09 Қаңтар, 2015

Ұлт ұлына құрмет

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Рафхаттан (4) Мәңгілік Ел болуға қажет­­­­ті алғышарттардың бірі – әдебиетіміз бен өнеріміздің өміршеңдігі, қанша уақыт өтсе де өзінің о бастағы тұма бұлағы мен ұлттық қайнарынан айырылмауы десек, қателесе қоймайтын шығармыз. Егер қысқаша қайыр­сақ, өлмейтін, өшпейтін мәңгілік жыр Мәңгілік Ел болудың да бір тұтқасы екені талас туғызбайды. Өйткені, халқымыздың қадір-қасиеті мен бітім-болмысы және туабітті жаратылысын жеріне жеткізе жазылған жырлардың ғұмыры ұзақ. Міне, осындай өлшемге сәйкес келе алатындай ақын­дары­мыздан кім бар деп сауал салар болсақ, бар­ша қазақ жұрт­шылығының ­наза­рына ең алдымен Қадыр ­­Мыр­за Әлінің есімі оралады. Газе­ті­міз­де бұған дейін хабарланғанын­дай, жаз­ған өлеңдері мен туындыла­ры тұтас­тай халқымыздың өмірі­мен үндесіп кеткен, сонымен бірге, айтқан сөздері мен кесек-кесек поэтикалық орамдары тұтастай ел сөзіне, қазақтың сөзіне айналып үлгерген поэзия алыбы Қадырдың туғанына 80 жыл толып отыр. Осыған орай ақынның туған жері Ақжайықта аса талантты перзентінің рухына тағзым етуге, оның есімін қастер тұтуға арналған шырайлы шаралар шоғыры басталып та кетті. Бұған бірінші кезекте Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұ­рағаттар және құжаттама бас­қармасы бас­тамашы бола білгенін де айта кеткеннің артық­шылығы жоқ. Бұл жөнінде бізге аталған басқарма басшысы Дәулет­керей Құсайы­нов былай деді: – Қадекеңнің туған күні – 5 қаңтарда өңірдің бар­лық 402 кітапханасында дәл бір мезгілде ақын туындыларына арналған феномен дерліктей акция өткізіл­ді. Осы үрдіс жыл бойы Қадыр оқулары ретінде жалғасатын болады. Биыл облыс орталығында туған халқының мінезімен тұтасып кеткен Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының тұсауы кесіледі. Бүгінде республикада баламасы жоқ орталықтың құрылысы аяқталып келеді. Қазіргі күні оны қабылдап алуға әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Қадекеңнің бай кітапханасы мен көзі тірісінде тұтынған бұйымдары да осы жерден орын алмақ. Ақын рухын асқақтатуға арналған екінші бір мәнді де мағыналы шара облыстық тарихи өлкетану мұражайында мәреге жетті. Қадыр Мыр­за Әлінің өмірі мен шығар­машылығына арналған көрме мен еске алу кешін тамашалауға тұрғындар көп жиналды. Олар­дың ықыласын туғызған бұл басқо­судың басты бір ерекшелігі – оған Қадыр ақынның ұстазы, жа­сы тоқсанға таяп қалса да кәрілік­ке бой алдыра қоймаған, есте сақтау қабілетін жоғалтпаған, ойын да, бойын да таза ұстап келген зерделі жан Асыл Аяпқалиқызының өзінің талантты шәкірті жөнінде төгілдіре толғанғаны болды. Асыл апамыз Қадекеңе мектепте оқып жүрген кезінде химия және физика пәндерінен, бұған қоса математикадан сабақ беріпті. Рас, физика мен лириканың арасы қашықтау. Шәкіртінің бұл пәндерге деген құлшынысы мен ықыласы қандай болғанын ашып айта қоймаса да ол кісі кейіннен қазақтың танымал ақынына айнала білген шәкіртінің бойында­ғы мақсаткерлік пен ой-жігер тұтастығы тұрғысындағы тамаша қасиеттер оның жасөспірім кезінен айқын бой көрсеткенін айтып берді. Иә, көзі тірісінде кемелдіктен асып кемеңгерлікке жете білген ұлы суреткерге жыл бойы құрмет көрсетіле береді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ. Суреттерде: Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының құрылы­сы аяқталып келеді; қордан алынған суреттер көрмесі. Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ