Қоғам • 02 Мамыр, 2024

Ауылда жаңа үй көбейеді

138 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысына қарасты Қазталов ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Ауылда жаңа үй көбейеді

– Биыл ауданда үй кезегінде тұрған аза­мат­тарды және «Қаладан – ауылға» бағ­дар­ламасына ниет білдірген отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында ауданымызда 115 баспана салынып жатыр. Яғни аудандағы 27 елді мекенде жаңа баспана салынады, – дейді Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов.

Жергілікті баспанаға мұқтаж тұрғын­дарды және елге келген жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін былтыр бюджет қаржысына 22 тұрғын үй сатып алынған екен. Соның төртеуі жаңадан салынған. Сонымен қатар жыл басында аудан орталығына келген 6 дәрігер де жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда аудан бойынша 511 азамат үй кезегінде тұр.

Ауданда жаңа үй салу жобасына атса­лысуға жеке тұлғалар, кәсіпкерлер, шаруа қожалық жетекшілері ниет білдіріп отыр. Қазірдің өзінде Қазталов ауылында Руслан Рахметов қос пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастап кеткен.

«Өңірде облыс әкімі Нариман Төреғали­ұлы­ның бастамасымен «Қаладан – ауылға» атты жоба жүзеге асып жатыр. Осы жоба аясында ауданымыздың 8 елді мекеніне 16 отбасын көшіріп әкелу жоспарланды. Жаңа жылдың басында Орал қаласынан Си­сеновтер отбасын көшіріп әкелдік. Олар Болашақ ауылдық округінің Жаңатаң елді мекеніне орналасты, баспанамен, тұрақты жұмыспен қамтылды», дейді аудан басшысы.

Жаңа тұрғын үйлердің құрылысы – қазір ауданда ерекше назарда тұрған мәселе. Округ әкімдері мен бөлім басшылары жо­ба аясында салынатын баспаналардың мер­дігерін нақтылап, құрылыс қарқынын қада­ғалап отыр. Сонымен қатар тұрғын үйлердің бекітілген талапқа сай болуы, сапасы да – әрдайым назарда.

 

Батыс Қазақстан облысы