Күрес • 03 Мамыр, 2024

Ыстанбұлда қай балуанның бағы жанады?

96 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Еркін күрестен ұлттық құрама командасының бас бапкері Мадияр Құрамысов 9-12 мамыр аралығында Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін соңғы лицензиялық турнирде қай шәкірттеріне сенім артатынын ресми түрде жария етті. Олар – Рахат Қалжан (57 кг), Адлан Асқаров (65 кг) Нұрқожа Қайпанов (74 кг).

Ыстанбұлда қай балуанның бағы жанады?

Бапкерлер таңдауы

Былтыр күзде Сербияның ас­танасы Белградта жалауы жел­­біреген әлем чемпионатында осы күрес түрін серік еткен сайыпқырандар екі жүлде жеңіп алған еді. Тарихи алтынға 92 кг салмақтағы Ризабек Айтмұхан қол жеткізіп, күллі Алаш жұртын қуанышқа бөледі. Еліміздің еркін күрес тарихында бұған дейін бірде-бір отандасымыз осындай орасан зор табысқа қол жеткізген емес. Сол белесті Ризабек бағындырды. Бірақ оның өнер көрсеткен салмағы Олимпиаданың бағдарламасына енбеген. Сондықтан да Айтмұхан Парижге баратындардың тізіміне қосыла алмады. Дәл сол қарт Ду­­найдың жағалауында 86 кг сал­мақта сайысқа түскен Азамат Дәу­­летбеков қола медальды ие­ленді. Осы жетістігінің арқасында қан­дасымыз лицензияға иелік етті.

Сәуір айының бел ортасында Бішкекте екі бірдей дүбірлі дода өтті. Осы жарыста отандық еркін күрес шеберлері айшықты өнері, толағай табысымен сан мың жанкүйерді қуантады деп үміттенген едік. Өйткені былтыр Астанада ұйымдастырылған сары құрлықтың басты додасында 4 алтын, 2 күміс, 1 қоланы ол­жалаған ел құрамасының жалпы командалық есепте жеке-дара көш бастағаны есімізде. Бірақ Алатаудың арғы бетінде үкілі үміт ақталмады.

ро

Азия чемпионатында бар-жоғы 1 алтын, 2 күміс, 1 қоланы қана­ғат тұттық. Сол кезде «Бұл додаға негізінен қосалқы құрам­дағы балуандар қатысты, ал не­гізгі күшті лицензиялық турнирге сақтадық» деп ақталдық. Алайда Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынған аламанда Ерасыл Мұхтарұлы (57 кг), Майыс Әлиев (65 кг), Нұрқожа Қайпанов (74 кг) жарты жолда сү­рінді. Олардың алғашқы екеуі – жастар буынының өкіл­дері. Жарайды, «Ерасыл мен Ма­йыс­қа тәжірибе жетіспеді» дейік. Ал Нұр­қожаға не болды? Ол талай дүрмекті көрген сақа спорт­шы, әлем чемпионатын­да күміс алып, екі рет Азия чем­пионы атанды. Бірақ жауап­ты жарыста Қайпановтан қайыр болмады. Нәтижесінде, отан­дастарымыздың арасынан Әлі­шер Ерғали (97 кг) мен Юсуп Батыр­мұрзаев (125 кг) қана Па­риж Олимпиадасында күш сынасу құрметіне бөленді. Сөйтіп, қазіргі кезде еліміздің еркін күрес шеберлерінде үш жолдама бар. Санаулы күндерден кейін Рахат Қалжан, Адлан Асқаров, Нұрқожа Қайпанов сынды сайыпқырандар Анадолы еліне аттанады. Ал сол балуандар жайында біз не білеміз?

57 кг салмақта күресетін Ра­хат Қалжан – 25 жаста. Ол 2022 жылы Ұланбатырда Азия чем­пионатының күміс жүлдегері атанды. Жамбыл облысының ту­масы финалда Токио Олим­пи­дасының күміс, әлем чемпио­на­тының қола жүлдегері, құрлық біріншілігінің екі дүркін жеңім­пазы, үнділік Рави Құмар Дахияға жол берді. 2023 жылы Астанада қола медальды қоржынға салды. Үшінші орын үшін бәсекеде Қалжан дүниежүзілік додада үздік үштікті түйіндеген моң­ғолиялық Занбанбұдын Зана­ба­зарды сүріндірді. Биылғы ел бірін­шілігінің финалында ол Ерасыл Мұхтарұлына есе жі­берді. Бішкекте Ерасыл үмітті ақтамағаннан кейін Ыстанбұлда Рахатқа сенім артылып отыр.

ро

65 кг салмақ дәрежесіндегі Адлан Асқаровтың кезінде жас­тар буыны арасындағы жарыс­тарда жасындай жарқылдағанын жанкүйер жақсы біледі. Ол түр­­лі жас ерекшелігі бойынша өт­кен әлем және құрлық бірін­шіліктерінде жеңіс тұғырына кө­­терілді. Ересектер арасындағы Азия чемпионатында күміспен күптелді. Мадияр Құрамысовтай білікті бапкерден тәлім-тәрбие алған Асқаровтың күрес мәнері де ерекше. Ол өте жылдам күресіп, қашанда қарсыластарын атойлап ұтуға құштар. Кейінгі ел чемпио­натында 24 жастағы Алматы облысының өкілі қола медальды қанағат тұтты. Астанада бас жүл­дені олжалаған Майыс Әлиев пен күміс жүлдегер Санжар Мұх­тар Бішкектің бозкілемінде сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін ұлт­тық команда бапкерлері соңғы сынақта Адлан Асқаровты кү­рес­тіруді құп көрді. Ал 74 кг сал­мақтағы Нұрқожа Қайпанов­тың жүріп өткен жолы жайында біз жоғарыда баяндадық.

Қазіргі кезде еркін күрестен ең көп жолдама Ресей (AIN) мен Әзербайжанға тиесілі. Олар 100 пайыздық көрсеткішке ие. Иран құрамасында бес лицензия бар. Сондай-ақ Париждегі додаға қатысатындар тізімінде мына мемлекеттердің өкілдері бар: АҚШ, Пуэрто-Рико, Мысыр, Беларусь (AIN), Жапония – 4, Куба, Грузия, Қазақстан, Өзбекстан – 3, Сербия, Түркия, Армения, Мек­сика, Канада, Гвинея-Би­сау, Аустралия, Моңғолия, Қыр­ғызстан – 2, Сан-Марино, Ал­ба­ния, Грекия, Мажарстан, Бах­рейн, Венесуэла, Доминикан Рес­публикасы, Самоа, Алжир, ОАР және Нигерия – 1 балуаннан.

Бір айта кетерлігі, күрестің бұл түрінде атақты балуандардың біразы әлі де жолдамаға қол жет­­кізе алмай жүр. Солардың ара­­сынан америкалық Зейн Ри­зерфорд (65 кг. Әлем және Па­на­мерика чемпионы, әлем чем­пионаты мен кубогінің кү­міс жүлдегері), моңғолиялық Тө­­мөр Очир Тұлға (65 кг. Әлем чем­пионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері), словакиялық Таймұраз Салказанов (74 кг. Әлем чемпионатының үш дүр­кін жүл­дегері, Еуропаның төрт дүркін чемпионы), италиялық Франк Чамизо (74 кг. Олим­пиаданың қола жүлдегері, екі дүр­кін әлем чемпионы, Әлем кубогінің иегері, Еуропаның төрт дүркін чемпионы) және түркиялық Сонер Демирташ (74 кг. Олимпиада мен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Еуропа ойындарының ек дүркін күміс жүлдегері, Еуро­паның екі дүркін чемпионы) сынды апайтөстерді бөле-жара атап өтуге болады.

Түркияда жалауы желбірейтін жарыстың қорытындысына сәйкес әр салмақ дәрежесі бойынш­а алғашқы үш орынды иеленген балуандар Парижде алауы тұ­танатын Олимпия ойындарында күш сынасу құрметіне ие болады.

 

Алты аруға сенім артамыз

Әйелдер күресінен ұлттық құрама Олимпиада жолдама­лары сарапқа салынған екі бір­дей жарыста сүреңсіз өнер көр­сеткені белгілі. Былтыр Бел­градтағы әлем чемпионатында Жәмила Бақбергенова ғана жүлде алды. Бірақ 72 кг салмақ дәрежесі Олимпия ойындарының бағдарламасына енбеген. Ал жуырда Бішкекте аяқталған ли­цензиялық турнирде бірде-бір жерлесіміз финалға шыға ал­мады. Соның салдарынан бұрым­дылардың қоржыны әлі де бос.

Жоғарыда айтылған келеңсіз жағдай еліміздің әйелдер ко­мандасының бас бапкері Қайрат Сағадиевке біраз ой салғанға ұқсайды. Елге оралған бетте ол ұлттық құрама сапындағы бірінші нөмірлі балуандарды өзге спортшылармен алмастырды. Соның нәтижесінде Қырғызстандағы лизенциялық турнирде күрескен алты балуанның екеуі ғана 9-12 мамыр аралығында Түркияның Ыстанбұл қаласында жалауы жел­бірейтін соңғы іріктеу сынына қатысады. Олар – Лаура Ғаниқызы мен Ирина Кузнецова.

Ең бірінші кезекте бас бап­кердің Жұлдыз Ешімова (53 кг) алмастырғанына қуандық. Иә, оның өте тәжірибелі балуан екені рас. Десек те 36 жасқа келген ардагер спортшының жұл­дызды сәттері артта қалғаны анық. Түр­кияда бұл сал­мақ­та Ма­ри­на Сед­нева са­йысқа тү­седі. 28 жас­тағы балуан – жас­тар ара­сындағы (U-23) әлем бірін­шілігі мен әйелдердің Азия чем­­­пионатының екі дүр­кін қола жүл­дегері. Сондай-ақ Еле­на Шалыгинаны Альбина Қайыр­гел­диновамен алмастырады деген әңгіме болған. Бірақ соңғы сәтте Қайрат Сағадиев өз шешімін өзгертті. Бұл жағдай жанкүйерлердің наразылығын тудырды. Бірер айдан кейін Елена 38 жасқа толады. Ал «шау тартқан» спортшы енді «тау қопара алмасы» анық. Сондықтан да олардың жастарға орнын бо­сатқаны жөн еді. Өзінің бұл шешімін бас бапкер былай деп түсіндірді: «68 кило салмақта Елена Шалыгина бел­десетін болды. Негізі, Біш­кек­тегі турнирден соң Альбина Қа­йыргелдинованы үміткер ретін­де қараған едік. Альбина әлі жас балуан, оның үстіне Азия чемпио­натында да көзге түсе алмады. Сон­дықтан бапкерлер мен федерация ақыл­даса келе, Елена мен Альбина арасында өзара белдесу өткізуді жөн санадық. Сол кездесуде Ша­лыгина айқын басымдықпен жеңіп, Ыстанбұлдағы турнирге қатысуға лайық екенін дәлелдеді.

Ең үлкен өзгеріс 76 кг салмақ дәрежесінде болды. Осыған дейін 72 кг салмақта күресіп, көптеген байрақты бәсекеде ел намысын абыройлы қорғаған Жәмила Бақбергенова 2019-2023 жылдар аралығында әлем чемпионатында үш (2 күміс, 1 қола), Азия чемпионатында бес (3 алтын, 1 күміс, 1 қола) рет жеңіс тұғырына көтерілді. Дәл осындай табысымен еліміздің басқа бірде-бір бұ­рымдысы мақтана алмайды. 76 кг салмаққа ауысқаннан кейін де Жәмила жаман күрескен жоқ. Был­тыр ол Ханчжоуда алауы тұ­танған Азия ойындарын­да күміс­пен күптелді. Биыл Біш­кектегі бәсекеде бақ сынады. Бірақ қа­дамы кұтты болмады. Бастапқы белдесулерде қар­сыластарын қамырша илеген ол шешуші тұста олқылық танытты. Сөйтіп, Бақбергенова өз орнын Елмира Сыздықоваға босатты.

Елмираның да есімі қа­лың көрерменге етене таныс. 32 жастағы спортшы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанған Олимпия ойында­рында қола медальды мойнында жарқыратты. 2018 жылы Жакар­тадағы Азиа­дада да дәл сол межеден көрінді. Құр­лық чемпионатында жеті рет (2 алтын, 2 күміс, 3 қола) же­ңіс тұғырына көтерілді. Би­ыл ақпан айында Астанада өт­кен ел біріншілігінде Жәмила екеуі күрескен. Бұл салмақтағы бәсе­келер айналмалы жүйе бойын­ша өтті. Алғашқы кездесуде Сыз­дықованың мерейі үстем болса, екін­шісінде Бақбергенова басым түсті. Сол себепті Бішкекке Жә­мила барды. Міне, енді Елми­раға сенім артылып отыр. Ал 57 кг сал­мақтағы Эмма Тисинаны Лаура Әлмағамбетова алмастырды.

Қырғызстандағы лицензиялық турнирде табысқа жете алмаға­нымен, құрама бапкерлері Лаура Ғаниқызы мен Ирина Кузнецоваға тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Бұл да құптарлық шешім. Се­бебі 50 кг салмақтағы Лаура Алатаудың арғы бетінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Өзінен әлдеқайда тәжірибелі тәжік пен филиппин балуандарын жолы­нан ығыстырған Ғаниқызы жартылай финалда Винеш Пхогатпен жолықты. 30 жастағы Үндістанның сақа спортшысының әлем чемпио­натының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы деген дардай атақтары бар. Құрлықтың басты додасында ол алты рет (3 кү­міс, 3 қола) жүлдегерлер қа­тарынан көрінді. Әккі балуанға біздің бұрымдының әлі жетпеді. Бірақ Лаураның күресу мәнері көпшілік көңілінен шықты. Ше­берлігі толыса келе, оның да алар асуы биік болатына күмән жоқ. Ал 62 кг салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген 23 жастағы Ирина Кузнецованы дәл қазіргі кезде алмастыратын ешкім жоқ.

Осы күнге дейін әйелдер күре­сінен мына мемлекеттердің балуандары Олимпиада жолдамасына иелік етті: Жапония, АҚШ – 6, Нигерия – 5, Үндістан, Қытай, Ресей – 4, Моңғолия, Түркия, Эквадор, Солтүстік Корея, Канада, Қырғызстан – 3, Колумбия, Куба, Алжир, Украина, Венесула, Бела­русь, Гуам, Молдова, Польша, Германия, Тунис – 2, Мысыр, Өзбекстан, Швеция, Румыния, Норвегия, Болгария, Франция, Жаңа Зеландия, Мажарстан – 1.