Аймақтар • 25 Сәуір, 2024

Өңірдің кірісі қашан көбейеді?

133 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осыдан тура алты жыл бұрын ««Egemen Qazaqstan» газетінде мәселе көтеріп, «Оңтүстік өңір дотация көлемін кеміте ала ма?» деген тақырыпта мақала жариялағанбыз. Оған ел билігі тарапынан айтылған «халқы ең көп облыс бола тұра, 80 пайыз көлемінде ең көп дотация алатын – Оңтүстік Қазақстан облысы» деген сын себеп болған еді.

Өңірдің кірісі қашан көбейеді?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Аталған мақаламызда сыннан қоры­тын­ды шығару мақсатында аймақта атқа­рылып жатқан жұмыстар аз емесін айтып­пыз. Еңбекқор халқымен де елге мәлім, кәсіпкерлік субъектілерінің саны жөнінен республика бойынша алдыңғы қатардағы өңірдің дотация көлемін кеміту мақсатындағы мүмкіндіктерін саралаппыз. Арада жылдар өтті. Бұл аралықта Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкенттен бөлініп, атауы да өзгеріп, киелі Түркістанды орталық етті. Ал экономикалық ахуалы, яғни кірісінен шығысы асып түсетін, мемлекет тарапынан берілетін қаржыға тәуелділігі тұрғысынан ше? Жоқ, әзірге мақтана алмаймыз. Облыстың 2024 жылғы бюджеті 1 триллион 352 миллиард теңгені құраса, соның 90 пайызы республикадан беріледі. Яғни өз-өзін «асырай алмайтындықтан», «ортақ қазанға» қол салуын әлі тыймай тұр деген сөз.

Дотациялы аймақ болғандықтан, көп­теген мәселенің шешімін табуы рес­публикадан қаржының бөлінуіне тіке­лей байланысты. Салықтық түсім­дер­дің басым көбі бюджеттік мекемелерден түседі. Ал шығыстардың 70%-ға жуығы, яғни 909 млрд теңге әлеуметтік салаға жоспарланған. Атап айтқанда, бюджеттің 45%-ы немесе 668,8 млрд теңге білім саласына бағытталады. Оның 80 пайызы жалақы болып төленеді. Өңірдің денсаулық сақтау басқармасына 2024 жылы 28,5 млрд теңге қаралған. Оның ішінде күрделі шығыстар дәрілік заттар мен вакциналарға бағытталған. Облыс әкімдігінің дерегіне жүгінсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі қалыптасты. Облыстың өзіндік кірісі – 185,6 млрд теңге. Өнеркәсіп өнім көлемі алғаш рет 1 001,0 млрд теңге болып, 2,5%-ға өсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1 158,7 млрд теңгені құрады. Өсім – 102%. Құрылыс жұмыстарының көлемі 407 млрд теңгеге жетіп, 899 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 3351 отбасы пәтерге қол жеткізді. 134 мың адам жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық деңгейі 5% болды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, өңір республикалық бюджеттің транс­ферт­­теріне тым тәуелді. Бұл орайда өзіндік кірістерді көбейтуге және эко­номиканы дамытуға тың серпін беретін, 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 3,3 трлн теңгеге 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Олар агроөнеркәсіп, машина жасау, білім, денсаулық, өнеркәсіп және құрылыс, туризм мен энергетика салаларын қам­тиды. Өңір экономикасы жақсара түсуі үшін инвестиция тарту, қосымша қаржы көздерін табу аса маңызды. Ал инвес­тициялық жобаларда өндірісті және ауыл шаруашылығын терең қайта өң­деу­ді дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл ретте озық шетел тәжірибесі кеңінен қолданылмақ.

Осы мақсатта Қытай, Аустралия және Түркия мемлекеттерімен келіссөз жүр­гізіліп, тиісті жұмыстар оң нәтижесін көрсетті. Атап айтқанда, 3 жиһаз фаб­рикасы іске қосылады, жаңбырлатып суару қондырғылары өндірісі ашылды, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар салынып жатыр. Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдейтін зауыт, заманауи мал биржасы, мал бордақылау кешені және ірі қара мал өнімдерін терең қайта өңдейтін ет комбинаты жобалары қолға алынды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ өнеркәсіптік жылыжай, мұнай, фосфорит өндіру зауыттары және химиялық кешен секілді ірі жобалар жүзеге асыры­лып жатыр.

Облыста шешімін таппаған мәселелер аз емес. «Бәйтерек» холдингінен жеңіл­детілген несие алуға жалпы сомасы 536,2 млрд теңгеге 17 инвестициялық жоба жасақталған. Оның ішінде 7 жоба (354,4 млрд теңге) бойынша өтінім тапсырылыпты. Облыс әкімдігінің мәліметіне қарағанда, қалған 10 жобаның (181,8 млрд теңге) құжаты жинақталуда. Аталған жоба­ларды іске асыру 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, бюджет кіріс­те­рін қосымша 100 млрд теңгеге ұл­ғай­ту­ға мүмкіндік береді.

Осы орайда Түркістан өңірі аса маңызды инвестициялық жобаларға қаржы институттары арқылы қолдау көрсетуді қажет етеді. Қаржыны қажет ететін тағы бір мәселе – 2012 жылдан бері жөндеу көрмеген, тозу деңгейі 85%-ға жеткен Кентау қаласындағы №5 жылу орталығы. Әкімдік нысанның тозуын ескере отырып, қайта құру жұмыстары жедел атқарылуы керек деп санайды. Әйтпесе, ойда-жоқта апат болып, зардабын жою үшін бюджеттен болжанбаған қомақты шығындар сұралуы әбден ықтимал. Сондықтан атал­ған нысанның құрылыс-жөндеу жұ­мыс­тарына республикалық бюджеттен қолдау көрсету сұралады.

Жылыту маусымының алдында де­­меу­шілер есебінен 4 қазандық жөн­­­деуден өткен. Оған 600 млн теңге жұмсалған. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған жобаның құны – 13,6 млрд теңге. Бюджет қаржысына 4,7 шақырым магистралды жылу құбыры қайта жаңартылған, оның 3,8 млрд теңгесі – республикалық бюджет қаржысы. Екі қазандыққа қайта құру жұмыстары жүр­гізіліп, жыл соңына дейін қосымша
4 қазандық қайта жаңартудан өтеді. Оған 10,2 млрд теңге қажет. Қазандықтардың тиімділігі 65%-ды құрап отыр.

Өңір тұрғындары үшін аса қажетті, өзекті мәселені шешу жолындағы әкімдік әрекетін сұраншақтық дей алмаспыз. Өндірісті дамытпай, өзіндік кірісті молайту мүмкін емесін жақсы білетін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен қосымша кіріс көздерін арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту, салық көздерін табу, зауыт-фабрикалар ашуға басымдық берілген. Өңірлік инвестициялық штаб жұмыс істейді. Штаб мәжілісінде инвесторлармен тікелей жұмыс жүргізіп, олардың жобаларын сүйемелдеуге қолдау көрсетіледі.

Инвестиция тарту бағытында шетелдерге делегациялар барып келді. Бұл ізденістер де өз жемісін беріп жатыр. Өткен жылдың қорытындысында өңір экономикасына 972 млрд теңге инвес­тиция тартылып, алдыңғы кезең­мен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар – 705,1 млрд теңге, бюджеттік инвестиция­лар – 266,9 млрд теңге. Өсім динамикасы еліміз бойынша өңір үздік үштік қатарында, яғни Үкімет бекіткен жоспар артығымен орындалған. Былтыр облыс­та 126,9 млрд теңгеге 56 ин­вес­тициялық жоба іске қосылды. Ол жобалардың қатарында Отырар ауданындағы күн электр стансасы, Сай­рам ауданындағы жөргектер өндірісі және күнбағыс майы өндірісі, Ордабасы ауданындағы алюминий бұйымдар өндірісі, Арыс қаласындағы ПВХ гранула өндірісі және өзге де жобаларды атап өтуге болады. Сондай-ақ былтыр 100-ге жуық шетелдік және отандық компаниялармен келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде, жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыт­­­тарды кеңейтуге 1 трлн теңгеге жуық инвестиция құйылатын болды.

Биыл да осы тәжірибені қолдана оты­рып, облыстық делегацияның Түр­кия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапарын ұйым­дастыру жоспарланған. Өңдеу өнер­кәсібіне басымдық беріліп, оның көлемі өткен жылы 437,8 млрд теңгеден асты. Биыл өнеркәсіп өнімін 1,2 трлн теңгеге, өңдеу өнеркәсібін 510 млрд теңгеге ұлғайту көзделіп отыр. Өңдеу өнеркәсібі саласында 30,2 млрд теңгеге 20 инвестициялық жоба іске қосылды. Жобалардың қатарында мақта, мұнай өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, сүт және сүт өнімдерін өңдеу, шұжық өндіру, тауық еті және тауық жұмырт­қа­сы, тігін фабрикасы, пластик өнімдерін шығару зауыттары бар.

Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында 19,5 млрд теңгеге 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Тәжірибе жинақтау мақсатында өткен жылы өңір­дің барлық аудан, қала әкімдерінің және бизнес өкілдерінің қатысуымен Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары ұйымдастырылды. Бүгінде Қытаймен 9 бірлескен инвестициялық жоба нақтыланып, жүзеге асыру жұмыс­тары атқарылып жатыр. Аталған инвес­тициялық жобалардың есебінен өңір экономикасына шамамен 1,2 трлн теңге инвестиция бағыттау көзделеді. Облыстың өзіндік табысын арттыруда жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды. Бұл ретте мақта кластерін дамыту бағы­тын­да облыс әкімдігі ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайын. Яғни жергілікті билік тарапынан мақта кластерін дамытуға жағ­­дай жасалады.

Иә, өз әлеуетін ұтымды пайдаланып, дотация көлемін кемітуді мақсат еткен өңірде атқарылып жатқан, жоспарланған жұмыс аз емес. Бірақ бүгінгідей мол дотацияны еліміздегі өзге өңірлердің ешқайсысы алмайтынын, облыстың табатын табысы мүлдем мардымсыз екенін айтушылар да баршылық. Өңірдің экономикалық ахуалына тереңінен қанық, қаламы «қисық», тілінің тікенегі бар сын айтушылардың арасында «асыранды облыс» дегенді қолданушылар да жоқ емес. Әрине, қамшылау мақсатында. Әйтпесе, қазақ ұғымында «асыранды» сөзі малға қатысты ғана айтылатын, кемсітушілік астары мол лексема саналатынын олар білсе керек.

Десек те, облыс дотацияны көп алатын, республикалық бюджеттің трансферттеріне тәуелді өңір екені рас және мұндай «мәртебеден» қашан арылатыны белгісіз. Бір айта кетерлігі, облыстың өз ішінде донор аудандар бар. Мысалы, өткен жылға аудандардан облыстық бюджетке бюджеттік алып қоюлардың жалпы көлемі – 8 529 057 мың теңге сомасында қарастырылған. Оның iшiнде Сайрам ауданынан – 2 869 497 мың теңге, Созақ ауданынан – 4 353 464 мың теңге облыстық бюджетке алынған. Ал Сарыағаш ауданынан 1 247 427,0 мың теңге түсіп, 58 669,0 мың теңге қаржы облыстық бюджетке аударылмай қалды.

 

Түркістан облысы