Таным • 09 Мамыр, 2024

Өлім фабрикасы - «Освенцим» лагері туралы не білеміз?

479 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

XX ғасыр адамзат тарихында аса ірі әрі қанды оқиғалармен есте қалды. Оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыс та бар. Қанды майданнан бөлек, миллиондаған адам «азаптау лагерлерінде» жазықсыз жан тапсырды. Қолдан жасалған геноцид тұтас ұлттың жойылып кетуін көздеген. Үлкені мен кішісіне де, жасы мен кәрісіне де қатігездік танытқан фашистік Германия «Освенцим» лагерін құрып, жантүршігерлік эксперименттер жасаған.

Өлім фабрикасы - «Освенцим» лагері туралы не білеміз?

Фото: uainkrakow.pl

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік Германия мен олардың жақтастары «Освенцим» лагерінде бір миллионнан астам адамды өлтірген. Құрбандардың басым бөлігі еврейлер еді. Ал германиялық нацистердің 1933-1945 жылдары жүргізген еврейлерді жою операциясы - Холокост кезінде алты миллионға жуық еврей қаза тапты. 1945 жылдың 27 қаңтарында совет әскері нацистердің ең ірі концентрациялық лагері «Освенцим: Аушвиц-Биркенауды» басып алып, тірі қалғандарды азат еткен.

Фото: polk.press

Фото: polk.press

«Освенцим» лагері - 1940-1945 жылдары жұмыс істеген фашистердің концентрациялық және өлім лагерьлерінің кешені. Жұрт арасында бұл қанды жер Аушвиц-Биркенау деп аталып кеткен. Аталмыш лагерлер жүйесінің тасы 1940 жылы Польшаның оңтүстігінде қаланған. 1942 жылдан бастап 1944 жылдың ортасына дейін лагерге еврей халқы күштеп қоныстандырылған. Алайда, тұтқындардың арасында басқа да ұлт өкілдері, тіпті қазақтар да болған. Басты лагерь – «ОСВЕНЦИМ-І» деп аталса, Биркенау немесе «ОСВЕНЦИМ-ІІ» басты өлім орталығы болған. Ал Моновиц және «ОСВЕНЦИМ-ІІІ» көмірден жанармай шығаратын ірі өнеркәсіп ретінде жұмыс істеген. 

AP Photo

Фото:  AP Photo

Тарихи деректерге сүйенсек, 1933-1945 жылдар аралығында Еуропадағы еврей халқының 60 пайызына үлкен қысым көрсетілген. Олардың ішінде әйелдер, балалар мен қарттар да болған. Түрлі статистикалық ақпараттарға көз жүгіртсек, «Освенцимде» 1,5-нан 4 миллионға жуық адам мерт болған. Еврейлермен қоса онда 85 мың поляк, 20 мың сыған, Еуропа елдерінің басқа 12 мың азаматы және Совет одағының шамамен 15 мыңға жуық әскери тұтқыны аса қатігездікпен өлтірілген.

«Освенцимге» 5 жыл бойы күн сайын тұтқындар пойыз арқылы жеткізіліп отырған. 40-50 вагонды құраған пойыздар мыңдаған адамды «өлім мекеніне» әкелген. Бірақ тұтқындардың барлығын қамай берсе, «Аушвиц-Биркенаудың» жапырақ құлайтын жері де қалмас еді. Осыған байланысты фашистер күн сайын жеткізілетін тұтқындардың 70%-ын әп-сәтте газ камерасында тұншықтырып өлтіретін, ал денесін крематорийде өртеп, күлін тыңайтқыш ретінде қолданған. Ең сорақысы, тұтқындар нағыз «тозаққа» жеткізілгендерін де білмеген. «Қара жұмысқа жегіп қоятын шығар, жанымызды алмас» деген оймен қадам басқан адамдар, газ камераларынан бірақ шыққан. Пойыздан түсе сала өлім жазасына сәбилер, қарттар, мүгедектер, ауру-науқастар мен еңбекке жарамсыздар кесілген. Фашист дәрігері вагоннан түскендерді іріктеп отырған, қолын солға бұрса – өлім, оңға бұрса еңбекке деген сөз. Лагерьге кіреберісте тұтқындарды «Arbeit macht frei» (Еңбек сендерді азат етеді - қаз.ред) деп жазылған үлкен қоршау күтіп алатын. Бірақ бұл - бос сөз, концлагерде мұндай қанатты сөз мағынасынан айырылып, мүлде орынсыз болған. Себебі тұтқын болып келгендердің барлығы дерлік ажал құшқан. 

dzen.ru

Фото: dzen.ru

Өлім лагерінің аймағындағы қоймалардан 2 тонна шаш - шамамен 40 мың әйелдің шашы, 110 мың жұп аяқ киім, 40 келі көзілдірік, мыңдаған балдақ, 4 000-ға жуық чемодан табылған. Бұлар неміс әскері өртеп үлгермей қалған бір бөлігі ғана, ал жойылған айғақтарды елестетудің өзі қорқынышты. Өлген адамдардың күлінен тыңайтқыш жасаған фашистер жеміс-жидек, көкөніс өсіріп, кейін сол өнімді еш жиіркенбей жеген. Жиналған әйел шаштарынан немістің сүңгуір қайықтарындағы теңізшілерге арналған матрас жасалған. Ал тұтқындардың нәжісінен биогаз жасалған.

Юдин В. П.

Фото: Юдин В.П.

poznamka.ru

Фото: poznamka.ru

Бүгінде қатігездік мекені - «Освенцим» концлагерінің орны 1947 жылы мұражайға айналды. Ал 1979 жылы бұл аймақ ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілді. Мұражайға жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен миллионға жуық турист келеді. 1960 жылдан бастап бұрынғы «Освенцим I» концлагерінде Ұлттық социализмнен зардап шеккен Еуропаның жекелеген елдері құрған «ұлттық көрмелер» ұйымдастырылып келеді.

poznamka.ru

Фото: poznamka.ru

Фото: Oscar Gonzalez/NurPhoto via Getty Images

Фото: Oscar Gonzalez/NurPhoto via Getty Images