта бастаған.
Сайып келгенде, негізгі мәселе несиенің ұсынылатын мөлшерінің жеткіліксіздігіне ғана емес, сонымен қатар халықтың кредиттелуіне, теріс несие тарихына, жылжымайтын мүлік нарығында жайлы тұрғын үйдің болмауына, халық шығысының артуы жағдайында ауылдық жерлерде жалақының төмендігіне, бағдарлама шеңберінде әлеуметтік қолдау алу мүмкіндіктерінен бейхабар болуға келіп тіреледі. Мәселен, ауылда білім беру саласындағы маманның жалақысы былтыр 240,5 мың теңгені құрады. Республика бойынша жан басына шаққандағы ақшалай шығыстар орта есеппен 260,8 мың теңгені құрайтынын, ал ай сайынғы төлем сомасы «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша ең ұзақ мерзімге ең көп соманы қарыз алу шартымен былтыр шамамен 30 мың теңгені, ал осы жылы 40-50 мың теңге арасындағы соманы құрайтынын назарға алғанда, сала маманының жеңілдікті шарттар бойынша да баспана сатып алуға қаржылық мүмкіндігі шектеулі. Жоба шеңберінде бюджеттік несие алған мамандар санының қысқаруына ауданның көптеген елді мекенінде сатуға арналған, оның ішінде бағдарлама өлшемдеріне сәйкес келетін баспананың болмауы, абаттандырылмаған 70-жылдардағы үйлердің маман қажеттіліктеріне сәйкес келмеуі әсер етеді. Сондай-ақ жас мамандардың жылыстауы мен елден баспана алуға құлықсыздық орталықтандырылған жылумен жабдықтаудың болмауымен байланысты.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, республика бойынша ауылдық жерлердегі тұрғын үйлердің жалпы ауданының 1 шаршы метрін салуға жұмсалған орташа нақты шығындар 127,4 мың теңгені құрады. Алайда бірқатар өңірде, мысалы, Абай (172,9 мың теңге), Жетісу (158,6 мың теңге), Ақмола (161 мың теңге), Алматы (166 мың теңге), Шығыс Қазақстан (175,6 мың теңге) облыстарында құрылысқа жұмсалатын орташа нақты шығындар 1 шаршы метр республикалық мәндерден ғана емес, сонымен қатар қолданыстағы ережелерде қарастырылған шығындар сомасынан да асып түседі. Бұған қоса құрылыс аяқталғаннан кейін ауылға келген және бағдарлама шеңберінде қолдау алған маман қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үйдің пайдалануға берілуін жүзеге асырады. Яғни бұл да қаржылық шығындарды көздейді. Осыған байланысты құрылысқа бөлінген сома еліміздің бірнеше өңіріндегі ауылдық елді мекен мамандары үшін жеткіліксіз болуы мүмкін.
«Дипломмен – ауылға!» жобасының іске асырылу барысын талдауды негізге ала отырып, сарапшылар өңірлердегі тұрғын үй құнына қарай бюджеттік несие мөлшерін саралау мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Мамандарға жеңілдетілген ипотеканы ресімдеуге мүмкіндік бермейтін халықтың кредиттелуінің жоғары деңгейі мен теріс несие тарихын, іс жүзінде әртүрлі өмірлік жағдайдың болу ықтималдығын және қолданудың өзгергіштігі тұрғысынан ережелерді жетілдіру керектігін ескергенде, тұрғын үймен қамтамасыз етудің балама нұсқасын қарастыру қажет. Сонымен қатар бюджеттік кредитті өтеу қажеттілігінің болмауы ауылдық елді мекенге келген мамандардың қолдағы табысын арттырады.
Ауылдық агроөнеркәсіп, ветеринария, мал шаруашылығы заманауи құрал-жабдықтарсыз, қаржы, ақпарат және басқа да ресурстарсыз ілгері басуы екіталай. Елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келетін және тиісті қолдау шараларын алуға құқығы бар мамандардың тізімінде агрономдар, ветеринарлар көрсетілмеген. Осы ретте ауыл шаруашылығы өндірісін қажетті мамандармен қамтамасыз ету үдерісі тиімдірек жүруі үшін «Ауыл» партиясы жергілікті атқарушы билік болашақ маманға тапсырыс беруге тиіс деп санайды. Сонда жоғары оқу орны да білім сапасына жете мән береді. Депутаттар жуырда Үкіметке сауалында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы оқыған ауыл шаруашылығы мамандарын тұрғын үймен толық қамтамасыз ету, оларға берілетін көтермеақы көлемін 10 млн теңгеге дейін ұлғайтып, ерекше қадағалау, тапсырыс беруші жергілікті билік, тапсырыс қабылдаушы оқу орны және білім алушы талапкермен үшжақты келісімшарт жасау, ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту мақсатында ауылдан шыққан түлектерге «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқу үшін жеңілдіктер қарастыру жөнінде ұсыныстарын жолдады.
Түсініксіз тұсы сол, бағдарламаның тиімділігіне талдау шамамен 10 жыл бұрын жүргізілген. Содан кейін жобаға кіретін мамандардың тізімі өскенімен, жұмыс қағидаты өзгеріссіз қалған. Яғни ауылда кадр бекітудің қалай жүріп жатқанын бағалайтын ешбір индикатор жоқ. Ауылда агроқұрылым кадрларын бекіту мәселесі әлі шешілмей жатқанына қарағанда, маман тапшылығын жоюдан гөрі қаражатты игеруге ұмтылыс басым секілді. Демек бағдарламаны жаңаша бағалап, жетпей жатқан тұстарына көңіл аударатын кез әлдеқашан жеткендей.