Айбын • 07 Мамыр, 2024

Ата-баба ерлігі бізді жігерлендіреді

216 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Бала кезімде әскери киім киген адамдарды көрсем қызыға қарайтынмын. Теледидардан соғыс туралы фильмдерді жиі көріп өскен буынның ұрпағы болған соң шығар, жауынгерлік өмір кішкене кезімнен-ақ мені баурап алды. Болашақта ел қорғаушы боламын деген балалық арманым бүгінде, шын мәнінде, өмірлік мамандығыма айналғанына өзімді бақытты санаймын».

Ата-баба ерлігі бізді жігерлендіреді

Қорғаныс саласының майоры Ерман Иманғалиев әңгімесін осылай бастады. Ол – бүгінде өңірлік қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жұмылдыруды жоспарлау бөлімінің басшысы. Әдетте, мұндай мамандардың қызметі сырт көзге байқала бермейді. Шындап келгенде, мемлекет ішіндегі бейбітшіліктің сақталуына, әскери міндетті азаматтарымыздың кез келген жағдайда ел қорғау ісіне сақадай сай тұруына бұл құрылымның сіңіріп отырған қызметі зор.

«Біздің бөлім облыстағы әскери жұмыл­дыру дайындығын жоспарлау, ықтимал соғыс жағдайында қалай әрекет ету керектігін, қарулы күштерімізді үйлестіріп, кез келген әскери қимылды алдын ала ойластырумен шұғылданады. Жұрттың көпшілігі қорғаныс департаменті азаматтарды тек әскерге шақырумен айналысады деп ойлайды. Дейтұрғанмен әскери қызмет, ондағы құрылымдар бірқатар күрделі үдерістен құралады. Павлодар облысында қорғаныс істері жөніндегі жергілікті 12 бөлім бар. Бейбітшілігімізге қауіп төндіретін құбылыс туындай қалса, оларда тіркеліп тұрған әскери мін­детті азаматтарды хабарландырып, жұдырықтай жұмылдыру – негізгі мақса­тымыз. Мәселен, запастағы офицерлер 60 жасқа дейін, сержанттар мен қатардағы жауынгерлер 50 жасқа дейін әскери мін­детті болып есептеледі», дейді ол.

Азаматтың балалық арманы мектеп бітірген соң бірден әскери өмірге жетеледі. Астанадағы ішкі істер әскерінде азаматтық борышын өтеген соң Ақсу қаласындағы қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөліміне жұмысқа тұрды. Кейін қызмет жолы өрлеп, Ақтоғай ауданындағы жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының орынбасары міндеттерін атқарды. 2016 жылдан облыстық қорғаныс істері жөніндегі басқармада абыройлы еңбек етіп келеді.

Ерман Рашидұлының сөзінше, бүгінгі жастардың отансүйгіштік сезімі жоғары деңгейде. Қазіргі заманғы буын көп құндылықты материалдық қажеттілікпен өлшейтінін ескерсек, қорғаныс ісінде жастарды ынталандыратын тетіктер жетерлік. Мәселен, әскерге барып, тәртібін жақсы жағынан көрсете білсе, үйіне оралғанда жоғары оқу орнында тегін оқу мүмкіндігі беріледі. Мойнында несиесі болса, төлеу мерзімі бір жылға шегеріледі. Мұның сыртында баспана алуға, баспана жалдап тұруға қаншама жеңілдік бар. Осының барлығы әскерге өз ниетімен барушылар қатарын арттыра түсіп отыр.

«Отансүйгіштік қасиет қанмен келеді. Ата-бабаларымыздың ерлік істерінің рухы бізді әрдайым жігерлендіреді. Жасырып керегі не, әскери қызметте көп жыл еңбек атқарған кейбір азаматтар тезірек зейнетке шығып кетсем деп жүреді. Менде ондай ой жоқ. Қуатым қайтқанша осы салада еңбектеніп, Отан қорғау ісінде туған еліме қызмет етсем деген мақсат қана бар. Бұл салада қаншама мықты мамандармен, аға буынмен қызметтес болып, үлгі-өнегелерін көрдім. Олардың тәжірибелерін бойыма жинап, бүгінде кез келген тығырықтан жол тауып шығатындай деңгейге жеттім деп есептеймін. Әскери өмір қанша қатал дегенмен, ағалардың ыстық ықыласын әлі күнге сеземін. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету қажет. Ешқашан ашуға бой алдырмай, қызғаныш деген жаман қасиеттерді бойға дарытпау керек. Артымыздан ерген жас буын білімін шыңдап, өзі сүйген мамандыққа бет бұрып, қоғамға да, өзіне де пайдасы тиер жақсы маман болса, одан асқан мұрат жоқ», дейді Ерман.

Е.Иманғалиев саладағы қажырлы еңбегі үшін Қорғаныс министрлігі тарапынан Алғысхатпен марапатталған. Бүгінде жұбайымен бірге отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Бос уақытында дзюдо күресімен шұғылданады. «Спорт әрдайым сергек жүруім үшін қажет» дейді ол.

 

Павлодар облысы