16 Маусым, 2010

“БАТЫС ЕУРОПА – БАТЫС ҚЫТАЙ” ЖОБАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

657 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміздің 5 облысы аумағын басып өтетін “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолының құрылысы бүгінде белгіленген мерзімінен бұрын жүргізілуде. Бұл жөнінде Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов журналистермен өткізген арнайы дөңгелек үстел барысында хабарлады. Құны 825 млрд. теңге тұратын “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық транзит дәлізін қайта салу жобасының іске асы­ры­луы үлкен қызығушылық тудыруда. Қы­тай­дан басталатын магис­траль Ресейдің Санкт-Петербург қаласына дейін 8,5 мың км. қа­шық­тыққа созылып жатыр. Алдын-ала бол­жам бойынша экономикалық тиімділігі 86 млрд. теңгені құрайтын теңдессіз жобаның еліміз аумағын басып өтетін бөлігі 2 787 км. болса, оның 2 452 км. қайта салынуға жатады екен. Азиядан Еуропаға теңіз жолдары арқылы жүк тасымалын жүргізу 40 тәуліктен астам уақытты алады. Ал “Батыс Еуропа-Батыс Қы­тай” жобасы жүзеге асса автокөлік жо­лымен 8,5 мың км. қашықтықты 10 тәулікте жүріп өтуге болады. Біздің техникалық негіздеме­леріміз осыған есептелген, деді Көлік және коммуникация министрі Ә. Құсайынов дөңгелек үстел барысында. Тасылатын жүктен түсер пайдадан өзге, жоба аясында Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыс­тары бойынша жолдарды салумен қатар, республикалық маңыздағы желілер қоса жаңғыртылады. Бұл респуб­ли­калық маңыз­дағы желілердің 90 пайызы “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” жобасы есе­бінен жөнделеді деген сөз. “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” авто­жолын салуға қазір 11 компания жұмылды­рылуда. Оның 5-і шет­елдік компания болса, 6-уы қазақстандық. Атқарылатын жұмыстың 69 пайызы қазақ­стандық компаниялардың мойнында. Министр Әбілғазы Құсайы­новтың айтуын­ша, шетел компанияларының ортақ іске қо­сылуға ынта білдіргені бізге де тиімді. Өйт­­ке­ні, олар қолданған соңғы техника мен тех­нологияны кейін өзіміз үйреніп, индустрия­ландыру бағдарламасына қолдануға жеңіл болмақ. Теңдесі жоқ ірі жобаға қаржы құюшылар да осал емес. Бүкіләлемдік банк, Ислам банкі, Азиялық және Еуропалық банктер ірі көлемде, атап айтсақ, 422 млрд. теңге қаржы салып отырғандығы автожолдың болашағы жарқын екендігіне сенімді күшейте түседі. Сондай-ақ құ­рылысқа қажетті материал­дар­дың 86 пайызы елімізден шығарылып, қазақ­стандық мазмұн арта түсіп отыр. Жақында ғана Маңғыстау облысында ашылған битум за­уыты қазақ­стандық құрылыс материал­да­рын пайда­лануды тағы 6 пайызға арттырмақ. Бүгінгі күні жол салыну барысында көп­теген жұмыс орындары ашылып, оған өз ма­мандарымыз тартылуда. Жоба жүзеге асып жатқан еліміздің үш облысында 14 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Біз биыл мер­дігерлерді басқа учаскелерге тарту жұ­мыстарын аяқтаймыз. Ал содан кейінгі жылдары осы жобалар бойынша 50 мыңға тарта адам тартылады. Жалпы, жол салу барлық жағынан пайда әкеледі, деді Ә. Құсайынов. Венера ТҮГЕЛБАЙ.