Париж төріндегі теракт
Әуелі, қаңтардың 5-і күні Германияның Дрезден қаласында ислам қозғалысына қарсыларды жақтаушылардың акциясы болып өтті. Саксония жеріндегі шаһар көшелерін бір мезгілде 18 мың адам басып қалды. Өздерін «Кәрі құрлықтың исламдануына қарсы еуропалық патриоттар» қозғалысын қолдаушылар деп атаған бұл топ заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы елге сырттан босқындардың басып кірулеріне тосқауыл қоюды талап етті. Жалпы, бұл өткен жылғы желтоқсанның 22-сінен бері мұнда өткен 11-ші шеру еді. Осымен бір мезгілде елдің бірқатар ірі қалаларында Дрездендегі акцияға қарсы шығушылардың митингілері кеңінен өріс алып кетті. Соның ішінде Мюнстерде – 10 мың, Штутгартта – 8 мың, Берлин мен Кельннің әрбірінде 5 мың адам текетіреске түсетін жақтың да әлсіз емес екендерін байқатып берді. Бұдан бөлек, бұлардың соңғысында көшеге шыққан ызалы жұрт оңшылдар әрекетіне наразылық ретінде қала орталығына орналасқан собор мен басқа да көрікті орындарды электр қуатынан ажыратып тастады. Олар бұл акцияның атын да «Нәсілшілдердің жарықтарын өшіреміз» деп атады. Дәл осындай шараны Дрездендегі алып автозауыт – Volkswagen концерні жұмысшылары да жасап, кәсіпорынды электр қуатынсыз қалдырды. «Volkswagen ашық, азат және демократиялық қоғам үшін күреседі», деді олар өз хабарламаларында. Арада екі күн өткенде, Франция астанасында ислам қозғалысына қарсылыққа қатысты тағы бір жүрек тітіркентерлік оқиға орын алды. Бірақ мұндағы қарсылық жалпы ислам зәузатына емес, тікелей «Ислам мемлекеті» деп аталатын тойымсыз тобырға барып тіреледі. Әлбетте, инцидент іркілген күні бұл тұжырым бірден жұрттың жадына сап етіп орныға қалған жоқ. Нағыз қанды қырғын 7 қаңтарда Париждің орталығындағы Charlie Hebdo сатиралық апталық журналының редакциясында болды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, сағат 11:30 шамасында Калашников автоматы мен гранатомет асынған белгісіз екі адам басылым орналасқан ғимаратқа кіріп келіп, редакция алқасының жиынын өткізіп отырған журналистерге қарай оқ жаудырған. Оқиға орнында 12 адам жер жастанса, екеуі полиция қызметкері. Бұдан бөлек, 10 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Куәлардың айтуларынша, офиске бетперде жамылып кірген екеу «Аллаһу акбар» деп алып, «Біз пайғамбар үшін кек қайтардық», деп айқайлаған. Олардың бұлай деулерінің де себебі бар. Аталмыш Charlie Hebdo журналы бұған дейін Мұхаммед пайғамбарды мазаққа айналдыру жөнінде біраз белсенділік танытып үлгерген. Журналдың негізі 1969 жылы қаланып, 1981 жылға дейін тоқтаусыз шығып келген. Бірақ сол жылы аяқ астынан жабылып қалған. Дегенмен, араға 11 жыл салып барып, апталық қайтадан тарай бастаған. Ал жанжалмен атын танытуды 2006 жылы даттың Jyllands-Posten үнпарағында жарық көрген пайғамбар туралы сайқымазақ суретті көшіріп басудан бастапты. Мұнымен де тоқтай қоймаған. Ол 2012 жылы «Мұсылманның кінәсіздігі» атты фильмнің шығуына байланысты Еуропаның көптеген қалаларында жаппай тәртіпсіздік жасалып жатқан кезде тағы осындай бірнеше карикатура жариялап жібереді. Осыған байланысты журналдың басшысына көптеген белгісіз кісілерден қоқан-лоққы жасалған көрінеді. Бұдан қатты секем алған директор көпке дейін полицияның қорғауында жүруге мәжбүр болыпты. Ал журнал таяу күндерде «Ислам мемлекеті» деп аталатын қарақшылар тобының серкесі Абу Бакр әл-Бағдадидің карикатурасын жариялаған екен. Сарапшылар қазір лаңкестердің мынадай сойқанға баруларына да тікелей осы соңғы әрекеттің әсері басымырақ болғанын айтып отыр. Осы оқиғадан кейін Франция астанасында террорлық қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланып, күш құрылымдары БАҚ редакцияларын өз күзеттерінің аясына алды. Қайғылы жағдай жайы мәлім болған бойда сол жерге Франция президенті Франсуа Олланд, ішкі істер министрі Бернар Казнев, Париж қаласының мэрі Анн Идальго барып қайтты. Елдің басшысы болған жайға «теракт» деген баға берді. Ол, сонымен бірге, соңғы апталарда Францияда бірнеше лаңкестіктің алды алынғанын мәлімдеді. Президент содан кейін үкіметтің шұғыл отырысын өткізді. Әлемдік қоғамдастық орын алған лаңкестікті қатты айыптап жатыр. Сол күні кешке қарай француз астанасының орталығында 34 мың адамның қатысуымен Charlie Hebdo сатиралық апталығына қолдау көрсетуге арналған шеру болып өтті.Фергюсоннан басталған тайталас
Жаңа жыл басталғалы бері АҚШ-та полицияның қаталдығы мен нәсілдік кемсітушілікке қарсы наразылық акциялары жаңа пішінге көшті. Қазіргі күндері Нью-Йорктің, сондай-ақ, Окленд және Беркли секілді қалалардың барлары мен ресторандарында әлденеше ондаған белсенділер жұрттың немқұрайлы топтарының сана-сезімдерін қозғау мақсатында өздері «флешмоб» деген атау берген әрекеттерге дендеп кірісіп кетті. Аталған акцияға қатысушылар бірнеше ондаған адам отырған залдарға өткен жылы полиция офицерлері атып өлтірген Майкл Браун мен Эрик Гарнер секілді тағы оншақты афроамерикалық азаматтың аттарын дауыстап атап, тақпаққа қосып кіріп келеді. Олардың бұл ишараларын қоғамдық орындар иелері мен келушілерінің біразы түсіністікпен қабылдап жүр. Сонымен қатар, мұндай әрекетке наразылық білдіретіндер де табылып қалады. Таяуда Нью-Йоркте елдің түкпір-түкпірінен жиналған мыңдаған полицей тап осылайша өздерінің әріптестерімен қоштасты. Ал жер қойнына беріліп жатқан Вэнь-Ян Лю бұдан екі апта бұрын әлеуметтік желіде барлық ақ офицерден кек қайтаруға ант берген қара нәсілді жігіттің қолынан оққа ұшқан еді. Аталған полицейдің жұптас әріптесі Рафаэль Рамосты жерлеуге арналған шара кезіндегідей мұнда да наразылық болмай қалған жоқ. Мұнда да қала мэрі сөз сөйлеп жатқанда, жүздеген полицей көшеге қаратылған экранға қасақана сырттарын беріп тұрды. Офицерлер өз әріптестерінің қаза табуларына наразылық көрсетуші қара нәсілді халық өкілдеріне шектен тыс жұмсақтық көрсеткен қалалар басшылары жауапты деп есептейді. Негізі, бұл текетірестің басы өткен жылғы 9 тамызда Миссури штаты, Сент-Луис округіндегі Фергюсон қалашығында тіркелген мына оқиғадан кейін кеуде көтерді. Бұған жергілікті полиция офицері Даррен Уилсонның тәртіпке шақыру кезінде өзіне қарсылық көрсетпек болған қара нәсілді 18 жасар жасөспірім Майкл Браунды атып тастағаны себеп болды. Осыған ашу-ыза білдірген тұрғылықты халық қала көшелеріне шығып, билікті болған оқиғаның егжей-тегжейін таза тексеруге шақырды. Соның тасқыны бүкіл тамыз, қыркүйек, қазан айларында үздіксіз шаң көтеріп, бір дамыл таппады. Кейірінек тәртіпті қамтамасыз ету үшін кентке Федералды барлау бюросының агенттері мен АҚШ ұлттық гвардиясының жауынгерлері жеткізілді. Қайғылы оқиғаның нақтылы қалай өрбігені әлі күнге дейін белгісіз. Бірқатар куәлар полицей оқ атқан кезде жасөспірімнің екі қолын көтеріп: «Атпаңдар!» деп тұрғанын айтады. Басқа біреулер бозбаланың офицердің бұйырғанына қарамастан, тым жақын келіп, оны оқ шығаруға мәжбүр еткенін баяндайды. Кейін тәртіп сақшысы мұны өз басын қорғау үшін жасағанымен түсіндірді. Бірақ жұрттың бәрі баланың қолында ешқандай қару болмағанын растап отыр. Қалай дегенде де, соңынан алқа билер сот полицейдің әрекетінен заңға қайшы келетін әрекет таппай, оны қылмыстық жауаптылықтан ада-күде босатты. Осы үкім жарияланған 24 қараша күні қалада жаппай тәртіпсіздіктер басталып, оның соңы талауға ұласып кетті. Фергюсон тұрғындарының акциясын сол заматында АҚШ-тың 30 штатының жұрты қолдап әкетті. Мұның алдында, өткен жылғы 17 шілдеде Нью-Йорк штатының Томпкинсвилл қаласының тұрғыны, алты баланың әкесі, 43 жастағы афроамерикалық Эрик Гарнер полицейлер жасағы өзін көшеде заңсыз темекі сатып тұр деген айыппен ұстамақшы болғанда, қолдарына кісен салдырмай, қатты қарсылық көрсетеді. Тәртіп сақшыларының қай-қайсысынан да айтарлықтай ірі әрі биік болғандықтан, ақ нәсілді полицей Дэниел Панталео оны жерге жығып, тұншықтыру әдісін қолданады. Бірнеше полицей жабылып басып тұрғанда Гарнер: «Тұншығып барамын», деп айқайлайды. Содан кейін ол қарсыласуын доғарады. Бір сағаттан кейін оның өлгені аян болады. Артынан анықталғандай, марқұм қолқа демікпесімен ауырады екен. Бұл оқиға да қоғамға қатты дүмпу алып келді. Оның соңын ала Фергюсондағы жағдай орын алды. Ал 24 желтоқсан күні Миссури штатындағы Сент-Луис қаласында 18 жасар Антонио Мартин полицейдің қолынан қаза тапты. Оқиға сол күні кешкілік болған. Қазір осы оқиғаға байланысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қазір әлемдегі көптеген сарапшылар Құрама Штаттарда тағы да нәсілдік сипаттағы толқулар туындап келе жатқанын алға тартады. Бұл елді осы төңіректегі қанды оқиға 1992 жылғы сәуір-мамыр айларында болып еді. Ол Лос-Анджелестегі алқа билер соты қара түсті Р.Кингті соққыға жыққан төрт ақ нәсілді полицейді ақтап шығарғаннан кейін басталған. Сол жолғы ақ түсті азаматтарға шабуыл жасап, үйлерді қиратуға бағытталған қарсылық қозғалыстары барысында 53 адам қаза тапты, 1 100 шамалас үй-жай отқа оранды, қалаға 1 500 000 000 доллар көлемінде шығын келтірілді.Жүгенсіз кеткен жұмыссыздық
Еуропада соңғы уақыттары жұмыссыздықтың деңгейі күрт көтеріліп кеткені байқалып тұр. Ол, әсіресе, Италияда бұрын-соңды болмаған «рекордтық» көрсеткішке жетті. Мұнда дәл қазір оның белдеуі еңбекке жарамды жұрттың 13,4 пайызын құрайды. Аппенин түбегіндегі ИСТАТ ұлттық статистика институты сәрсенбі күні мұның 1977 жылдан бергі аралықтағы абсолютті жоғары нәтиже екенін жариялап үлгерді. Міне, жаңа жылдың басында бұл елде осылайша бұдан 38 жыл бұрын тіркелген «рекордқа» өзгеріс енгізіліп отыр. Ал мұның белгісі өткен жылдың қараша айында байқала бастаған болатын. Сол кезде елдегі жұмыссыздар саны 3,45 млн. адамға жетіп, көрсеткіш соның алдындағы қазан айынан 1,2 пайызға асып түскен еді. Осы күндері жұмыссыз жүрген жастар қатары тарихи тұрғыдағы ең жоғары мөлшерге көтеріліп кетті. Олардың 43,9 пайызы жұмыссыздықтың қамытын киюге мәжбүр болуда. Осының алдында ғана Еуропа парламенті Грекия, Италия, Польша және Франция елдеріне жұмыссыздықпен күреске көмек ретінде 35,5 млн. еуро қаржы бөлу жөнінде шешім қабылдады. Оған Страсбургте өткен пленарлық сессияда қол жетті. Ал қаражат парламент шешімін Еуропа кеңесі мақұлдағаннан кейін барып, Еуропаның жаһандануға бейімделу қорынан бөлінетін болады. Парламент депутаттарының айтуларынша, осының арқасында аталған мемлекеттер биліктері Еуропадағы жаһандану үдерісі мен экономикалық кереғарлықтардың зардаптарынан жұмыссыз қалған 6 мыңнан астам адамға нәпақа тауып бере алады. Мұндағы әңгіме негізінен Парсы шығанағы елдері авиатасымалдаушылары тарапынан бәсекелестіктің күшейе түсуіне және отын бағасының күрт қымбаттап кетуіне байланысты жұмыстан шығып қалған француздың Air France авиакомпаниясының 3,8 мыңнан аса қызметкері туралы болып отыр. Осы үшін Франция үкіметі аталған қордан 26 млн. еуроға жуық ақша алады. Бұл Еуропарламенттің құрылғалы бері осындай мақсатты тірлікке беріп отырған ең көп сомасы болғалы тұр. Әлем экономикасындағы қиындықтар сондай-ақ, тұтыным сұранысының түсіп кетуіне де апарып соқтырды. Осының салдарынан гректің Odyssefs Fokas атты бөлшек сауда жүйесі сауда көлемін күрт кемітіп алып, 600 адамды жұмыстан шығарып жіберуге мәжбүр болды. Компания сондай-ақ, грек банк жүйесіндегі проблемалардың салдарынан айтарлықтай ауқымда қаржылай шығынға батты. Осыдан соң Афина Еуропалық одақ қорынан 6,44 млн. еуро мөлшерінде көмек алатын болды. Депутаттар сол сияқты Италияның теріскейіндегі тұрмыстық техникалар шығаратын Whirlpool зауытына 1,89 млн. еуро шамасында қаржылай жәрдем беруге ұйғарым жасады. Мұнда да сұраныстың түсіп кетуіне байланысты 600 адам жұмыстан шығып қалған. Мұндай қиындықтарды Польша кәсіпорындары да тартып жатыр. Италияның Fiat автомобильдерін шығаратын зауыт та сұраныстан қағылып, 1 мың адамды жұмыссыз қалдырды. Еуропарламент зауыттан кеткен 770 адамды қайтарып әкелу үшін 1,26 млн. еуро бөлуге әрекет жасауда. Жалпы, Еуропаның жаһандануға бейімделу қорының ақшалай жиынтығының көлемі 150 млн. еуроны құрайды. Ол жыл сайын толығып тұрады. 2006 жылы құрылған қор бәсекелестікпен күресте жеңіліс тапқан трансұлттық компаниялар мен жекелеген өндірушілерге көмек көрсетумен айналысады. Әдетте қоғамдастық елдері жұртты жұмысқа орналастыру мәселесін өз беттерінше тез шешіп отыруға ұмтылады. Содан кейін Еуропа одағының көмегіне жүгінеді. Әйткенмен, бұл жолы басталған жұмыссыздық толқынының жуыр маңда қайта қалатын түрі көрінбейді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».