Оқиға • 04 Мамыр, 2024

Қостанай облысында аударылған ұшақта жүрек талмасына ұшыраған науқас болған

282 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Қостанай облысында су бетіне апатты жағдайда қонып, аударылып кеткен Ан-2 ұшағының бортында жүрек талмасына ұшыраған науқас болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысында аударылған ұшақта жүрек талмасына ұшыраған науқас болған

Фото: instagram.com. obl_zdrav_kostanay

Сағат 16:10-да Арқалық – Ақсұңқар санитарлық рейсін орындаған «Навигатор» әуе компаниясының Ан-2 ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін күрт төмен түсіп, еріген қар суына қона бергенде аударылып кеткен. 

Бортта 2 экипаж мүшесі мен 3 жолаушы болған, олардың барлығы Арқалық қаласындағы қалалық ауруханаға жеткізілген. Оқиғаның мән-жайын анықтайтын комиссия құрылды. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі аударылып кеткен ұшақ бортында жүрек талмасына шалдыққан науқас болғанын хабарлады.

«3 мамырда сағат 09:04-те медициналық авиацияның электрондық поштасына 1964 жылы туған миокард инфарктісі диагнозымен науқасты тасымалдау туралы өтініш түсті. Науқасты Қостанай облыстық ауруханасына жеткізу үшін сағат 16:09-да құрамында екі ұшқыш, дәрігер және фельдшер бар санитарлық авиация бригадасы Арқалық қаласына ұшты. Екпінді желдің салдарынан санитарлық авиация әуеге көтерілу кезінде аударылып қалған», делінген басқарма хабарламасында.

Науқас ешқандай жарақат алмаған, жағдайы тұрақты. Қазір Арқалық аудандық ауруханасында емін жалғастырып жатыр. Санитарлық авиация тобы да жарақат алған жоқ, қазір олар дәрігерлердің бақылауында.