Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Бұл даулы мәселеге нүкте қою мақсатында халықаралық беделді ұйымдардан бөлек, бірлі-жарым жекелеген мемлекет басшылары да біраз араласып көрді. Араағайындық танытқандар қос көршінің қол алысып, бітімге келуіне қанша әрекеттенсе де, нақты нәтиже шықпай келе жатқанына ширек ғасырдан асты.
Енді, міне, Қазақстан билігі кезекті бейбіт келісім үдерістерін өткізуге ұйытқы болып, Алматы алаңын ұсынып отыр. Қос ел Сыртқы істер министрлерінің Алматыдағы келіссөз үстелінде бас қосатыны жөнінде дүйсенбі күні Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлаған болатын. Бұл нәтижеге қол жеткізуге ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сеп болғанын айта кету керек.
Биыл Наурызда Бакуге барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізіп, екіжақты кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады. Бір қарағанда, бұл басымдықтар тек екі арасындағы стратегиялық ынтымақтастық аясында қолға алынатын шаруа болғанымен, түптеп келгенде сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық бағыттардың өңірдегі бейбітшілік пен тыныштыққа белгілі бір деңгейде тәуелді болатыны заңдылық.
Әзербайжан – Армения шекарасының түйткілі Бакудегі кездесуде арнайы талқыланбаса да, өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Транскаспий көлік дәлізінің аймақтық ынтымақтастық деңгейін анықтайтын нақты бағыт екенін атап өтті. Сол сапар қорытындысында БАҚ өкілдерімен болған кездесуде И.Әлиев көрші елдермен жақсы қарым-қатынас орнатпай, транзиттік елге айналу мүмкін еместігі жөнінде пікір білдірген еді.
«Бұл ретте Қазақстан да, Әзербайжан да өңірлік ынтымақтастыққа, көршілермен қарым-қатынасын нығайтуға бейілді екенін танытып отыр. Біздің арамызды тек Каспий теңізі ғана бөліп жатыр. Алайда бүгінде оның өзі кедергі емес. Керісінше, Каспий тек елдерімізді ғана емес, көптеген мемлекеттердің арасын жалғайтын көпір саналады. Себебі Транскаспий көлік бағыты өзінің әлеуетін толық ашуға кірісті», деген Ильхам Әлиевтің сөзінен ресми Бакудің көрші елдермен тату-тәтті тұруға мүдделі екенін аңғаруға болады. Әрине Арменияның Транскаспий көлік бағытына әзірге қатысы жоқ болса да, қос елдің Таулы Қарабақ төңірегіндегі қаруға жүгінген қырғиқабақ қақтығысы шиеленісе берсе, аталған көлік бағытынан да береке кетуі бек мүмкін.
Ал араға айға жуық уақыт салып 15 сәуір күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияға барған сапарында ел Премьер-министрі Никол Пашинянды Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынасты тезірек реттеуге шақырды.
Ереванда өткен келіссөздер барысында Қ.Тоқаев пен Н.Пашинян Оңтүстік Кавказда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Мемлекет басшысы Армения мен Әзербайжанның бейбіт келісім жасау жөніндегі қадамдарын жоғары бағалап, Ереван мен Баку арасында тезірек берік әрі ұзақмерзімді бейбітшілік орнағаны маңызды екенін айрықша атап өтті. Ал келіссөздерге Қазақстан өз алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеп, еліміз бұл бағыттағы барлық іс-әрекетті қолдауға әзір екенін де айтты. Қазақстан Президентінің бұл ұсынысын қабыл алған Пашинян Армения мен Әзербайжан арасындағы уағдаластықтарды нақты жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға келісті.
Еревандағы келіссөздердің қорытындысы жөніндегі баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев осы диалог мәселесіне тағы да тоқталды: «Біз алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үдерісіне белсене атсалысуға келістік. Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік шартын жасауға ұмтылысын толық құптаймыз. Құрметті Премьер-министр мырза жаңа ғана айтқандай, Қазақстан барынша қолдау көрсетіп, ізгі қызметтер миссиясын қолға алуға дайын. Яғни екі ел арасындағы келіссөздерді жүргізу үшін өз алаңын ұсынады», деген Президент ең басты мақсатымыз – біздің достас елдерімізді жақындастырып, мызғымас тату көршілікке, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақты дамуға жол ашу екенін нықтай түсті.
Әзірге келіссөздің қай күні, қандай ауқымда өтетіні жөнінде ресми ақпарат жоқ. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл бағыттағы жұмыстар басталып кеткенін, бірақ нақты ақпарат кейінірек берілетінін мәлімдеді. Себебі Қазақстан өз қаласы мен оның диалог алаңын ғана ұсынып отыр, ал келіссөздің қашан және қалай өтетіні аталған екі елге байланысты. Ең бастысы, Қазақстан қабылдауға дайын, бірақ қандай да бір мүддені көздеп отырған делдал емес.
Бұл жөнінде еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров апталық брифингте де айтып өтті: «Біз Әзербайжан мен Армениядағы әріптестерімізбен байланыстамыз. Алдағы келіссөздер тек қана екі тарап арасында жүргізіледі. Астананың делдалдығы туралы сөз жоқ екенін атап өткім келеді. Біз тек қана «Good office» деп аталатын ізгі ниет қызметтерін көрсетеміз. Өтетін күні немесе басқа да ақпарат қосымша хабарланады», деді.
Сонымен бірге А.Смадияров бұл келіссөзге жұмсалатын қаражат мәселесіне тоқталды: «Бұл сондай ауқымды іс-шара емес. Қазақстан қандай да бір шығындарды өтеуі мүмкін, бірақ қос тарап мәмілеге келіп жатса, оның пайдасы тұтас аймаққа септігін тигізеді», дейді ол.
Бұл ретте дәл Бірлік күні – 1 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан мен Армения арасындағы Алматыда өтетін келіссөздер үдерісіне қатысты мәлімдемесін де атап өткеніміз жөн. Мемлекет басшысы мәлімдемесінде бұл маңызды іс-шараның Алматыда ұйымдастырылуының рәміздік мәні бар екеніне тоқталды. Себебі 1991 жылы желтоқсанда қабылданған Алматы декларациясы – ТМД елдерінің тәуелсіз дамуына негіз болған және мемлекетаралық шекараны анықтау қағидаларын бекітіп берген бірден-бір тарихи құжат.
Алдағы болатын Алматы келіссөзі бүгінде АҚШ тарапының да қызығушылығын туғызып отыр. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Президентінің мәлімдемесінен үш күн бұрын Әзербайжан Президенті АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен телефон арқылы сөйлесіп, әңгіме барысында Блинкен екі ел арасындағы шекара сызығын белгілеу жұмыстарының басталғанын құптайтынын жеткізген. Сондай-ақ ол АҚШ та Армения мен Әзербайжан қарым-қатынасының тұрақталуына, түйткілдердің бейбіт шешілуіне барынша қолдау білдіруге дайын екенін атап өтті.
Ал И.Әлиев Блинкенге Әзербайжан бейбітшілік күн тәртібін алға жылжыту үшін Баку барынша күш салатынын, оған саяси әлеуеті мен күш-жігерінің жететінін мәлім етті.
Армения тарапы да бұл іске мүдделілік танытып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Біз Бірлік күнін атап өтіп жатқанда армениялық бір топ депутат келіссөз мәселесі бойынша мұхиттың арғы бетіне барып, АҚШ Конгресінің Армения мәселесі жөніндегі комиссиясының тең төрағалары Фрэнк Паллонемен және Джим Костамен кездесіп, кеңесіп қайтты. Бұл жөнінде Армения парламентінің депутаты Айк Конджорян өзінің Facebook-тегі парақшасында көпшілікпен бөлісті. «Конгрессмендерді Армения-Әзербайжан бейбітшілік күн тәртібі мен аймақтық даму мәселелері қызықтырып отыр. АҚШ-тың, Арменияның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына қолұшын созуы біз үшін өте маңызды екенін жеткіздік», деді депутат әлеуметтік желідегі жазбасында.
Өткенге көз жүгіртсек, екі ел арасындағы жер дауына кейбір елдер сырттан араағайындық жасап, араласқанымен мардымды нәтиже шығара алмай келе жатқанына отыз жылдан асып бара жатыр. Бұл жолы Баку мен Ереван ешкімді араластырмай шешімді өздері шығармақ. Демін ішке тартып, диалогтің қалай өрбитініне қызығушылық білдіріп отырған елдердің бәрі осы жолы Алматы алаңында нүкте қойылар деп үміттеніп отыр.
Біз бұл үдерістің барысынан еліміздің дипломатиялық қадамының нәтижелілігін байқадық. Қос елмен де байланысымыз, стратегиялық серіктестігіміз жоғары деңгейде орныққан. Болашаққа бағдарланған ортақ жобалар да аз емес. Сондықтан Кавказдағы бейбіт те берекелі өмірдің біздің ел үшін стратегиялық маңызы бар. Ең бастысы, біздің дипломатиялық қадамдарымыз Кавказдағы тыныштық аймақтың қауіпсіздігі үшін де ауадай қажет екеніне екі ел басшыларының көздерін жеткізіп, келіссөз үстеліне отыруға көндіре алды.