Бұрындары бесікке бөленетін сәбиді орайтын, асты-үстіне салынатын жұмсақ маталарды, яғни жатын орнының төсеніші мен жамылғысын жөргек, жаялық дейтін. Жөргекті қасиетті санап, үнемі таза болуын халқымыз қатты қадағалайтын. Бүгінгі баланың жөргегі мүлде бөлек. Заманына сай. Айтайын дегеніміз, кешегі мен бүгінгі жөргек-жаялықтың айырмашылығы жөнінде емес, Түркістан облысында отандық өнім шығаратын алғашқы кәсіпорын туралы еді. Түркістан облысы елімізде табиғи өсім бойынша алдыңғы қатарда. Биыл қаңтар-ақпанда халықтың табиғи өсімі 7 369 адам болып, былтырғыдан 3%-ға артқан. Былтыр облыста 54 498 сәби дүние есігін ашқан. Оның 643-і – егіз, 8-і – үшем. Өңірде 177 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның ішінде 15 мыңнан аса «Алтын алқа», 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ тәрбиелеп жатыр. Сонымен бірге облыста 4661 ана І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Біз әңгімелеп отырған кәсіпорын басшылары өңірдің осы бір ерекшелігін де ескергені анық. Яғни балалы үйдің сұранысын зерттеген. Отандық өнімге сұраныс болатынын болжаған.
Өндіріс орнын ашқан кәсіпкерлер алғашқыда, яғни 2010 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатындағы ұйымдарға жөргек жеткізумен айналысқан екен. Нарықтың бұл саласын әбден зерттейді. Сөйтіп, 2020 жылы Түркиядағы серіктестерімен келісіп, құрал-жабдықтар алып келген. Кәсіпорын құрылтайшыларының алғашқы жоспары бойынша қомақты инвестиция тартып, 60-70 адамды жұмыспен қамту көзделген. Ол толық атқарылды, яғни құны 3 млрд теңгелік инвестициялық жобаның 70%-ы – қазақ инвесторына, 30%-ы «Royal Hijyen A S» түрік компаниясына тиесілі. Атауы айтып тұрғандай, мекеменің мақсаты да – мүгедектерді жұмыспен қамту, сапалы да қолжетімді отандық өнім шығару. Отандық жөргек-жаялықтар шығаратын «Capable group» мүгедектер қоғамы» ҚБ салықтық жеңілдіктерді пайдаланады. Мүгедектерге фабрика өнімі тегін, оларға жөргектердің кепілдендірілген көлемі «Aleumet» порталы арқылы тапсырыспен беріледі.
Отандық өнімнің негізгі тұтынушылары – 4 жасқа дейінгі балалар. Оларға арналған «Simbo Baby», «Aityn Bala», «GIGO», «Ney Baby» жөргектеріне сұраныс бар. Мүгедектерге арналған «Shipa», «Ney Medikal», «Royal Med» гигиеналық жөргектері шығарылады. Өндіріс орнының негізін қалаушылардың бірі Баянсұлу Төрегелдіқызы өз ұлына шетелдік жөргекті қолданып келген. Алайда баға мен сапаға қатысты мәселе туындаған. Сондықтан шетелдік өнімге бәсекелес сапалы жөргек шығаруды жөн санапты.
«Ұлым дүниеге келгеннен кейін барлық жөргекті көрдік. Бірінің сапасы дұрыс болмайды. Бірінің бағасы қымбат. Өзімізге солардың бірі ұнады. Соны көріп, неге бізде осындай өнім шығармасқа деген ой келді. Басында бастағанда біз «Simbo Baby» жөргектерін түрік технологиясымен жасадық. Соны қатар алып жүріп, жапондық технологияға көштік», дейді Баянсұлу Төрегелдіқызы.
Өнімге қажетті шикізаттар Қытай, Түркия, Германия, АҚШ елдерінен әкелінеді. Кәсіпкердің айтуынша, өндірілетін өнімдердің өзіндік ерекшеліктері де бар. Мысалы, «Simbo Baby» жөргегіне ең жоғары сападағы шикізат қосылады. Негізі бір жөргек 17 түрлі шикізаттан жасалады. Сыртқы орамы ғана еліміздікі. Өндіріс орнында жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі – мүмкіндігі шектеулі жандар.
– Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында жаңа өнеркәсіп саясат арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіс екенімізді атап өтті. «Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек. Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісімшарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек», деді Президент Жолдауында. Сондай-ақ мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті екені, экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиістігі айтылды. Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында біз өндірісті кеңейтуді жоспарладық. Алайда отандық өнімді өткізуде қоғамдық бірлестіктің қызметіне тікелей әсер ететін бірқатар мәселе бар. Ол өз кезегінде қызметкерлеріміздің, оның ішінде мүгедектердің еңбекақысына, құрал-жабдықтардың күтіміне, жалпы фабриканың дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Отандық өндірушілер, соның ішінде мүгедектер қоғамдастығы әйгілі әлемдік брендтермен, импорттық аналогтермен бәсекелесуге мәжбүр. Өнім өткізуге жасалған бірдей жағдайда тұтынушы елімізде жасалғанымен шетелдік өнімнен кем түспейтін, бірақ бейтаныс маркалы тауарды емес, әйгілі брендтік тауарды таңдайтыны белгілі. Яғни бұл бағыт мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Шығарылып отырған жөргектердің сапасы түрік, корей, жапон тауарларынан кем түспейді. Сондықтан қоғамдық бірлестік әлемдік брендтермен отандық нарықта күресіп келеді, – дейді «Capable group» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейімбет Сүйін.
Бұл орайда қоғамдық бірлестік барлық жағдайды баяндап, ұсыныс-пікірлерін білдіріп, жыл басында Премьер-министрдің атына хат жолдапты. Онда әлеуметтік осал топ өкілдерінің гигиеналық заттарды веб-портал арқылы сатып алатыны айтылған.
«Өнімді өткізу еліміз бойынша дистрибьютерлік желі есебінен, көтерме сауда нысандарымен, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы, балалар үйі, мүгедектер қоғамының өкілдіктерімен келісімшарт жасау жолымен ұйымдастырылады. Бұл орайда біз веб-порталды зерделеу нәтижесінде бірқатар кемшілікті анықтадық. Мысалы, бәсекелестік орта жоқ, яғни белгіленген кепілдік баға бойынша тұтынушы облыстық комиссия веб-порталға қойған өнім маркасын алуға мәжбүр. Қамтамасыз етуші сапасы жоғары, бағасы төмен тауарды немесе аналогтік өнімді ұсына алмайды. Біздің компанияның импорттық аналогтеріне қарағанда бағасы төмен, сапасы жоғары жөргектерді тұтынушыға жеткізу мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде республикалық бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді. Импорттық тауарлардың көптігінен, әлеуметтік қызмет порталдарында мүгедектік қоғамдастыққа және отандық өндірушілерге сатып алу басымдығының болмауына байланысты отандық өнімді өткізу қиынға соғып отыр», делінген Үкімет басшысына жолданған хатта. Яғни кәсіпорын өнім өткізуде мемлекеттік қолдауға мұқтаж.
Тағы бір өзекті мәселе – маман тапшылығы. Бұл мәселені шешу бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.
«Соңғы екі жылда төрт жас маманды Түркияға оқуға жібердік. Өндіріс орнындағы бір қондырғының өзінде сексеннен астам қозғалтқыш бар, компьютерге қосылған, электроникамен жұмыс істейді. Жөргек шығаратын техника, қондырғылардың бәрі сырттан әкелінген. Осыған байланысты бір маманды Қытайдан, үшеуін Түркиядан шақырдық. Олардың жалақысы айына 2000 доллар шамасында. Сол мамандар жұмыстың барысын өз азаматтарымызға үйретеді. Технолог, операторлар – сұранысқа ие мамандықтар. Шетелдік мамандарды алмастыру үшін жергілікті жастарды оқытып жатырмыз. Одан бөлек, технологтерді даярлауды қолға алдық. Арнайы құрылып жатқан зертханада жұмыс істейтін мамандарды да оқытуға кірістік. Олар негізінен жергілікті тұрғындар. Өндіріс орнын электр қуатымен қамтамасыз етуде де мәселе бар. Бұл орайда Сайрам ауданында салынып жатқан стансаға үлкен үміт артып отырмыз», дейді Баянсұлу Төрегелдіқызы.
Кәсіпорын алдағы жиырма жылға жоспар-жоба жасаған. Ол бойынша отандық өндіріс көлемін 80-85 пайызға жеткізу көзделген. Сондай-ақ өз өнімдерін ЕАЭО және ТМД елдеріне экспорттауды жолға қоймақ. Отандық жөргектер бүгінде Моңғолия, Ресей, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасына жөнелтіледі.
Түркістан облысы