Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуына қарағанда, қазір моноқалада тасқын судың зардабын жою үш бағытта жүріп жатыр. Бұл – тасқын суды сору, дезинфекция жүргізу, бүлінген инженерлік-коммуникациялық жүйелерді қалпына келтіру.
«Табиғи апат салдарынан Жылыой ауданына келтірілген шығын көлемін нақты айту өте қиын. Себебі техникалық бағалаушы компаниялар шығынды әлі есептеп жатыр. Тасқыннан бүлінген үйлердің иелерінен құжаттар қабылданып жатыр. Тұрғын үйлердің кейбірінің құжаты бар. Иелері тұрғын үйдің кейбірін тіркетіп үлгермеген. Мұндай жағдайда өтінімді тұрғындардың жеке төлқұжатымен қабылдау ұйғарылды», дейді Ж.Қаражанов.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Құлсары қаласындағы су басқан аумақты тазартуды мамырға дейін аяқтау жоспарланған еді. Осы кезге дейін Құлсары қаласында 1 821 үйде суды құрғату жұмысы жүргізілді. Оған 200-ден аса адам, 69 техника тартылғанымен, бұл жұмыстың баяу жүріп жатқаны белгілі.
Мұнда су басқан тұрғын үйлерге техникалық бағалау жүргізу ісі қарқын алмай тұр. Өйткені бағалаушы компанияның атқарушы директоры Алмат Байдаулетовтің айтуынша, су кірген үйді бағалау өте қиын. Мұндай үйде тасқынның зардабын толық анықтау мүмкін емес. Осындай себептен әзірге 595 үйге техникалық зерделеу жүргізілді.
«Бізге жергілікті атқарушы органдар бағалау жүргізілетін үйлер мен нысандардың тізімін береді. Содан соң үй иесі, полиция қызметкері және бағалаушы компанияның өкілдері бірлесіп, үйге бағалау жұмыстарын жүргіземіз. Нысан суретке түсіріледі. Үй техникалық паспорт арқылы тексеріледі. Үйдің құжаты болмаған жағдайда оның аумағы қайта сызылады. Техникалық бағалау жүргізген компания үйге жөндеу жүргізуге болатыны, не жаңадан салу қажеттігі туралы ұйғарым шығарады. Осыдан кейін үйді жөндеу, қалпына келтіру немесе қайтадан салуға байланысты қаржы көлемін шығарамыз», деді А.Байдаулетов.
Аудан әкімінің мәліметіне сүйенсек, тасқын су қаупіне байланысты эвакуацияланған Құлсары қаласы тұрғындарының 12 мыңнан астамы үйіне оралды. Олардың арасында тұрғын үйін су баспаған, бірақ эвакуацияға байланысты қаладан кетіп қалған азаматтар да бар. Алайда тұрғындардың кейбірі туыстарының үйін паналауға мәжбүр болып отыр. Тіпті әлі де эвакуациялық пункттерде, жалдамалы пәтерлерде уақытша қоныстанған тұрғындар бар. Мәселен, Маңғыстау облысындағы эвакуациялық пункттердегі құлсарылық тұрғындардың саны – 1 800 адам. «Теңіз» қалашығындағы жатақханаларда 600-ге жуық тұрғын қалып отыр. Ал Құлсары қаласындағы эвакуациялық пунктте 170 адам тұрып жатыр.
Шындығын айтқанда, дәл қазір Құлсары қаласындағы ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Мұны әр саланың мамандары жоққа шығармайды. Мәселен, Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айгүл Сабырқызының пікірінше, су көп тұрып қалған аумақта түрлі инфекция таралып, жұқпалы ауру жұқтыру қаупі бар.
«Құлсары қаласында су басқан нысандарды дезинфекциялау жұмысы жүріп жатыр. Осыған байланысты тұрғындардан дезинфекциялау жүргізілмеген үйге кірмеуді, өздері тазалау жұмысын жүргізбеуді ескертеміз. Тұрғын үйді құрғату, дезинфекциялау үшін арнайы мамандарға жүгіну керек», дейді А.Сабырқызы.
Құлсарыны қалпына келтіру мәселесіне Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов та алаңдаушылық білдіріп отыр. Оның пайымынша, Құлсары қаласындағы жағдайға Үкімет тарапынан назар аударылып, нақты қадам жасалуы қажет. Сол себептен депутат Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады.
«Жылыой ауданы – жалпы қоры 2,5 млрд тоннаны құрайтын 40-тан аса мұнай кен орны бар еліміздегі ең ірі стратегиялық маңызы зор өңір. Ұлттық қор да, республикалық бюджет те Жылыойдан өндірілген мұнайдың табысынан құралатыны белгілі. Ел экономикасы үшін донор болып отырған Жылыой ауданының су тасқынынан айтарлықтай зардап шегіп, тұрғындарының босып жүруі – елдігімізге, Үкіметтің жұмысына үлкен сын», дейді Ә.Жұбанов.
Оның айтуынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тасқын су басқан тұрғын үйді қалпына келтіруге байланысты алгоритмі тұрғындар үшін тиімсіз болып отыр. Неге? Өйткені министрлік жарамсыз деп танылған баспананың орнына екі жоба ұсынды. Біріншісі – 22 млн теңгеге типтік жобамен жаңа үй салу. Екіншісі – мемлекеттік тұрғын үй қорынан жаңа баспана беру.
«Құлсары – мұнайшылар қаласы. Жергілікті тұрғындар «Теңіз» кен орнында жылдар бойы еңбек етіп, тапқан табысына салынған үйлердің құнын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекітіп отырған 22 млн теңгемен салыстыруға келмейді. Құлсары қаласындағы бейіттерді, мал сою цехтарын, мұнай қалдықтары мен шламдарды, қоқыстарды шайған тасқын судың ортасында 2 810 баспана тұр. Бұл жердегі эпидемиологиялық ахуал күрделі, жұқпалы аурулардың таралу қаупі жоғары», деп дабыл қақты Мәжіліс депутаты.
Тасқын су басқан Құлсарыдағы ахуалмен танысқан, тұрғындардың талап-тілегін, өтінішін тыңдаған Мәжіліс депутаты Әділ Жұбановтың Үкіметке айтар бірнеше ұсынысы бар. Бұл табиғи апаттан зардап шеккен құлсарылықтардың мәселесін оңтайлы шешуге ықпалы етуге тиіс.
«Біріншіден, тұрғын үйі жарамсыз тұрғындарға өтемақы аймақтағы тұрғын үйдің шаршы метрінің ағымдағы құнына сай берілуі қажет. Атырау облысында жаңа тұрғын үйдің нарықтағы бағасы – 1 шаршы метр үшін 350 000 – 400 000 теңге. Өйткені өңірде құрылыс материалдары қымбат. Мәселен, Атырау облысында бетонның бір текше метрі – 50 мың, Алматы қаласында – 16 мың, Ақтөбеде 28 мың теңге тұрады. Алматыда 2 700 теңге тұратын ПГС материалын Ақтөбеде 4 мың, Атырауда 8 500 теңгеге аласың. Күйдірілген кірпіштің бағасы Алматы қаласында – 36, Ақтөбеде – 120, Атырауда 160 теңге тұрады. Атырауда басқа да құрылыс материалдары өзге өңірлермен салыстырғанда, орташа есеппен 50-70 пайызға қымбат.
Екіншіден, су тасқынынан зардап шеккен, бірақ тұруға жарамды, жөндеуге келетін үйлердің бір шаршы метріне 100 мың теңгеден өтемақы төленуі қажет.
Үшіншіден, зардап шеккен отбасыларға берілетін біржолғы әлеуметтік өтемақыны 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде емес, отбасының әр мүшесіне 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тағайындау керек.
Төртіншіден, қаза тапқандардың туыстарына 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы жәрдемақы белгіленуі керек. Су тасқынынан Құлсары қаласында 4 адам қайтыс болып, 4 отбасы асыраушысынан айырылып отыр.
Бесіншіден, су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласын қайта реконструкциялап, жаңа «Эко құлсары» салу жобасын қарастыру қажет. Шын мәнінде, біз Атырау қаласын емес, Құлсарыны «мұнайлы астана» деуіміз керек. Мұндағы 70 мыңға жуық тұрғынның тыныс-тіршілігі тікелей мұнай өндірісімен байланысты. Бірақ Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының архитектуралық келбеті, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары төмен, мұнда апатты және тозығы жеткен тұрғын үй көп», дейді Ә.Жұбанов.
Мәжіліс депутаты орынды мәселе көтерді. Енді депутаттың ұсыныстары Үкімет тарапынан қолдау таба ма? Әлде Құлсары қаласы «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала бере ме?
Атырау облысы