Дербес ел болғаннан кейін даралығымызды танытатын, адамзат тарихындағы орнымызды айқындайтын өзіндік ұстын, өзгеше келбет қашанда қажет. «Қилы заманнан өтіп, бүгінгі күнге жеткен жұрт келешекте қандай болмақ, кімбіз демек. Қазақтың ұлттық құжаты қандай болуы шарт?» деген көкейкесті сауалды тағы бір мәрте өзімізге және ел ағаларына қойып көрдік.
Біздің бүгінгі сұхбаттасымыз – Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, елге белгілі азамат Серікбек Дәукей. Қоғамда қордаланған көп сауалды жадымызға түйіп, санамызға жиып ұсындық та, төмендегідей әңгіме барысында еркін ой, пайдалы пайымның нәтижесіне қанығып, оны оқырман назарына ұсынуды мақұл көрдік.
– Серікбек Жүсіпбекұлы, кезінде биліктің басы-қасында жүрген азамат ретінде өзіңізбен әңгіме құруды жөн санадық. Өзіңізге мәлім, қазірде ел ағалары халықтың үні ретінде қазақтың құндылықтарын, соның ішінде ұлттық сусындарымыз – қымыз бен шұбаттың мәртебесін анықтайтын заң шығару керектігін күн тәртібіне қойып отыр. Осы мәселеге орай қолда бар құндылықтарымыз жәдігерге айналып, жаңа заман қатпарында қалып қоймаса екен деген төңіректе әңгімелессек.
– Қазақтың дәстүрі – тұнып тұрған философия. Ұлттық тағамдардың құрамын ғана емес, оның тұтыну, ұсыну тәртібінің өзі талай ғасырлар бойы қалыптасқан тылсым бір ғылыми негізге ие. Мәселен, қай тамақты қай кезде ішу керек, қай мүшені кімге тартады деген секілді дәстүрлі тәртіптің өзі бөгде елде жоқ салт-сана. Неге басты үлкенге тартамыз, жамбас неліктен сыйлы мүше, әйелге қабырға, балаға сирақ беру секілді дастарқан жорасы қайдан шыққан? Міне, осының өзі терең зерттеуді талап ететін ғылыми жол.
Ұлттық сусындарды алып қарастырайық, қымыздың 3 сапасы бар. Біріншісі – уыз, бие құлындағанда пайда болатын аса құнарлы нәр, ол тек құлынның ғана емес, адамның да денсаулығына пайдасы зор. Екіншісі – саумал, адам ағзасына мың да бір ем. Саумалды кесемен емес, әуелі қасықтап ішіп, кейін біртіндеп көлемін арттырып отыру керек. Үшіншісі – қымыз, оның да бірнеше түрі бар. Қымызды сапыру арқылы, шайқау арқылы оның күшін қолдан жақсартады. Күбіде пісу, күбінің өзін тобылғымен немесе қайыңның қожырымен ыстау арқылы дайындау технологиясын арттыруға болады.
Қаныш Сәтбаев кезінде Томскіде оқып жүрген кезінде өкпе (туберкулез) ауруымен ауырған. Сол кезде ол кісі қымызды бір ыдысқа құйып, оның ішіне қазы салып, әлгі қымыз салынған қоржынды аттың мойнына байлаған да, жылқыны жайылымға бос қоя берген. Кешкісін жылқыны ұстаған кезде күнұзақ аттың мойнында шайқалып жүрген қоржындағы қымызға қазының майы да, етінің құнары да әбден сіңіп, сол сусынды ішкеннен кейін Қаныш Имантайұлы құрт ауруынан құлан-таза айығып кеткен екен. Әне, ол халқымыздың сан ғасырлардан келе жатқан ұлттық емі, ұлттық тағамының шипалық нәрі. Ғұлама ғалым ата-бабадан келе жатқан далалық ем-шипаның түрін кездейсоқ таңдаған жоқ, ең әсерлі әрі қолжетімді табиғи дәруменге оны генетикалық түйсік мәжбүрледі. Және соның арқасында денсаулығын нығайтып алды.
– Елімізде жекелеген шипажайларда берілгені болмаса, арнаулы қымыз, шұбатпен ем жүргізетін орын әзірге болмай тұр. Бәлкім, бүгінгі ел ағаларының күн құрғатпай айтып жатқан ұсыныстарынан кейін қолға алынар деп ойлаймыз...
– Біз қымыз бен шұбаттың құнарын, емдік қасиеттерін білгенімізбен, елімізде әлі күнге осы ұлттық сусындармен емдеу ісін, арнаулы шипажай ашу мәселесін жолға қоя алмай келе жатырмыз. Бір ғана Бельгияның өзінде қымызбен емдейтін 78 шипажай бар. Біз құсап жүздеп, мыңдап жылқы бақпаса да, кермеде шұрқыратып бие байламаса да бельгиялықтар қымызбен емдеп, халқының денсаулығын нығайтуға үлес қосып отыр.
Мен бір кездері Атырауда әкім болып қызмет еттім. Ол кезде құрт ауруына шалдыққандар аз емес еді. Не істеу керек? Халықтың денсаулығын нығайту үшін әрбір қазақтың иммунитетін бала жастан көтеруіміз керек қой. Соны ескеріп Атырау мектептерінде қымыз бен шұбатты оқушыларға беру үрдісін қалыптастырдым. Балаларға бір мезгіл қымыз бен шұбат берсе, одан біздің үкіметіміз ұтпаса, ұтылмайды. Бүгінгі ұл мен қыз ертеңіміз емес пе?! Мемлекет есебінен қаржы қарастырылса артық болмайды. Одан экономикалық шығын көрмейміз. Қайта халықтың денсаулығын нығайту арқылы пайдаға шаш-етектен кенелеріміз анық. Бұл адам денсаулығын жақсартумен қатар, ұлттық сусынды өндіріп отырған түйеші, жылқышыларымызға да үлкен көмек болар еді. Осыны мүлтіксіз орындайтын, таратып беретін жүйе болса, ел тек түйе мен жылқы басын көбейтумен ғана шұғылданар еді.
Қазақ үшін қымыз, шұбатты өндіру қиын емес, ал оны сату, өткізу барып тұрған әлегі көп шаруа. Қымызды жинайды, оны апарып жол бойына ма, базарға ма шығарады. Бірде саудасы болады, бірде болмайды, барып тұрған машақат. Ал егер үкімет немесе жергілікті әкімшілік тарапынан белгілі бір жүйе болса, оны белгілі тәртіпке келтіріп мектептерге, шипажайларға өткізетін болса, шағын кәсіпкерлікті қолдау деген осы емес пе?!
Қымыз бен шұбатты ішіп талай сырқатынан айығып кеткен азаматтарды көзіміз көріп жүр. Ендеше, неге қымыз, шұбатпен емдейтін арнайы шипажай жасамасқа? Қарап отырсаңыз түйе Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысында ғана емес, қазір Алматыда да баршылық. Бізде шұбатты қайдан іздеймін дейтін мәселе жоқ. Тек ұйымдастыра алсақ болды.
– Сөзіңіз өте орынды. Қазір қымыз, шұбатты ішу үшін қымызхана іздейтін болдық. Жапондар өз халқының ағзасынан ядролық қарудың зардабын кетіру үшін әр оқушыға күніне бөдененің 2 жұмыртқасын жеуді міндеттеген екен. Мүмкін, бізде де сондай міндеттер енгізу керек шығар?
– Мейрамханаларға барсаңыз шеттен келген сусын мен ішімдіктің неше түрі бар, ал қымыз бен шұбат жоқ. Неге? Себебі, бүгінгі қазақ қымыз бен шұбатты ұмытып бара жатыр. Теледидардан жарнамалатып жатқан түрлі сусындарға да үйренді жұртымыз. Қымыз бен шұбатқа да солай үйретсек қой. Бір ғана газет, журналдағы мақалалар аз, теледидардан да, радиодан да, ғаламтор беттерінен де қымыз бен шұбатты насихаттауымыз қажет. Ұлттық сусындарымызды ел ішіне кеңінен тарататын жүйе қалыптастыруымыз шарт.
Кез келген қазақ баласынан Рональдиню деген кім деші «футболист!» деп саңқ ете қалады. Ал сол бала қазақтың бір көкпаршысын танымайды. Неге? Өйткені, біздің көкпар сонау қаланың сыртында, тізеден балшық басып жатқан жерде өткізіледі. Оны тамашалауға кім барсын. Әрине, қолы жеткен адам ғана көкпар көруге барады. Ал кьерлинг қаланың қақ ортасында өткізіледі. Футбол да солай. Содан да біздің балаларымыз жат жұрттың спорт жұлдыздарын бір туған бауырындай таниды. Мысалға келтіргенде бөле-жарайын деп отырғаным жоқ, неге біз өзіміздің ұлттық спорт пен мәдениетімізді талмай насихаттай алмай отырмыз деген сұрақтың жауабын тапқым келеді.
Немістер қымыздың ұнтақ түрін саудалай бастады, Израильде халықаралық түйе орталығы жұмыс істейді. Олар түйенің сүтінен, етінен, жүнінен, тіпті, сүйегінің өзінен сан алуан өнім өндіреді. Шұбаттан балмұздақ пен балалар тағамын жасап отыр. Ал енді бізге де солай жасап, ұлттық өнімдерімізді өз ішімізде насихаттасақ, таратсақ, кеңінен тұтынсақ, біреу бізге тыйым салып жатыр ма? Әрбір ұлттық өнім этнографиялық негізін сақтай отырып дайындалуы тиіс. Мәселен, корейлердің тұтынатын тағамдарының дені ащы дәмдеуіштен тұрады, орыстар квасын насихаттап отыр, қырғыздың өзі шора дейтін сусынын алыс-жақын шетелдерге таратуға бейіл.
Біз қазір шетелдің тамақ ішу дәстүріне иіліп кеттік те, ұлттық тағамтануымыздан алыстап қалдық. Менің жеке пікірімше, еліміздегі мейрамханалар мен кафелерге қымыз бен шұбатты саудалауды міндет етіп қою керек шығар. Мектептер мен шипажайларда, емхана, ауруханаларда халыққа бір мезгіл ағарған ішкізуді ережеге ендіру керек пе екен. Әйтеуір қоғамның қажеттілігіне айналдыру жолында осы қымыз бен шұбаттың мәртебесін көтеретін тың серпіліс жасауға тиістіміз деп есептеймін. Ол үшін бізге, міндетті түрде, заң керек!
Бір мысал келтірейін, Түркияда ет мәселесі қиын екенін баршамыз білеміз. Бұл туралы оларда арнайы заң бар. Егер түріктің қойы қоздаса, ауылдың мал доғдыры келіп төлді мақұлдайды екен. Жаңағы төлге сырға таққаннан кейін заңды құжатқа тіркелесің, мемлекет мал иесінің есеп-шотына 200 доллар аударады. Ол қозыны сатасың ба, сойып жейсің бе, әлде көбейтесің бе, онда мемлекеттің ақысы жоқ. Саған тек түріктің бір малының басын екеу еткенің үшін мемлекет ақы төлейді.
– Сонда 200 доллар қаржы не үшін беріледі?
– Мал басын көбейткені үшін. Әр түрік мал басын сөйтіп көбейтсе, күні ертең мемлекеті еттен таршылық көрмейді, өзге елге алақан жайып ет сұрамайды. Мемлекеттің заңын аттап ешкім шетке мал сатпайды. Егер мен биыл 10 қойдың басын көбейтсем, менің шотыма 2000 доллар түседі. Сосын мен ұрғашы малдың басын кемітпей, келер жылы 20 бас төл алуды көздеймін. Малы көбейген адам мемлекетке қол жаймайды, өз күнін өзі күйттейді. Оның шаруадан қолы босамайды, жұмыс орнын ашады. Тек қана алға жылжуды ойлайды. Бізде де дәл солай жасау керек. Қазір қарап отырсаңыз бізде дотация, субсидия алу үшін табаныңнан таусыласың. Мемлекет шаруамен тікелей жұмыс жасауы тиіс секілді. Сонда ешқандай бюрократия да, сыбайластық та болмайды. Мұның бәрін тізбелеп отырған себебім, мемлекетті байытамыз, халықтың жағдайын түзейміз, халықаралық талаптарға сай зайырлы қоғам құрамыз десек – бізде барлық саланың заңдары толық болуы керек. Қымыз бен шұбат туралы да, қазақы жылқы, түйе, тіпті, қазақтың салт-дәстүріне байланысты да арнаулы заңдар қабылдануы қажет.
Қазір сапарлап ауылдардың үстінен өткенде байқаңызшы, бізде баяғыдай атпен салт жүрген адамдар азайған. Неліктен? Елдің бәрі жеке көлікке ауысқан жоқ қой. Елде мал аз деген сөз. Неге аз? Өйткені, қазір мал ұстау қиынның қиыны болып бара жатыр. Әр шағын ауылда 60 түтін бар десек, соның әр шаңырағында 1 бұзаулы сиыр, 1 тайынша, 5-6 қой, 1-2 құлынды бие ұстап отырса қандай жақсы! Ол ауылдың жастары жұмыс іздеп қалаға қашпайды, үлкендері ұлттық дәстүрдің қаймағын бұзбай, сақтап отырар еді. Сондықтан мемлекет ауыл шаруашылығын көтеретін шаруаға тікелей қадам жасауы керек тәрізді.
– Қымыз бен шұбаттың заңдық мәртебесін бір анықтап алып, күні ертең болар ЭКСПО-2017 көрмесінде күллі әлем жұртшылығы алдында насихаттасақ па дейді ішкі бір ойымыз...
– Өте орынды ой. Менің жеке пайымым бойынша, негізі қазақтың салт-дәстүрін бір сәттік жарқ ете қалатын қойылым немесе көрме тауары секілді керек кезінде ғана ел назарына ұсынбауымыз керек. Қазір қазақтың шапанын әрісі теледидардан, берісі тойлардан ғана көретін болдық. Тек Наурыз мерекесінде ғана киіз үй тігіп, қымыз сапырамыз, шетелдік қонаққа ғана қыздарымызды сәукелемен, шолпысын сылдырлатып шығарамыз да, ұлттық тағамдарымызбен сыйлап, одан кейін бәрін жылы жауып қоямыз. Бұл, әрине, дұрыс емес! Байқасаңыз, қазаққа Америка мен Батыстың салт-дәстүрі, өмір сүру образы еніп барады. Оны тойтарып, ұлттық келбетімізді сақтап қалу үшін нақты саяси ұстаным керек.
Еліміздің заң шығарушы және оны қабылдаушы органдары қаншама құжат қабылдады. Бірақ «Ұлттық құндылықтарды қорғау туралы» әлі бір толыққанды заң қабылданған жоқ. Ұлттық мәдениет, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық қолтума, түлік түрлері, ұлттық өнер, т.б. туралы арнайы заңымыз болса, қане! Осындай құндылықтардың баршасының құқығын, заңды қатынасын реттейтін немесе жекелеген түрде де заң аясында әрекет ететін құжат болуы керек. Қазір ағылшын ғалымдары ең алғаш жылқыны қолға үйретіп, қымыз өндіру осы қазақ жерінде басталған деп дәлелдеп отыр. Шыңғыс ханның әскері қазақтың жылқысымен жарты әлемді бағындырған. Бүгінгі таңда халықаралық дәрежеде заңмен қорғалған ағылшын, араб, түрікмен жылқылары біздің қазақы жылқыдан тарайды да, ал өзімізде не заң жоқ, не ұлттық жылқы тұқымы жоқ. Қазақтың етін қырғыздар, қымызын немістер еншілеп жатыр, біз сонда не істеп отырмыз? Неге өз ұлтымыздың төлтумасын өзгенің қанжығасына байлап беріп не қарап жүрміз? Соның бәрін бүгін қалпына келтіру, қалыптастыру қажет. Ол келер ұрпақтың несібесі мен тұрақты тіршілігінің алтын арқауы ғой. Бәлкім бұл әрекет экономикамызға пәлендей әсер етпеуі мүмкін, алайда саяси тұрғыдан біздің ұлттық, мемлекеттік ұстынымызды дүние жүзінің алдында нақтылап берері хақ.
Біз қазір Қазақстандағы барша ұлт өкілдеріне қандай жағдай жасап отырсақ, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға да сондай жағдай тудыруымыз керек. Мемлекеттің әлеуетін таныту үшін өзгеге өз құндылықтарымызды паш етіп мақтануымыз қажет. Сырт көзді қазақтың табиғатымен таң-тамаша етуге талпыныс жасайық.
– Ұлттық құндылықтарға үн қатқан ниетіңіз оң шешімін тапсын дейік.
Әңгімелескен
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».