Елорда • 26 Сәуір, 2024

«Astana Hub»: бүгінгі цифрлық әлеуетіміз

112 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов «Astana Hub» стартап-жобаларын барлап, танысып қайтты. Еліміздегі цифрлық саланы дамытып жүрген дарынды жастарға серпін беріп, қолдау шараларын күшейтуді тапсырды.

«Astana Hub»: бүгінгі цифрлық әлеуетіміз

Таланттарды танытып, цифр­­лық саланы оқытатын, биз­нес­ті дамытуға көмек көрсе­тетін, IT-технологиялар экспортын қолдайтын орта мықтап да­мып келеді. Оның ішінде Мем­лекет басшысының баста­ма­сымен қолға алынған «Tech Orda» бағдарламасы сәтті жүзе­ге асырылып жатыр. 2025 жыл­ға қарай 20 мың IT маман даяр­ламақ. Қазір 15 мыңнан астам студент оқуын аяқтап, 2 мың стартап-жоба іске асты.

Бүгінде «Astana Hub» қатысу­шы­ларына қолайлы экожүйе құрылған. Елімізде сатылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің айналымы бойынша қосылған құн салығын төлеуден босататын арнайы салық режімі түріндегі преференциялар да қолданылады. Сондай-ақ IT-компанияларға жұмыс орындары, серіктестік бонустары берілген. Осы қолдау шараларының барлығы оларға үнемделген қаржыны, жобаларды қарқынды ілгерілетуге мүмкіндік береді. Еске сала кетейік, «Astana Hub»-та өткен жылы 400 млрд теңге табыс тапқан 1 400 IT-компания бар.

Үкімет басшысы инно­ва­циялық экожүйені аралап, жеке-жеке танысты. Мысалы, оқытушының қатысуынсыз, дәріссіз өтетін Орталық Азия­дағы алғашқы «Alem» ІТ-бағ­дарламалау мектебіне барды. Ол «01EduSystem» француз әдістемесі бойынша өзара оқыту қағидаттарына негізделген. Ерекше мектепте жергілікті, халықаралық компаниялар мен стартаптарда жұмыс істейтін 900-ден астам түлек бар. Одан кейін «Astana Hub» қатысушыларымен, NU ғылыми қызметкерлерімен кездесті. Жасанды интеллект саласындағы бірқатар отандық әзірлемелермен танысып, ғылыми жобаларды коммерцияландыруды арттыру, экономиканың нақты секторымен ынтымақтастықты нығайту келешегін талқылады.

– Президент экономиканы­ цифрландыру шараларын кү­шейтуді, жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануды қамтамасыз ету міндетін нақты белгілеп берді. Мақсат – 2026 жылға қарай IT-қызметтер мен өнімдер экспортының жыл сайынғы көлемін кемінде $1 млрд деңгейінде қамтамасыз ету. Бүгінде бұл көрсеткіш $529 млн-ды құрайды. Еліміз цифрландыру саласында үлкен жетістікке қол жеткізді. IT мамандарымыз үздіктер қатарында, біз оларға жаңа серпінді өнімдер жасауға, IT-шешімдердің экспортын жеделдетуге көмектесуіміз керек, – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы танысқан жобаларды таныстырып өтейік. «Alaqan» стартапы – контактісіз төлем жүйесі. Транзакцияларды биометрия технологиясын қол­дана отырып, алақан тамыр­ларын тану арқылы жүзеге асы­руға болады. Отандық жоба 2020 жылдан бері нарықта және бүгінде үш өнімге ие: «Alaqan Pay», «Alaqan Mektep» және «Alaqan HR». «Alaqan» жүйесінде 100 мың белсенді пайдаланушы, айына 1,2 млн сәйкестендіру, $300 мың инвестиция көлемі бар. Кремний алқабында акселерациядан өткен жоба елімізде мектептердің бірінде сәтті қолданылып келеді. Әзірлеушілер стартапты еліміз бен шетелде одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазір отандық әзірлемеге Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Түркия елдері қызығушылық танытып, оны 500 емханаға орнатуды жоспарла­ған. Жасанды интеллект саласын­дағы тағы бір жаңалық – «Arlan Biotech» жобасы. Стартап жасанды интеллектінің көмегімен наноденелер жасайды. Бұл – медицина мен фармацевтика саласындағы бірегей жаңалық. Наноденелер диагностикалық тест жүйелерін құруда, сондай-ақ онкологиялық және аутоиммунды ауруларды зерттеу және емдеу үдерісінде қолданылады. Сондай-ақ жасанды интеллектіге негізделген бейнекөріністерді жасауға және өңдеуге арналған платформа «Higgsfield AI» әзірлемесі де ұсынылды. Бағдарлама жеке қосымшаларға арналған. Стартап 16 млн доллар жинаған. Бұлар туралы алдағы нөмірлерде жеке-жеке тоқталамыз.

Сонымен қатар Премьер-министр мобильді ойындар әзірлейтін «O’games» сту­диясының жұмысымен танысты. Ол «Car Parking Multiplayer» жобасымен әлемге танымал. Оның Азия, Еуропа, Америка елдерінде 100 млн-нан аса қолданушысы бар.

Жақында ғана Қырғызстан мен Қазақстан арасында заманауи технологияларды енгізу мен инновациялық даму саласында келісім жасалды. Астанада өткен «Қырғызстан – Қазақстан» бизнес форумы аясында қырғыз делегациясы технопарк қызметімен танысқан еді. Тараптар технопарк резиденттерімен серіктестік орнату, қырғыз өнімдерінің Қазақстан нарығындағы экспортын ұлғайту мәселесін талқылады. Делегация құрамында мемлекеттік сектор, IT-компаниялар, агроөнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіп­орындары, сондай-ақ азық-түлік, тігін өнімдері мен құрылыс материалдарын өндіруші ұйым­дардың өкілдері болды. Олар отандық кәсіпкерлермен кездесіп, жаңа технологияларды енгізу және инновацияларды дамыту саласында тәжірибе алмасты.

– IT-қауымдастықтың дамуы үшін «Astana Hub»-та барлық жағдай жасалған. Мұндағы коворкингтер заманға сай жабдықталған екен. Сондай-ақ акселерациялық және инкубациялық бағдарламаларын ерекше атап өткім келеді. Бұл IT немесе креативті экономика бағытындағы стартаптарға өз дағ­дыларын шың­дап, венчурлық қар­жы­ландыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Маған «Alem» бағдарламасы айрықша әсер қалдырды, себебі осы бастаманың арнайы білімі жоқ әзірлеушілерге де берері мол. Бұл академиялық бағдарлама кез келген адамға, тіпті IT бойынша білімі болмаса да, осы саланы игеруге жағ­дай жасайды. Бұдан бөлек технопарк қатысушылары қырғыз өндірушілерімен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді. Бұл ұсыныстарды міндетті түрде пысықтаймыз, өйткені біз үшін отандық өнімнің экспортын кеңейту маңызды, – деді Қыр­ғыз Республикасы Экономика және коммерция министрлігі жанындағы «Қырғыз Экспорт» ММ директоры Урмат Такиров.

Жалпы, елімізде 2026 жылға қарай ІТ-қызметтер мен өнімдер экспортының жыл сайынғы көлемі кемінде 1 млрд доллар деңгейіне шығу мақсаты бар. Бүгінде бұл көрсеткіш 529 млн долларды құрайды. Осы жолда қызмет ететін әр маман, әр жоба – цифрлық сала үшін маңызды. Цифрлық дамуға бірден-бір үлес қосып жүрген «Astana Hub»-тың адымы алшаң болғай.