Аймақтар • 26 Сәуір, 2024

Қалпына келтіру жұмысы қарқынды

153 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен баспасөз жиынында облыстың жауапты басқарма басшылары тасқын судың салдарынан бұзылған жол, үзілген электр желілері мен интернет байланысын қайта қалпына келтіру жұмыстарының қалай жүріп жатқанын баян етті.

Қалпына келтіру жұмысы қарқынды

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жомарт Нұрғалиевтің айтуынша, су тасқыны кезінде жергілікті маңызы бар 25 жолдың бойындағы 4 көпір, 34 суағар құбырларына зақым келген және жолдың үстін 22 жерден су шайып кеткен.

«Су тартылған соң өңірде көлік қатынайтын негізгі жолдардың бәрі қысқа мерзім ішінде қайта қалпына келтірілді. Мысалы, Қостанай қаласына кіретін «корей көпірі» жөндеуден өтті. Әулиекөл – Жалдама тасжолының бойындағы апатты көпірдің орнына уақытша айналма жол салынды. Арқалық, Қостанайдан Торғайға баратын тасжолдың бойын Жаркөл аулының маңында екі жерінен су шайып кеткенін білесіздер, сондықтан Торғайдан Шилі, Аралкөл елді мекендері арқылы Қостанайға өтетін екінші жол ашылды. Сонымен қатар Алуа – Жаңақала – Екідің бағытындағы тасжолдың бойындағы зақымданған көпір де жөндеуден өтті. Қазір жергілікті маңызға ие 16 жолдың бойында 2 көпір, 29 суағар құбыр апатты жағдайда тұр. Бүгінде су шайып кеткен 13 жол учаскесі жөнделіп жатыр», деді Ж.Нұрғалиев.

Торғай өңірінде 8 ауыл күні бүгінге дейін көлік байланысынан шет қалып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, жақын күндері Амангелді ауданына қарасты Қабырға елді мекені мен Жангелдин ауданының Саға, Бидайық, Құмшық, Ошаған ауылдарына баратын жолдар қалпына келтіріледі. Қазір бұл өңірде 31 техника, 45 адам жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жангелдин ауданындағы Ақкөл, Қарасу, Көкалат ауылдарына апаратын көлік жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу әзірге мүмкін болмай отыр. Өйткені бұл өңірде жол бойын басып жатқан қызыл су әлі тартыла қоймаған.

«Шамамен сәуір айының 28-іне дейін барлық елді мекенді жол қатынасымен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Егер су деңгейі төмендесе, жол жөндеу жұмыстарын ертерек аяқтауымыз мүмкін. Жол үстіндегі жағдайды үнемі бақылауда ұстап отырмыз», деді жол басқармасының басшысы.

Қазір өңірде облыстық маңызы бар 3, аудандық маңызға ие 4 жолдың үстінен су асып жатыр. Жол үстіндегі судың тереңдігі 10 см-ден 140 см-ге дейін жетеді. Мұндай жол учаскелерін тәулік бойы тиісті мекемелер тарапынан ұйымдастырылған, кезекшілер күзетіп тұр. Сонымен қатар уақытша жол белгілері орнатылып, жарық шағылыстыратын лента тартылған.

Бүгінге дейін тасқыннан зардап шеккен 37 ауылдың 25-іне жарық берілді. Қазірше 744 тұрғыны бар 11 ауыл жарықсыз отыр. Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаровтың айтуынша, кейінгі аптаның ішінде «Қостанай оңтүстік электр желілері» ЖШС қызметкерлері 22 елді мекенді электрмен қамтамасыз еткен. Бұл елді мекендерде шамамен 3 056 адам тұрады.

«Жөндеу-қалпына келтіру бригадалары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ауылдарды жарықтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдады. Облыстың авариялық қайта қалпына келтіру бригадалары тәулік бойы жұмыс істеді. Бірінші кезекте желілер мен қосалқы стансалар іске қосылды. Бүгінгі таңда Қызылжұлдыз, Қабырға, Сымтас, Сарысу, Тентексай, Ахмет Байтұрсынұлы, Ақкөл, Бидайық, Ақшығанақ, Шеген, Түйемойнақ, Қарғалы тәрізді 10 елді мекен және 2 бөлімшеде электр жарығы жоқ. Аталған ауылдарға жарық өткізуге сай-саланы су басып жатқаны, электр бағандарының су астында қалуы, оған техниканың жете алмай жатқаны кедергі болып тұр. Құлаған бағандарды шығару, материалдарды тасу қиынға соғып отыр. Су деңгейі жарты метр, кей жерлерде екі метрге дейін жетеді. Қазір барлық ірі елді мекенде электр жарығы қалпына келтірілді. Жөндеу-қалпына келтіру бригадалары елді мекендердің мүмкіндігінше тезірек қалыпты өміріне қайта оралуы үшін зақымдалған инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жарықсыз отырған шағын елді мекендерге дизельді генераторлар жеткізілді. Жөндеу жұмыстарына барлығы 35 адам, 11 арнайы техника жұмылдырылды», дейді Д.Асқаров.

Су тасқыны кезінде барлығы 1 174 баған құлаған, оның 52-сі жоғарғы вольт­ты электр қуатын өткізеді. Жақын арада Шеген, Ақшығанақ ауылдарына, Түйемойнақ, Қарғалы елді мекендерін жарықтандыру үшін 23 баған орнатылмақ. Таяуда «ҚОЭЖ» КМК мен мердігерлік компания арасында жарықсыз отырған ауылдарды жеделдетіп электрмен жабдықтау жөніндегі шартқа қол қойылды. Мердігерлер шартқа қол қойылған күннен бастап төрт ай ішінде барлық жұмысты аяқтауға тиіс. Шалғай ауылдарды электрмен қамтамасыз ету мәселесі қатаң бақылауда тұр.

Тасқын судың тегеуріні әбден күшейген кезде облыс бойынша 42 ауыл мобильді байланыстан шет қалған. 50 елді мекенде «Қазақтелекомның» стационарлық байланысы үзілді.

Баспасөз жиынында облыстық ақпарат­тандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архив басқармасының басшысы Азамат Қашиев бүгінге дейін өңірде су басқан елді мекендердегі байланыс қызметін қалпына келтіру бойынша қыруар шаруа тындырылғанын айтты.

«Байланыс операторларымен бірлесе отырып, су астында қалған базалық стансалардың жұмысын қайта жандандыру, байланыс арналарын түзеу, қосымша релелік құрылғыларды іздес­тіру жұмыстары атқарылды. Әсіресе, жарықсыз қалған елді мекендерге байланыс орнатудың аса қиынға түскенін айта кету керек. Мұндай ауылдарға монтерлер мен генераторларды тікұшақпен, қайықпен жеткіздік. Стационарлық және мобильді байланыс желілері ең бірінші кезекте аудан орталықтары мен ірі елді мекендерде орнатылды. Мысалы, 20 сәуірде жергілікті атқарушы орындар мен ұялы телефон байланысы операторларының бірлесе күш салуының нәтижесінде Шөптікөл қыстауындағы аралық станса іске қосылды. Аталған станса облысымыздың ең шалғай түкпірінде жатқан Ақкөл, Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарын мобильді байланыспен қамтамасыз етеді», деді А.Қашиев.

Таяуда республикалық ғарыштық байланыс орталығы Арқалық қаласына қарас­ты 10 ауылдың мектебіне жылдам­­ды­ғы жоғары «Starlink» интернет желісін қосып бергенін де айта кету керек. «Starlink» – «SpaceX» компаниясының ғаламдық спутниктік жүйесі. Осылайша, аталған жүйе арқылы интернет байланысы әлсіз Ашутасты, Восточный, Родина елді мекендері де жылдамдығы аса жоғары кең жолақты спутникті интернетпен қамтамасыз етіліп отыр. Қазіргі таңда Восточный мектебінде 156 бала білім алады. Мектеп алды даярлық сыныбына 24 бала барып жүр.

«Мектебімізге жоғары жылдамдықты интернет желісін орнатып берді. Бұл біз үшін, әсіресе балалар үшін – үлкен қуаныш. Балалардың сабақ оқуына, қосымша сабақтарға дайындалуына өте жақсы болды», дейді мектеп директоры Ербосын Сүттібаев. Аталған ауылдағы жалпы білім беретін мектеп компьютер сыныбымен жабдықталған. Бұған дейін өңір мектептеріндегі интернет жылдамдығы секундына 8 Мбит болса, енді жаңа желі іске қосылғаннан кейін 100 Мбит/с-қа дейін артып отыр.

«Табиғи сипаттағы төтенше жағдай енгізілгенде Қостанай облысының әкімдігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесе отырып шалғай ауылдардағы білім нысандарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында өңірге 30 «Starlink» жиынтығын жеткізу мәселесін пысықтаған еді. Оның барлығы білім беру сегменті бойынша сәтті орналастырылды. Сондай-ақ жақын арада облысқа тағы 150 жиынтық жеткізіліп, бірінші кезекте Жангелдин, Әулиекөл және Қарасу аудандарындағы білім ордаларына орнатылады. Нәтижесінде, оқушылардың онлайн білім ресурстарын пайдалану мүмкіндігі едәуір артады», деді А.Қашиев.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жа­уапты орындар мен мердігерлерге тасқын судың салдарын жою жұмыстарын барынша ширатуды міндеттеп отыр.

 

Қостанай облысы