Қоғам • 04 Мамыр, 2024

Көлігін жалған техникалық тексеруден өткізгендер 10 есе көп айыппұл төлейді

594 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексте белгіленген автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30 айлық есептік көрсеткіштен 100 АЕК-ке дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Көлігін жалған техникалық тексеруден өткізгендер 10 есе көп айыппұл төлейді

Фото: massaget.kz

Көлікті жалған техникалық тексеруден өткізудің салдары адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғасына ұласуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, салынатын айыппұл көлемі жасалған құқық бұзушылықтарға пропорционалды болуы тиіс және оның мөлшері жалған техникалық тексеріс әрекетін келесі ретте қайталамауға әсер ету керек. 

Құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайта жасалса, техникалық тексеруден өткізетін оператор қызмет көрсету құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айырылады.

Сондай-ақ аталған Заң жобасы шеңберінде автокөлікті техникалық тексеруден өткізетін операторлардың қызметіне қойылатын талаптар да күшейеді.

«Жоғары аталған өзгертулер мен толықтыруларды енгізу автокөлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу сапасын жақсартуға және жосықсыз техникалық қарап тексеру операторларының санын 2 есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда нарықта 950-қа жуық оператор көлікті техникалық тексеруден өткізу бойынша қызмет көрсетеді», делінген көлік министрлігінің хабарламасында.