09 Қаңтар, 2015

Мұнысы несі?!

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жаңа жылды қарсы алған күннің ертесінде қысқы дема­лысқа шыққан Әсет немеремді қасыма ертіп, сағындырған сүйікті Семейіме жөнеп бер­ген­мін. Алматыда шаңғы тебуге Шымбұлақтай аса қолайлы жер бола тұра, бұл жолы Семейдің қарағайлы орманын жөн көрген едік. Айтқандай-ақ, мұндағы таза ауа, елдегі азды-көпті өзгеріс-жаңалықтар көңілді көтеріп, қиялымызды шарықтатып жіберген. Сондай әсермен жүргенде «Семей» қонақүйінің қақ төбесіне сойдақтатып жазылған жазуға көзім түскенде әлгіндегі көңіл-күйім сап басылып қалғанын қайтерсіз! Өйткені, сонау кеңес кезінен сан ондаған жылдар бойы «Семей» деп аталатын қонақ үйінің төбесіне «Семипалатинск» деген жазу орнығып алыпты. Ал сол қонақүй қабырғасының екінші бір жақ шетіндегі қазақша және ағылшынша «Семей» деп жазылған жазу көзге тіптен де қораш. Осы орайда осыдан бес-алты жыл бұрын Елбасы Жарлығымен ерке Ертіс жағасындағы ежелгі қала аты бұған дейін қос­арланып келген атаудан бір­жола құтылып, Семей атанғаны, соған байланыс­ты ел газеті «Егеменнің» бетке жуық материалдар топтамасын беріп, алты алашқа жар салып, сүйінші сұ­рағаны еске оралған. Сонда етегімізден кері тартқандарды өз басым көрген де, естіген де емеспін. Ал ендеше, мына тіршілігімізге жол болсын! Бұл меніңше сыртқы күштердің әсе­рі емес, өзіміздің бойкүйез ме­кеме басшыларының күйкі тірлігі, ессіз әрекеті! Атап айтқанда, қала­дағы кез келген нысанды заң­дық тұрғыдан тіркеп, соған рұқсат беретін мемлекеттік әді­лет басқармасының немқұ­рай­дылығы. Соған әй дейтін әже, қой дейтін қожаның болмай отырғаны қалай! Қазақ десең өзіңе тиеді. Қа­шан осындай бойкүйездіктен ары­ламыз өзі! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей қаласының құрметті азаматы. АЛМАТЫ.