Бірегей ленталы орманды қалпына келтіруге күш салу үшін Семей қаласы маңындағы Бородулиха ауданына мыңнан аса адам аттанды. Бүгінде Абай ауданының тұрғындары «ағаш отырғызу – әрбір адамның парызы» деп санайды. Өйткені бұл өңір ежелден жел мен құмнан қорғайтын қарағайлы орманнан тұрады.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы «Жасыл аймақ» апталығы Бородулиха ауданында басталды. Осылайша, «Семей орманы» аумағында «Семей орманы – жасыл аймақ» атты ағаш отырғызу бойынша кең ауқымды акция өтті. Алдағы уақытта да ағаш отырғызу акциялары тұрақты түрде өткізілмек.
Іс-шараға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, белсенді жастар, студенттік ұйымдар, еңбек ұйымдары, Семей қаласы мен Бородулиха ауданының мекемелерінен мыңнан аса адам қатысты.
«Бүгін тұтас ел көлемінде кең қолдауға ие болған «Таза Қазақстан» – экологиялық акциясы аясында облысымызда ерекше маңызы бар іс-шара өтіп жатыр. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асқан бұл акцияның арқасында Отанымыздың әр облысы, қаласы мен ауылы абаттанып, көшеттер отырғызылып, өңіріміз жаңа кейіпке еніп келеді. Бұл – «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген игі дәстүрдің жалғасы», деді облыс әкімі Н.Ұранхаев.
Науқанның негізгі мақсаты көшет отырғызу арқылы экологиямызды жақсартып, қарағайлы орманымызды жедел қалпына келтіруге бағытталған. Мәселен, «Жасыл аймақ» апталығының басында «Таза Қазақстан» акциясы аясында Семей қаласы мен Бородулиха ауданының жүздеген тұрғыны жаңа көшеттерге өмір сыйлау үшін «Семей орманы» мемлекеттік орман шаруашылығы зауытының қызметкерлері дайындаған учаскелерге келіп, жұмыла іске кірісіп кетті. Жаппай акцияға барлығы 30-дан астам ұйым қатысқан. Оның ішінде Шәкәрім атындағы университеттің «Жасыл ел» бөлімшелерінің жастары алғаш болып үн қосты.
«Бүгін жылдағы дәстүрлі іс-шараны өткізуге атсалысып жатырмыз. Бұл – біздің университеттің миссияларының бірі. Сондықтан GLPR қызметкерлерімен бірге қоғамға қызмет етуге дайынбыз. Сонымен қатар біз дөңгелек үстел өткізіп, онда тек қоршаған ортаны қорғау ғана емес, орман өрттерімен күресу мәселелері де көтерілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 50 оқушымыз екі айдың келесі апталарында көгалдандыруға қатысып жатыр», деді Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков.
Акция аясында Воскресеновка аулының маңындағы орман алқабындағы 5 гектар аумақта 23 мыңнан астам қарағай көшеті отырғызылды. Айта кетейік, оның ішінде орманды алқап – 87 773 га болса, су айдындары 14 301 гектарды құрайды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы «Семей орманы» қорығының аумағына 70 мыңнан астам көшет отырғызылды.