Инвестиция • 27 Сәуір, 2024

Айына – 20 миллион жөргек

55 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сайрам ауданы Ақсукент ауылында «Capable group» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі (ҚБ) италиялық технологиямен жөргек шығаратын өндіріс орнын 2021 жылдың күзінде іске қосқан еді. 2022 жылы жапон технологиясымен минутына 500-700 дана жаялық шығаратын қондырғы орнатқан. Бүгінде фабрика тағы екі желіні іске қосып, айына 20 миллион жөргек шығарып келеді. Сондай-ақ жұмыспен қамтылғандар саны 60-тан 360 адамға жетіп отыр. Оның ішінде өндіріс орнында жұмыс істеушілермен қатар жөргектерді еліміздің барлық аумағына жеткізіп, өткізушілер де бар.

Айына – 20 миллион жөргек

Бұрындары бесікке бө­­ле­нетін сәбиді орай­тын, асты-үс­тіне салынатын жұмсақ маталарды, яғни жатын орнының төсе­ніші мен жамылғысын жөр­гек, жаялық дейтін. Жөр­гекті қа­сиетті санап, үнемі таза болуын халқымыз қатты қа­даға­лайтын. Бүгінгі баланың жөргегі мүлде бөлек. Заманына сай. Ай­тайын дегеніміз, кешегі мен бүгінгі жөргек-жаялықтың айыр­машылығы жөнінде емес, Түркістан облысында отандық өнім шығаратын алғашқы кәсіп­орын туралы еді. Түркістан об­лысы елімізде табиғи өсім бойын­ша алдыңғы қатарда. Биыл қаңтар-ақпанда халықтың табиғи өсімі 7 369 адам болып, былтырғыдан 3%-ға артқан. Былтыр облыста 54 498 сәби дү­ние есігін ашқан. Оның 643-і – егіз, 8-і – үшем. Өңірде 177 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның ішінде 15 мыңнан аса «Алтын алқа», 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ тәрбиелеп жатыр. Сонымен бірге облыста 4661 ана І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Біз әңгімелеп отырған кәсіпорын басшылары өңірдің осы бір ерекшелігін де ескергені анық. Яғни балалы үйдің сұранысын зерттеген. Отандық өнімге сұраныс болатынын болжаған.

Өндіріс орнын ашқан кә­сіп­керлер алғашқыда, яғни 2010 жылдан бастап мүм­кін­дігі шектеулі жандарды қол­дау мақсатындағы ұйым­дарға жөргек жеткізумен айна­лысқан екен. Нарықтың бұл сала­сын әбден зерттейді. Сөй­­тіп, 2020 жылы Түркия­дағы серіктестерімен келі­сіп, құ­рал-жабдықтар алып келген. Кәсіпорын құрылтай­шы­ла­рының алғашқы жоспары бойынша қомақты инвестиция тартып, 60-70 адамды жұмыспен қамту көзделген. Ол толық атқарылды, яғни құны 3 млрд теңгелік инвестициялық жобаның 70%-ы – қазақ инвесторына, 30%-ы «Royal Hijyen A S» түрік компаниясына тие­сілі. Атауы айтып тұрғандай, мекеменің мақсаты да – мү­ге­дектерді жұмыспен қамту, сапалы да қолжетімді отандық өнім шығару. Отандық жөргек-жаялықтар шығаратын «Capable group» мүгедектер қоғамы» ҚБ салықтық жеңілдіктерді пай­даланады. Мүгедектерге фаб­рика өнімі тегін, оларға жөр­гектердің кепілдендірілген көлемі «Aleumet» порталы ар­қылы тапсырыспен беріледі.

Отандық өнімнің негізгі тұ­тынушылары – 4 жасқа де­йінгі балалар. Оларға арнал­ған «Simbo Baby», «Aityn Ba­la», «GIGO», «Ney Baby» жөр­гек­теріне сұраныс бар. Мүге­дек­терге арналған «Shipa», «Ney Medikal», «Royal Med» ги­гие­налық жөргектері шыға­ры­лады. Өндіріс орнының не­гізін қалаушылардың бірі Баян­сұлу Төрегелдіқызы өз ұлы­на шетелдік жөргекті қол­данып келген. Алайда баға мен сапаға қатысты мәселе туын­даған. Сондықтан шетелдік өнім­ге бәсекелес сапалы жөргек шы­ғаруды жөн санапты. 

«Ұлым дүниеге келгеннен кейін барлық жөргекті көр­дік. Бірінің сапасы дұрыс болмайды. Бірінің бағасы қымбат. Өзімізге солар­дың бірі ұнады. Соны көріп, неге бізде осындай өнім шы­ғармасқа деген ой келді. Басында бастағанда біз «Simbo Baby» жөргектерін түрік технологиясымен жасадық. Соны қатар алып жүріп, жапондық технологияға көштік», дейді Баянсұлу Төрегелдіқызы.

Өнімге қажетті шикізаттар Қытай, Түркия, Германия, АҚШ елдерінен әкелінеді. Кәсіпкердің айтуынша, өндірі­летін өнімдердің өзіндік ерек­шеліктері де бар. Мысалы, «Simbo Baby» жөргегіне ең жоғары сападағы шикізат қосы­лады. Негізі бір жөргек 17 түрлі шикізаттан жасалады. Сырт­қы орамы ғана еліміздікі. Өн­діріс орнында жұмыспен қам­тылғандардың басым бөлігі – мүмкіндігі шектеулі жандар.

– Мемлекет басшысы «Әді­летті Қазақстанның эконо­микалық бағдары» атты Жол­дауында жаңа өнеркәсіп сая­сат арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіс екенімізді атап өтті. «Мемлекет ірі кә­сіпорындармен бірлесіп, өн­дірістің барлық сатысы өз елі­мізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс сала­сын реттейтін және ынталан­дыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек. Сонымен бірге рет­телетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арт­­тыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісімшарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек», деді Президент Жолдауында. Сондай-ақ мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті екені, экономикамыз басқа елдерге әр­дайым ашық болуға тиіс­тігі айтылды. Мемлекет басшы­сының Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақ­сатында біз өндірісті кеңей­туді жоспарладық. Алайда отандық өнімді өткі­зуде қоғам­дық бірлестіктің қыз­метіне тікелей әсер ететін бірқатар мәселе бар. Ол өз кезе­гінде қызметкерлеріміздің, оның ішінде мүгедектердің еңбек­ақысына, құрал-жабдықтар­дың күтіміне, жалпы фабрика­ның дамуына кері әсерін тигі­зіп отыр. Отандық өндірушілер, соның ішінде мүгедектер қоғамдастығы әйгілі әлемдік брендтермен, импорттық аналогтермен бәсекелесуге мәж­бүр. Өнім өткізуге жасалған бірдей жағдайда тұтынушы еліміз­де жасалғанымен шетелдік өнімнен кем түспейтін, бірақ бейтаныс маркалы тауарды емес, әйгілі брендтік тауарды таңдайтыны белгілі. Яғни бұл бағыт мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Шығарылып отыр­ған жөргектердің сапасы түрік, корей, жапон тауарларынан кем түспейді. Сондықтан қоғамдық бірлестік әлемдік брендтермен отандық нарықта күресіп келеді, – дейді «Capable group» мүгедектер қоғамы» қоғам­дық бірлестігінің төрағасы Бейімбет Сүйін.

Бұл орайда қоғамдық бір­­лестік барлық жағдайды баян­­дап, ұсыныс-пікірлерін біл­­діріп, жыл басында Премьер-министрдің атына хат жол­дап­ты. Онда әлеуметтік осал топ өкіл­дерінің гигиеналық заттарды веб-портал арқылы сатып алатыны айтылған.

«Өнімді өткізу еліміз бо­йын­ша дистрибьютерлік же­лі есебінен, көтерме сауда нысандарымен, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы, балалар үйі, мүгедектер қоға­мының өкілдіктерімен келісім­шарт жасау жолымен ұйым­дас­ты­рылады. Бұл орайда біз веб-порталды зерделеу нәтижесінде бірқатар кемшілікті анықтадық. Мысалы, бәсекелестік орта жоқ, яғни белгіленген кепілдік баға бойынша тұтынушы облыстық комиссия веб-порталға қой­ған өнім маркасын алуға мәж­бүр. Қамтамасыз етуші сапасы жоғары, бағасы төмен тауар­ды немесе аналогтік өнімді ұсына алмайды. Біздің компа­ния­ның импорттық аналогтеріне қарағанда бағасы төмен, сапасы жоғары жөргектерді тұтынушыға жеткізу мүм­кін­дігі бар. Бұл өз кезегінде рес­пуб­ликалық бюджетті үнем­деуге мүмкіндік береді. Им­порт­тық тауарлардың көпті­гінен, әлеуметтік қызмет пор­тал­­дарында мүгедектік қоғам­дас­тыққа және отандық өндіру­шілерге сатып алу басымды­ғының болмауына байланысты отандық өнімді өткізу қиынға соғып отыр», делінген Үкімет басшысына жолданған хатта. Яғни кәсіпорын өнім өткізуде мемлекеттік қолдауға мұқтаж.

Тағы бір өзекті мәселе – маман тапшылығы. Бұл мәселені шешу бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.

«Соңғы екі жылда төрт жас маманды Түркияға оқуға жібердік. Өндіріс орнындағы бір қондырғының өзінде сексеннен астам қозғалтқыш бар, компьютерге қосылған, электроникамен жұмыс істейді. Жөргек шығаратын техника, қондырғылардың бәрі сырттан әкелінген. Осыған байланысты бір маманды Қытайдан, үшеуін Түркиядан шақырдық. Олардың жалақысы айына 2000 доллар шамасында. Сол маман­дар жұмыстың барысын өз аза­маттарымызға үйретеді. Тех­нолог, операторлар – сұранысқа ие мамандықтар. Шетелдік мамандарды алмастыру үшін жергілікті жастарды оқытып жатырмыз. Одан бөлек, технолог­терді даярлауды қолға алдық. Арнайы құрылып жатқан зертханада жұмыс істейтін мамандарды да оқытуға кірістік. Олар негізінен жергілікті тұрғындар. Өндіріс орнын электр қуатымен қамтамасыз етуде де мәселе бар. Бұл орайда Сайрам ауданында салынып жатқан стансаға үлкен үміт артып отырмыз», дейді Баянсұлу Төрегелдіқызы. 

Кәсіпорын алдағы жиыр­ма жылға жоспар-жоба жасаған. Ол бойынша отандық өндіріс көле­мін 80-85 пайызға жеткізу көз­дел­ген. Сондай-ақ өз өнімде­рін ЕАЭО және ТМД елдеріне экс­порттауды жолға қоймақ. Отандық жөргектер бүгінде Моңғолия, Ресей, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасына жөнелтіледі.

 

Түркістан облысы