Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Ақмола облыстық сотының кеңсесі облыс аумағындағы жергілікті соттардың қызметін қамтамасыз етіп, олардың материалдық-техникалық, кадрлық және ұйымдастыру мәселелеріне қатысты бар шаруаны жүзеге асырады. Яғни, сот төрелігін атқару тетігінде сот кеңсесінің алатын орны ерекше және өте маңызды.
Ақмола облыстық сотының кеңсесі былтыр департамент басшылығының қолдауымен жергілікті соттардың жұмысын жетілдіру және сапасын арттыру бағытында бірқатар нәтижелі іс-шаралар жүргізді. Жұмыстың шынайы ауқымдылығын айқындайтын шаралардың бірі – сот ғимараттарының құрылысы және жөндеу жұмыстары. Қазіргі таңда тек біздің облысымызда ғана емес, республика бойынша сот ғимараттарында қажетті алаңдардың тапшылығы байқалуда. Осы мәселені шешу үшін Департамент бастамасымен сот ғимараттарына арналған типтік жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, былтыр Еңбекшілдер, Жарқайың аудандық және Степногор қалалық сот ғимараттары құрылыстарының жобаларын жерге байланыстыру жұмыстарына жалпы 8 млн. 71 мың 940 теңге бөлінді. 2015-2016 жылдарға арнайы заманауи ғимарат құрылыстарын салу жоспарлануда.
Жүргізілген жөндеу жұмыстарына тоқталар болсақ, Ақмола облыстық және Ақкөл аудандық соттарының ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Мәселен, Ақкөл аудандық сотының ғимараты толығымен кешенді жөндеуден өтіп, сыртқы және ішкі келбетімен бірге ауласының абаттандыру жұмыстары да жүргізілді. Тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалған емес. Былтыр тұрғын үйге мұқтаж жергілікті 9 судьяға қызметтік пәтерлердің кілттері табысталды.
Сондай-ақ, өткен жыл басынан бері Жоғарғы Сот департаменті тарапынан 8 жаңа автокөлік бөлініп, қазіргі таңда осы көліктер аудандық және оған теңестірілген соттардың пайдалануларына берілді.
Осыған қоса, биылғы жылы көлемді іс-шаралардың біріне – сот мәжіліс залдарын соңғы үлгідегі дыбыс-бейнежазу жүйелерін (ДБЖ) орнату жұмыстарын жатқызуға болады. Жалпы, ДБЖ басты мақсаты сот процестерінің ашықтығын көрсету, халықтың сотқа деген сенімін арттыру және сот төрелігінің барынша қолжетімділігін қатысушыларға жеткізу. Өйткені, сот билігінің халық үшін ашық әрі қолжетімді болуы – Елбасы мен мемлекет тарапынан қойылып отырған басты талап. Сонымен қатар, сот жұмысының ауыртпашылығын азайтып, яғни хаттамалар электронды пішімге өтіп, қағазбастылықтан арылуға бірден-бір себепші болуда. Жүйені орнату жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталса, жылдың соңына дейін облыстағы 26 соттың барлығы дыбыс-бейнежазу жүйелерімен қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда мемлекеттік тұрғыдан маңызды болып табылатын объектілердің қауіпсіздігін күшейту шаралары жан-жақты қолданылуда, бұл ретте Ақмола облыстық соты да назардан тыс қалмады. «Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысының талаптарын орындау мақсатында облыстық сот ғимараты «Кіруді бақылау және басқару жүйесімен» қамтамасыз етілді. Бұл жүйенің техникалық, ақпараттық, бағдарламалық үйлесімділігі бар және адамдар мен көліктің кіруіне телевизиялық бақылау жасауға және қашықтықтан басқаруға мүмкіндік береді.
Республика судьяларының VI съезінде Елбасы әділ сот төрелігінің халықтың барлық топтары үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуді, бұл істе электронды ресурстарды кеңінен пайдалануды тапсырған болатын. Міне, бүгінгі күні ел азаматтары мен заңды тұлғалары үшін сот жүйесіне қолжетімділікті арттыру және оңтайландыру мақсатында «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесі іске қосылып отыр. Азаматтар ақпараттық сервистердің арқасында өз үйлерінен шықпай-ақ, ғаламтор арқылы сот құжаттарымен таныса алады.
«Сот кабинеті» – сот органдарының сервисіне электронды түрде қолжетімді біртұтас терезе. Бұл жоба сот өндірісінің қызметін жеңілдетуге, сондай-ақ, азаматтардың уақыты мен қаржысын, бюджет қаражатын үнемдеуге, сонымен қатар, сот жүйесінің жеделдігін, азаматтардың сот ақпаратына қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Соттармен арадағы құжат айналымы мәселесі бірте-бірте қағаздан электрондық пішімге ауыстырылып, судьялар мен сот қызметкерлері жаңа заман талаптарына сай жұмыстарын жүзеге асыруда.
Облыс соттары тараптарды сотқа ұялы телефонның абоненттік нөмірі арқылы шұғыл хабарлау мен шақырту сервисін сәтті қолданып келеді. Сот азамат немесе заңды тұлғаның сотқа шақыртылғаны туралы қысқа ғана мәтін хабарламасын жібереді. Бұл сервис азаматтар мен заңды тұлғалардың қолайлылығы үшін пайдаланылады.
Енді сотқа шақырту туралы мәтіндік хабарламаны қағазға шығарып алуға да болады, мысалы, қажет болған жағдайда жұмыс берушіге ұсыну үшін.
Осы мақсатта Жоғарғы Соттың (www.sud.gov.kz) ресми сайтында «Сот шақыртуы» – қысқа мәтіндік хабарламаны қарау мен шығару сервисі жүзеге асырылды. Оны қарап, сот шақыртуын қағазға басып шығарып алу үшін SMS-хабарландыру келген ұялы телефонның нөмірін және хабарландыру мәтініндегі код нөмірін енгізу қажет (хабарландыру мәтініне алты саннан тұратын код қосылған). Осының нәтижесінде пайдаланушының компьютеріне электронды сот шақыртуы жүктеліп, оны қалауыңызша сақтауға және шығарып алуға болады.
Тағы бір жаңашылдық – өткен жылдың қазан айынан бастап Жоғарғы Соттың жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті мен «Қазпошта» АҚ Ақмола облысының Ерейментау және Қорғалжын аудандық соттарында «Гибридтік электронды пошта» қанатқақты жобасы ендірілген болатын. Гибридтік пошта – бұл электронды құралды пайдалану арқылы алушыға жеткізілетін қағаз пошта.
Осы жағдайда тапсырыс беруші пошта қызметкеріне электронды құжаттарды пайдаланушыға электронды тасығышта берілетін немесе пайдаланушының дербес компьютеріне жіберілетін электронды хабарламаны жолдап, ол пошта мекемесінде қағаз түрінде шығарылып, конверттерге салынып алушыға шұғыл жеткізіледі. Бұл бір жағынан тапсырыс берушінің хат-хабарды жіберу шығынын азайтып, көп көлемдегі шоттар мен хабарламаларды, ал екінші жағынан, пошта қызметкеріне қағаз хаттарды жеткізу бойынша қолайлы және сапалы қызмет ұсынуға мүмкіндік береді.
Сот жүйесіне заманауи технологияларды енгізу және қолдану сот ісін жүргізуді оңайлатады, төрешілдік тосқауылдарды жояды, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады, бұл сыбайлас жемқорлықтың орын алмауын қамтамасыз етіп, азаматтардың уақытын және қаражатын үнемдейді, халықтың сот жүйесінің жариялылығы мен қолжетімділігіне көз жеткізуге мүмкіндік береді.
Данияр САРЫМСАҚОВ,
Ақмола облыстық сотының кеңсе басшысы.
КӨКШЕТАУ.