20-24 сәуір аралығында қала әкімдігі қызметкерлері, облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар ресурсы орталығының белсенділері, А.Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университеттің магистранттары мен оқытушылары бірігіп, Жеңіс саябағын тазартып шықты.
«Сәуір басталғалы бері мердігер мекемелердің қолы жетпеген жерлерге тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қаншама саябақ пен аллеяны тазартып, ескерткіштерді жуып, сүртіп, айналасын тырмалап, сыпырып, тап-таза етіп қойдық. Бүгін, міне, Жеңіс саябағына шықтық. Кейде күніне 10-15 машина қоқыс шығаратын кездеріміз болады», дейді Қостанай қалалық ТКШ бөлімінің жетекшісі Денис Петрухно.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған экологиялық акция мамырдың 11-іне дейін жалғасады. Тазалық акциясының бір ерекшелігі әр күнгі сенбіліктің «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» деген сияқты өзінің тақырыбы бар. Мысалы, бір ғана «Киелі мекен» тақырыбы аясында өңірдегі жүздеген ескерткіш пен киелі нысандардың іші-сырты тазартылып, айналасы қоқыстан аршылды.
Су тасқынынан кейін сүреңсіз күйге енген Тобыл өзенінің жағасын тазарту жұмыстары да күнделікті жүріп жатыр. Жиналған қоқысты тегін шығарып беруді коммуналдық қызметтер өз мойындарына алған.
Облыстық ТКШ басқармасының мәліметінше, өңірде көп болып қолдау тапқан игі іс-шараға облыстың 20 ауданынан 42 мың адам атсалысып, 2 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған.
Қостанай облысы