09 Қаңтар, 2015

Бірлігімізді ардақтай білейік

349 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тіршілік тірегі – татулық

Гибнер А. А.Ынтымағы жарасқан көпұлтты халқымыз тағы бір жылды тарих қойнауына шығарып салды. Шүкір, өткен жыл өнегелі өрлеуге толы болды. Биылғы жылды Елбасымыз Ассамблея жылы деп жариялады. Бұл шешім Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігін тағы бір мәрте танытқан елеулі қадам болғанын айту ләзім. «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел басына күн туған замандарда қазақ халқын ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі десек, артық айтпағанымыз болар. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. Тәуелсіздіктің көк туы желбірегелі бері үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, биіктерден көрінуі, Орталық Азия мемлекеттерінің ішіндегі өзіндік орны бар мемлекетке айналғанымыздың өзі неге тұрады? Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі ше? Ел бірлігінің, халық ынтымағының арқасында осындай биіктерге жетіп отырмыз деп ойлаймын. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегенді ата-бабаларымыз ынтымақтың керектігінен айтқаны анық. Ұлт пен ұлыс­тың татулығы арқасында бүгінде мемле­кетіміз өркендеп, ілгері дамып келе жатыр. Бір шаңырақ астында ұлттың ұйытқысына себеп болып отырған, саясатымыз бен Ата Заңымыздың арқасында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі екендігі белгілі. Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ха­лыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында бүгінгі күннің ең басты мәселесі – ел бірлігіне үнемі баса назар аударып келеді. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бүгінгі Қазақстанның жеткен жетістіктері мен алған шыңдары бірліктің арқасы. Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті. «Ел бірлігі – ең асыл қасиет», – деген Елбасы тұжырымы Отанын сүйген әр азаматтың жүрегінен орын табуы керек. Осыдан жиырма жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы жарлық шығарған болатын. Ол 800-ден астам этномәдени бірлестіктің басын біріктірді. Ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде қоғамдағы келісім мен ынтымақтастықтың басты тетігі болып отыр. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблеяның 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық этномәдени бірлестігі бар. Бір сөзбен айтқанда, достық дәнекері болып отырған бірегей құрылым өзінің 20 жылдық белесін лайықты табыс­тармен қарсы алмақ. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, өнерін, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынты­мақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлт­аралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүм­кін болуда. Қазақстан халқы Ассам­блеясының құрылымы аясында біз сая­си тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтай алдық. Ассамблеяның басты мақсаты – саяси жағдайларға болжам жасай отырып, қоғамды алауыздықтан сақтау. Яғни, азаматтарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеп, ұлтаралық қатынасты нығайту. Себебі, алпауыт елдердің өзі абдырап отырған тұста Қазақстан халқы Ассамблеясы татулыққа ұйытқы бола білді. Шынында да, бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұйымдық құрылым ғана емес, ол біздің өміріміздің ажырамас бөлігі, біздің тыныштығымыз бен бірлігіміздің ұйытқысы. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынты­мақ­тастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы. Бірлігімізді ардақтай білейік! Александр ГИБНЕР, Жамбыл облыстық неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы. ТАРАЗ.

Тұрақтылық – басты байлығымыз

Сурет ДроновҚазір әлемде тынышсыздау болып тұрғаны рас. Дамыған алпауыт елдердің өзі экономикалық дағдарысты бастан кешуде. Украинадағы әскери қақтығыстардың да буы басылар емес. Ресейге жарияланған санкцияның салдары көршілес елдерге салқынын тигізуде. Кейбір елдердегі осындай саяси және экономикалық тұрақсыздыққа қарап, еліміздегі береке-бірлікке, татулық пен тұрақтылыққа тәубе дейміз, әрине. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бейбіт өмір сүрудің өнегесін көрсетіп келеді. Сондықтан да болар, шетелдік компаниялар елімізге инвестиция салуға ынталы болуда. Мұның Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында мүмкін болып отырғанын баса айту ләзім. Қазір Президенттің бастамасымен кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің мүмкін болған тетіктері іске қосылуда, шағын және орта бизнеске кедергілер алынып тасталды. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлікті дамытуға қызмет етуде. Осының барлығы Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқанының, басты назарда ұстауының нәтижесі деу орынды болмақ. Қазақстанның инвестиция салуға қолайлы жағдай туғызылған бірден-бір ел екенін әлем мойындап отыр. Мұның айқын мысалын, өзім еңбек ететін «Қазхром»ТҰҚ» акционерлік қоғамына қарайтын Ақтөбе ферроқорытпа зауытының тәжірибесінен де айқын аңғаруға болады. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында салынып, пайдалануға берілген ескі зауыттың кейбір цехтары кейінгі жылдарда кеңейтіліп, азды-көпті жаңартылғанмен, бұдан жетпіс жыл бұрын пайдалануға берілген көне зауыт моральдық жағынан тозған-ды. Екінші зауыт соңғы үш-төрт жылда қолға алынып, қысқа мерзімде пайдалануға берілді. Бұл зауыт – биылғы маусым айының аяғында облысымызға жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іске қосу-реттеу жұмыстарын бастап берген жаңа өндіріс. Мұны ақтөбелік металлургтер №4 цех деп те атайды. Бұл – құрылысының көлемі, алып жатқан аумағының ауқымы жөнінен де өз алдына дербес зауыт. Жаңа зауыттың бірінші пешінен алғашқы өнім де алынды. Мұнда бәрі автоматтандырылған, сондықтан бұрынғы цехтарға қарағанда жұмыс әлдеқайда жеңіл. Әзірге бір пеш жұмыс істеп тұр. Қалған пештерді іске қосу қадамдары жасалуда. Бұл пештің бірегейлігі сол – тұрақты ток арқылы ұсақ рудамен жұмыс істей алады. Мұндай тұрақты токпен жұмыс істейтін цех Оңтүстік Африкада ғана бар. Алайда, біздің зауыттың қуаты одан жоғары. Жаңа зауыт құрылысының құны 843 млн. АҚШ долларын құрайды. Мұндағы төрт пеш жылына 440 мың тонна жоғары көміртекті ферро­хром өндіреді. Жобаны жүзеге асыру еліміздің жоғары көмірсутекті феррохромды экспорттау мүмкіндігін 16 пайызға, облысты 46 пайызға арттырады, өнімнің өзіндік құнын кемітеді деп күтілуде. Өзім Ресейдің көршілес Орынбор облысында дүниеге келдім. Әкем дүниеден озған соң анам Любовь Дронова тумаларын сағалап, Шұбарқұдық поселкесіне көшіп келді. Біз де қазақ балаларымен біргі ойнап, бірге жүріп, қазақша сөйлеуді де дағдыға айналдырдық. Мен қазақ тілін білгеннен ұтпасам, ұтылған жоқпын. Қазір Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №1 шихта дайындау цехында жұмыс істеймін. Ісіме тындырымдылығымды, кәсібімді жетік білетіндігімді басшылар аңғарған болуы керек, бригаданың жетекшілігіне ұсынды. Бұл әрине, үлкен жауапкершілік жүктейді. Дегенмен, бригадада еңбек ететін алуан ұлттың өкілдерінің ортақ істегі ұйымшылдығы мен бірлігі бойыма сенім ұялатты. Зауытта еңбек етуге толық жағдай жасалған. Әлеуметтік жеңілдіктер де қарастырылған. Еңбекақы уақытылы беріледі. Жұмысшылар еңбектен бос уақытында мәдениетті тынығады, спортпен айналысады, көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатысады. Мен осындай бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ұжымға тап болғаныма ризамын. Еліміз табиғи қазба байлықтарынан кенде емес. Алайда, ең басты байлығымыз елдегі тыныштық пен тұрақтылық екені сөзсіз. Қазақстандағы татулық пен бірлік, ұлтаралық ынтымақ бастаулары еліміздегі тұрақтылықтан арна тартатыны ақиқат. Сан алуан ұлттар мекендеген мемлекеттің бас­ты байлығы да осы екенін Елбасы ұдайы айтып келеді. Тұрақтылық бар жерде табыс та, бақуатты тұрмыс та болады. Біз осындай елде тұратынымызды мақтаныш тұтып қана қоймай, оның гүлденуіне өзіміз де атсалысуымыз керек дер едім. Андрей ДРОНОВ, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №1 шихта дайындау цехының бригадирі. Ақтөбе.