Аймақтар • 30 Сәуір, 2024

Тасыған су тартылған көлдерге жан бітірді

188 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Жайық өзенінен келетін су тасқыны қатерінен аман өтті. Кейінгі тәулікте Атырау облысымен шекарадағы Тайпақ аулы тұсында ғана өзен деңгейі 27 см-ге көтерілген. Ал Орал қаласы мен өзге елді мекендер маңында су қайтып жатыр.

Тасыған су тартылған көлдерге жан бітірді

Облысты бір ай бойы әбігерге салған тасқын кезінде барлығы 1 311 тұрғын үй, 15 166 саяжай үйі суға кеткені белгілі болды. Қазірдің өзінде жергілікті жолдардың 15 бөлігі бүлініп, Теректі ауданында Ақсоғым, Ақжайық ауданында Тасоба ауылдары қатынассыз қалды.

Су тасқыны басталғалы бері өңірде 14 019 адам қауіпсіз жерге көшірілген болса, соның 5 793-і – бала еді. Олардың біразы қазір тұрғылықты жеріне қайт­қанымен, эвакуациялық бекеттерде әлі де 2 428 адам тұрып жатыр. Сондай-ақ 5 078 бас мал да қауіпсіз жерге айдалып, аман қалды.

Сәуір айының 5-інен бастап келе бастаған гуманитарлық көмектің көлемі 29 сәуірде 1 240,4 тоннаға жетті.

Жайық өзенінде су деңгейі күрт көтерілген кезде оған құятын Шаған өзенінің ағысы тоқтап, алға жүре алмай қалды. Қазір Шаған су қоймасы 169,11% толып тұр. Өзен жайылмасындағы сая­жайлар суда тұр. 28 сәуірде Жайық деңгейі – 5 см, 29 сәуірде 8 см-ге түсіп, қауіпті деңгейден ақырын төмендей бас­тады.

Кейінгі жылдары Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандары қуаң­шылық салдарынан қиындық көріп жүрген еді. Жайықтың тасқын суын осы өңірге бұру мәселесі де шешімін та­уып жатыр. Мысалы, Жаңақала ауданы аумағы негізінен Сарыөзен, Қараөзен, Көшім арнасы арқылы су алатын. Биыл өңірге су жақсы келді.

– Жаңақала ауданында 48 мыңнан аса көлтабан, 426,67 км канал, 18 көл, 3 өзен, 2 су қоймасы бар. 2023 жылы 22 180 га көлтабанға су шығарылды, су көлемі 85 393 млн шаршы метр болды. Аудан көлеміндегі Соркөл, Жалтыркөл, Еділсор, Орысқопа, Қисық-Қамыс, Бірқазан, Қандыкөл, Айдын, Сары Айдын, Сулыкөл көлдеріне,  Қамыс Самар жаймасына су алынды. Қарақұдық каналының 28 ша­қырымына механикалық тазарту жұ­мысы жүргізіліп, 4 қақпа жөнделді. Биыл да Сарыөзен, Қараөзен және Көшім арнасы арқылы өзен-көлдерге, каналдарға, көлтабандарға су шығару жұмысы қызу жүріп жатыр, – дейді Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев.

Аудан көлеміндегі су арнасының жалпы ұзындығы 426,67 шақырым екенін айттық. Осы арналардың 175 шақырымы Қазсушар мекемесіне қараса, қалған 251,6 км аудан теңгерімінде тұр. Суды реттегіш қақпа саны – 112.

Биылғы жағымды жаңалық сол, Көшім арнасының сағасындағы Соркөл, Жалтыр­көл, Еділсор, Орысқопа, Қисық­­қамыс, Қандыкөл т.б көлдерге, Қараөзен, Сарыөзен бойындағы Айдын, Сарыайдын, Павелкөлі, Қаңбақты, Қашқар көлдеріне, Қамыс Самар жа­йыл­маларына су беріліп, кеуіп қалған көлдер қайтадан жандана бастаған. Міне, тасқын су бір жағынан тілсіз жау болса, ол суды қажетті арнаға бұрып, сақтап қал­сақ, ел мен жердің ырысы болғалы тұр.

 

Батыс Қазақстан облысы