ЕЛБАСЫНЫҢ БАСТАМАСЫМЕН ЖҮЗЕГЕ АСҚАН БАЛАМАСЫЗ БАҒДАРЛАМА
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің денсаулық саласын заманауи озық технологиялармен қаруланған, жоғары өркениет талаптарына сай сапалы қызмет көрсететін деңгейге көтеру мақсатында баламасыз бастамалар көтеріп, шынайы реформаторлық міндеттерді жүзеге асырды. Бұл орайда Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынып, “Астана қаласының медициналық кластері” бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған ұлттық медициналық кешенді ерекше атап өткен жөн. Осы кешен негізінде Үкімет қаулысымен “Ұлттық медициналық холдинг” құрылып, оған кластер құрамындағы клиникалардың жұмысын басқару міндеті тапсырылған болатын. Біз халық сұранысы мен ұрпақ мүддесі жолында тың бастамаларға ұйытқы болып отырған осы медициналық кластер жұмысымен кеңінен танысу мақсатында “Ұлттық медицина холдингі” АҚ басқармасының төрағасы Елжан БІРТАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
МАҚСАТ МӘРЕСІ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАР
– Елжан Амантайұлы, ел мүддесін бәрінен биік қоятын Елбасының бастамасымен Астанада бүгінгі заманның озық технологияларымен жабдықталған сапалы клиникалар кешені салынып, кешенге қарасты клиникаларда халықаралық сапа стандарттарын және басқарудың бизнеске бағытталған жаңа жүйелерін енгізу міндеті холдингке жүктелген болатын. Осыған байланысты клиникалар жүйесін басқаруды оңтайландыру және қызмет сапасын көтеру мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Ұлттық медициналық холдингтің құрылғанына 2 жыл болды. Республика денсаулық сақтау жүйесінің құрамдас бір бөлігі бола отырып, холдинг елордада салынған 6 инновациялық медицина мекемелерін басқарады. Атап айтқанда, холдинг құрамында Нейрохирургиялық ғылыми орталық, Диагностикалық орталық, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық балаларды сауықтыру орталығы, Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы және Астана медициналық академиясы жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы тағы бір ірі клиника – Ұлттық кардиологиялық орталық пайдалануға беріледі.
Соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау саласына түбегейлі реформалар жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет жыл сайын бұл салаға бөлінетін қаржы көлемін де ұлғайтып келеді. Мәселен, соңғы 5 жыл ішінде еліміздің денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы 4 есе көбейтілді. Негізінен мемлекет тарапынан бөлінетін бұл қомақты қаржы осы заманғы жаңа медициналық мекемелер салу және оларды озық технология және құрал-жабдықтармен жарақтандыруға жұмсалуда. Әрине, енді жұмсалған осы қаржының тиімділік беретін кезі де келді. Биылдан бастап елімізде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізіле бастады. Осы шаралардың барлығының түпкі мақсаты – халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын халықаралық стандарттарға сай жоғары деңгейге көтеру болып табылады. Бұл тек холдингтің ғана емес, бүкіл денсаулық сақтау саласының алдында тұрған басты міндет.
Елбасының Астана медициналық кластерін құрудағы көкейкесті мақсаты – дүние жүзінде өмірге енгізіліп жатқан ең жаңа, ең озық технологияларды елімізге әкеліп, ел азаматтарының игілігіне жарату болатын. Мемлекет басшысының алға қойған осы міндеттерін орындау жолында холдинг барлық қызметін соны ізденістер мен тың зерттеулер нәтижесінде жүзеге асырып жатыр.
– Іс тетігін шешетін білікті кадр демекші, холдинг аясында білімді де білікті кадрлар даярлау жайы қалай?
– Иә, қазіргі таңда Елбасы жүктеген міндеттерді шешу үшін ең бірінші кезекте, медициналық кадрлардың білімі мен іскерлігін арттыру мәселесі тұр. Біз осы міндет үдесінен шығу үшін холдинг аясында үздіксіз кәсіби білімді жетілдіру деген арнайы бағдарлама жасадық. Сол бағдарлама бойынша жыл сайын клиникаларда көптеген шеберлік-кластар өткізіп тұрамыз. Мәселен, қазір Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында Франциядан келген тәжірибелі хирург-акушер-гинеколог жергілікті мамандардың біліктілігін жетілдіру мақсатында дәріс өткізіп жатыр. Бұл шеберлік-кластарға тек холдинг мамандары ғана емес, сонымен бірге еліміздің барлық өңірлерінен дәрігерлер шақырылып, тәжірибе алмасады.
Қазір Астана қаласында ғана емес, еліміздің барлық өңірлеріндегі медицина мекемелері осы заманғы озық техникалармен жабдықталуда. Сол медициналық жабдықтармен жұмыс істейтін жергілікті мамандардың іскерлігін арттыру мақсатында холдинг клиникаларында тұрақты түрде оқу курстары өткізіліп тұрады.
Ұлттық медициналық холдинг мекемелері еліміздің басқа медициналық мекемелеріне қарағанда бір саты жоғары тұр. Сондықтан бұл клиникаларды еліміздің басқа медициналық мекемелеріне үлгі ретінде, мамандардың білімін жетілдіру орталығы ретінде пайдалану орынды деп санаймын. Біздің холдинг құрамындағы медициналық академияға еліміздің барлық өңірлерінен білімін жетілдіру үшін мамандар келеді. Қазір біз клиника базасында резидентура өткізуді тәжірибеге енгіздік. Мәселен, бұрын мамандар медициналық оқу орындарына келіп, 2 жыл клиникалық ординатурадан өтетін. Енді біз холдинг базасында мамандарды 2-3 жыл резидентурадан өткіземіз. Яғни, медициналық институтты бітірген маман жалпы практикалық дәрігер болса, енді бір салада терең маманданып, білімі мен тәжірибесін жетілдіреді. Мұны халықаралық стандарт бойынша резидентура деп атайды. Қазір Нейрохирургиялық ғылыми орталықта 20 қазақстандық мамандар резидентурадан өтіп жатыр. 2-3 жыл біліктілігін арттырғаннан кейін олар өздерін жіберген өңірлерге барып, осы орталықта қандай операциялар жасалатын болса, жергілікті жерде сондай операциялар жасайтын болады.
– Холдингке қарасты клиникаларда ауруханалық басқарудың халықаралық стандарттары тәжірибеге енгізіліп жатқанын білеміз. Осы орайда “Ауруханалық басқару жүйесін жетілдіру” бағдарламасының барысы қалай?
– Холдингтің бүгінгі таңда іс жүзіне асырып жатқан тағы бір басты міндеті – әкімшілік менеджментті тәжірибеге енгізіп, одан әрі дамыту болып табылады. Бұл ретте АҚШ-тың және Батыс Еуропаның жетекші академиялық орталықтарының тәжірибелері кеңінен тартылады. Мәселен, біздің еліміздегі ауруханалар мен емханалардың 90 пайызы мемлекетке қарайды. Көпшілігі мемлекеттік кәсіпорын болып саналады. Бұрын бұл мекемелерді басқару жергілікті атқарушы органдарға тапсырылып, ауруханалардың бас дәрігерлерінің мойнына жүктеліп қойылатын. Тәжірибесі мол жақсы хирург немесе терапевт бас дәрігер болып тағайындала беретін. Мысалы, менің әкем білікті хирург болатын. Содан ол кісіні ірі аурухананың бас дәрігері етіп тағайындады. Сөйтіп, ол кісі 20 жылдан астам бас дәрігер қызметін атқарып, тәжірибелі менеджер болып кетті. Осыдан 20 жыл бұрынғы аурухана мен қазіргі клиникаларды салыстыруға болмайды. Ол кезде ауруханаларда сырқаттар жататын төсек, дәрі-дәрмек қана болатын.
Бүгінгі заманның ауруханаларын басқару үшін көп білім керек. Қазіргі клиника дегеніміз үлкен зауыттан да күрделі құрылым. Бір клиниканың атқаратын 500-ден астам функциясы бар. Сонымен бірге әлемдік стандарт бойынша бүгінгі ауруханалар жүйесі әлеуметтік сала ғана емес, ол сонымен бірге экономикалық жүйе болып саналады. Әлемдік ірі клиникалар арасында нағыз бәсекелестік қалыптасқан. Олар экономикалық жағдайын көтеру үшін ауруларды өздеріне тартып, жоғары қызмет көрсету барысында үлкен бәсекелестікке түседі. Міне, біз де өзіміздің жұмысымызда осындай бәсекелестік қалыптастыру үшін ауруханаларды басқаратын менеджерлерге барлық мүмкіндікті жасауымыз керек. Бұл ретте заң жағынан оларға кең еркіндік беріп, жан-жақты білімі мен біліктілігін шыңдауымыз керек. Холдинг осы халықаралық технологияны енгізу мақсатында кең көлемдегі шараларды атқарып жатыр. Біз тек білікті кадрлар мен менеджерлер тәрбиелеп қана қоймаймыз, осы бағыттарда әдістеме даярлап, оны кеңінен тарату үшін Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырамыз.
– Медициналық мекемелерді акционерлеу тәжірибесі қаншалықты тиімділік берді?
– Иә, медициналық акционерлік қоғам басқа принциппен жұмыс істейді. Ол экономикалық тиімділікке қол жеткізуге тиіс. Яғни, коммерциялық кәсіпорындардың міндетін атқарды. Осы тәжірибені денсаулық сақтау саласына енгізу үшін біз денсаулық сақтау мекемелерін басқару тәжірибесінде жаңа психология енгізуіміз керек. Бұл міндет әртүрлі корпоративтік стандарттар бойынша жүзеге асырылады. Қазір біз холдинг шеңберінде 20-дан аса корпоративтік стандарттар түрін енгіздік. Әрбір клиниканы басқару директорлар кеңесіне жүктелген. Кеңес стратегиялық жоспарларды бекітіп, онда белгіленген шаралардың іс жүзіне асырылуын бақылайды. Ал күнделікті жұмыс барысын 5 адамнан тұратын басқарма жүзеге асырады. Бұл жұмыстың үйлесімді, ашық әрі нәтижелі болуына әсер етеді.
– Сіздердің клиникаларыңыздағы жабдықтар мен технологиялардың Орталық Азияда баламасы жоқ. Ендеше, медициналық бизнес рыногындағы жетістіктеріңіз қандай?
– Ұлттық медицина холдингінің толық табысты мекеме болуы үшін әлі 4-5 жыл уақыт керек. Біздің отандық денсаулық саласында шешілмей келе жатқан бір мәселе бар. Оны біз жақында қабылданған “Саламатты Қазақстан” стратегиясына енгіздік. Халықаралық стандарттар бойынша, әрбір ауруды емдеудің өзіндік бағасы бар. Ауруханалар сол ауру түріне қызмет көрсетсе, мемлекет немесе белгілі бір ұйым тариф бойынша оның құнын төлейді. Бұл тарифке ауруды емдеуге пайдаланылатын аппаратуралардың амортизациясы, дәрі-дәрмек, дәрігердің еңбекақысы, коммуналдық қызмет төлемдері кіреді. Жыл сайын біз осы амортизациялық төлемдерге табыстың 10 пайызын аударып отырмыз. Холдинг бойынша бұл қаржы 2 млрд. теңгеден асады. Ал халықаралық стандарттар негізі бойынша, бұл ауру тарифіне барлық шығындар, оның ішінде амортизациялық шығындар да енгізілуі керек. Бұл өте маңызды экономикалық мәселе. Алдағы уақытта біз осы мәселелерге ұлттық медицина холдингінің жұмысында басымдық беруіміз қажет.
Мемлекет басшысының баламасыз бастамасымен құрылған астаналық медицина қалашығы клиникаларына орнатылған жабдықтар мен технологиялардың Орталық Азияда баламасы жоқ. Соған сәйкес клиникалардың қызмет көрсету деңгейі де, табыс табу көзі де жоғары болуы керек. Біз осы мақсатта медициналық туризмді дамытуға күш салудамыз. Бұл біріншіден, еліміздің имиджін арттырса, екіншіден, медициналық мекемелеріміздің беделін көтереді. Холдингтің қазіргі таңдағы мақсат межесінің мәресі де осы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
БІРДЕН-БІР ДАУА – ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ
Өткен жылдың қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Республикалық медициналық жедел жәрдем ғылыми орталығының” тұсауын кесіп, “Ұлттық медициналық холдингке” қарасты тағы бір ірі орталыққа өмірге жолдама берген еді. Содан бергі өткен уақыт ішінде біздің орталыққа 2,5 мыңнан астам адам түсіп, оның 1,5 мыңы түбегейлі емделіп шықты. Біздің орталықтың ерекшелігі әртүрлі апаттар мен қайғылы оқиғаларға ұрынып, жарақат алған адамдарға жедел әрі бірінші кезектегі сапалы медициналық қызмет көрсету болып табылады.
Мемлекет басшысының Астана қаласында медициналық кластер құру идеясының негізінде дүниеге келген біздің орталық бүгінгі заманның ең озық техникаларымен жарақтандырып, жаңа технологиялармен қаруланған. Жедел медициналық жәрдем көрсету орталығында қазір 200-ден астам кәсіби деңгейі жоғары білікті дәрігерлер және 300-ден астам орта буын медицина мамандары қызмет көрсетеді. Шұғыл да сапалы медициналық қызмет көрсету жарақатқа ұшыраған адамдардың денсаулығының болашақта дұрыс түзеліп кетуіне бірден-бір әсері бар шара болып саналады. Сондықтан да орталыққа жан-жақты білімі бар ұзақ тәжірибеден өткен кәсіби мамандар шоғырланған. Осы орайда орталықта қызмет ететін 10 ғылым докторы және 15-тен астам ғылым кандидаттары біздің шын мағынасындағы брендіміз болып табылады.
Үстіміздегі жылдың сәуір айын-да Республикалық медициналық жедел жәрдем ғылыми орталығы өзінің медициналық жедел көмек стансасын ашты. Қазір бұл стан-сада 15 мамандандырылған медициналық жедел көмек автокөліктері бар. Құрамында реанимациялық және үздіксіз терапия тобы бар арнайы маманданған бригада шұғыл медициналық шақырулар бойынша жер-жерлерге барып, зардап шеккен адамдарға көмек көрсетеді. Орталықта клиникалық және биохимиялық зертхана, ультрадыбыстық зертхана, рентгенді диагностика, компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография орталықтары тәулік бойы жұмыс істейді.
Медициналық жедел жәрдем ғылыми орталығының 265 төсекке лайықталған жеке стационарлық корпусы бар. Оның ішінде 40 төсек хирургия бөліміне, 20 төсек торакальды-хирургия бөліміне тиесілі болса, 45 төсек гинекология бөліміне арналған. Стационарлық корпустағы бөлімшелердің палаталары екі және бір орындық болып келеді. Олар жеке-жеке жуынатын орындармен жабдықталған.
Біздің орталық негізінен қатерлі оқиғалардан зардап шеккен адамдарға жедел медициналық қызмет көрсетуге негізделгендіктен мұнда сырқаттардың осындай түрлеріне көмек көрсету бөлімдері жабдықталған. Мәселен, өрт апатынан зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету мақсатындағы бөлімше осы заманғы озық технологиялармен жабдықталған. Атап айтқанда, мұнда аэротерапевтикалық кондырғылар, түтіннен уланған сырқаттарға бірінші кезекте көмек жасайтын плазмферездер, гемофильтрации мен гемодиафильтрациялар, барокамералар жұмыс істейді. Ауруларға хирургиялық ем жасағанда аутодермопластикалар кеңінен қолданылады.
Гемодиализ бөлімшесі 5 амбулаториялық төсектен тұрады. Бөлімше “Frezenіus 4008S” фирмасы шығарған “Жасанды бүйрек” аппараттарымен жабдықталған. Ал токсикология бөлімшесінде “BARA MED” бароаппараттарымен жабдықталған екі барозал жұмыс істейді. Бұл аппараттар дәріден, арақтан, газдан және улы жәндіктерден уланған адамдарға шипалы жәрдем көрсетуге негізделген. Үстіміздегі жылы орталықта республикалық ақпараттық-кеңес бөлімшесі ашылмақ. Бұл бөлімше медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары және тәжірибелі медицина мамандарының қатысуымен тәулік бойы ақпараттық кеңес беретін болады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, түрлі оқиғалардан жарақат алған адамдардың денсаулығының жедел түзеліп кетуіне бірден-бір жағдай жасайтын орталықта өз ісінің нағыз білікті мамандары жұмыс істеуі керек. Осы орайда біздің орталықта жанқиярлықпен жемісті жұмыс істеп келе жатқан травматолог-ортопед Аслан Сұлтангереевтің, хирург Асан Жексенбаевтың, қан тамырларының хирургі Ирлан Сағындықовтың еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев адам денсаулығын қорғауды еліміздің ең басты стратегиялық мақсаттарының қатарына қойды. Біздің міндетіміз – осы бір өрелі істің өрісті болуы үшін барлық күш-жігерімізді жұмсау.
Тоқан СҰЛТАНӘЛИЕВ, “Республикалық медициналық жедел жәрдем ғылыми орталығы” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.
СЫРҚАТТЫҢ ШИПАСЫ – ЯДРОЛЫҚ МЕДИЦИНА
Өскелең заманның медицинасын диагностиканың сәулелі әдістерінсіз елестету мүмкін емес. Бұл орайдағы ең жаңа да тиімді бағыт ядролық медицина болып табылады. Радиофармпрепараттарды пайдалану арқылы диагностика жасау тәсілі ауруды анықтаудың және оны емдеудің сапасын айтарлықтай көтереді. Ядролық медицина бірінші кезекте тексеріліп отырған адам организмі мүшелерінің жүйесін немесе белгілі бір мүшенің функционалдық ахуалын және метаболиялық үдерістерін анықтауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасында денсаулық сақтауды дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында онкологиялық аурулар әлеуметтік маңызы бар ауру түріне жатқызылды. Әлеуметтік маңыздағы ауру түрлерінен тұрғындардың өлім деңгейін төмендету және мүгедектікті кеміту жолындағы ең маңызды әдістердің бірі ауру түрлерін бастапқы сатысында-ақ анықтауға мүмкіндік беретін инновациялық диагностика технологияларын енгізу болып табылады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі “Республикалық диагностикалық орталық” АҚ базасында елімізде алғаш рет Позитронды-эмиссиондық томография (ПЭТ) орталығын құру туралы шешім қабылдады.
Бұл орталықты құрудағы басты мақсат – еліміздің тұрғындарына заманауи озық радионуклидті диагностика әдісімен сапалы қызмет көрсету болып табылады. Бұл орталыққа осы әдістерді пайдалана бастаған әлемнің ең озық елдерінің тәжірибесі мен жабдықтары қолданылды. Мәселен, циклотрон және РФП синтезінің жабдықтары Бельгиядан, қорғаныс құралдары Италиядан, сапа дәрежесін бақылау қондырғылары Германиядан алынды.
Диагностикалық орталық базасындағы ядролық медициналық орталықтағы жабдықтар мен технологияның еуразиялық кеңістікте бәсекелестік баламасы жоқ деуге болады. Сондықтан біз ПЭТ орталығында жұмыс істейтін мамандардың білімі мен кәсіби деңгейін арттыруға ерекше мән береміз. Орталық мамандары Еуропаның және Ресейдің жетекші орталықтарында білім жетілдіру курстарынан өтті. Лондон, Братислава, Санкт-Петербург қаласындағы ірі орталықтарда тәжірибе алмасты. Орталықты озық қондырғылармен жабдықтаған әлемнің ірі де іргелі компаниялары өздерінің Бельгиядағы және Германиядағы базаларында біздің мамандарымызды оқытты. Олар біздің орталық базасында жиі болып, шеберлік-кластар өткізіп тұрады.
Астана ядролық медицина орталығына қойылған қондырғылардың ең ірісі және біздің мақтанышымыз ПЭТ-КТ Gemіnі GXL6&G16 сканері болып табылады. Бұл сканердің кереметтігі сол, ол қатерлі ісік ауруларының ең бастапқы сатысында 5 мм. дәлдікпен анықтайды. Бұл сканер сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруларына диагностика жасауда да баламасыз құрал болып табылады.
ПЭТ орталығында осы сканер арқылы ми қабыршықтарындағы ісіктерді анықтап, оларды асқындырмай емдеуге жағдай жасалады. Сол сияқты бұл қондырғы Альцгеймер ауруларын, эпилепсия сырқаттарының ошағын анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ терапиялық жолмен анықталмайтын және емделмейтін сырқаттарға бірден-бір шипа.
Ядролық медициналық орталығы жұмыс істей бастағаннан бергі 8 айдың ішінде 1700-ден астам адам диагностикалық тексерулерден өтіп, шипалы ем қабылдады. Негізінен біздің орталыққа сырқаттар еліміздің денсаулық сақтау мекемелері беретін арнайы квотамен келіп емделеді. Орталық Азияда баламасы жоқ мұндай емдеу орны Астана медициналық кластері аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен өмірге келіп, жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта орталық алдында тұрған міндеттер ауқымы зор. Жалпы, бүгінгі халықаралық медициналық жоғары стандарттардың болашағы ядролық медицина диагностикасына тікелей байланысты. Ендеше, біздің ПЭТ орталығындағы жасалып жатқан жұмыстардың болашағы да, ауқымы да зор.
Тоқтар ҚОҢЫРБАЕВ, Ядролық медицина орталығының жетекшісі.