Аймақтар • 30 Сәуір, 2024

50 мың адам жұмылды

75 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Республикалық акция аясында өңірдің 50 мың тұрғыны сенбілікке белсене қатыс­ты. Бұл күні облыс бойынша барлығы 10 мың тонна қоқыс жи­на­лып, шығарылған.

50 мың адам жұмылды

Фото: Валерий Бугаев

«Таза Қазақстан» ауқымды жалпы­ұлт­­тық экоакциясы Павлодар об­лы­сында да ұйымдастырылды. Об­лыс орта­лығында жаппай сенбілік өткізіліп, жүздеген түп ағаш егілді. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков облыс орталығын одан әрі көгалдандыру жоспары басталып кеткенін хабарлады. Биыл Павлодар қаласының аумағында 20 мыңға жуық көшет салынады. Оның тең жартысы «Жасыл белдеуге» егіледі. Сондай-ақ негізгі көшелердегі шіріген ағаштар кезең-кезеңімен ауыстырылады.

Былтыр автоматтандырылған суа­ру кешендері ғашықтар гүлбағында, орталық гүлбақта орнатылды. Биыл осындай жүйелер орталық жағалауда, Конституция гүлбағында, Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіттің аула­­сында, «Қазқонақ» таби­ғи ескерт­кі­ші аумағында пайда болады.

Өңірлік ақпарат және азаматтық даму басқармасының дерегінше, эколо­гиялық акцияға бұл күні 50 мың адам үн қосқан. Тазалық жұмысына 1 200 тех­ника жұмылдырылып, 10 мың тонна қоқыс шығарылды. Елді мекендерде 8 мың ағаш көшеті, 5 мың бұта егілген.

Акцияны облыс орталығындағы №36 экологиялық бағыттағы мектеп түлектері де қолдады. Олар мектептің түлектер аллеясына жүздеген түп ағаш көшетін екті.

«Ағаш егу біздің мектепті дамытуға беріліп отырған мүмкіндік деп қабыл­да­ған дұрыс. Бұл көшеттер жақын жылдарда соңымыздан өкше­леп келе жатқан бауырларымыз бен сіңлі­лерімізге аманат болып, бірге жеті­ле түспек. Ал бұл дәстүрді өзге де түлек­тер жалғастыра береді», дейді мек­теп түлегі, қазіргі күні аталған білім шаңы­ра­ғының көркем еңбек мұғалімі Алена Корионова.

Бұл мектептің ауласында қайың, үйеңкі, қарағай мен шырша, боз арша және басқа ағаш түрлері өсіп тұр.

 

Павлодар облысы