Хакім Абайдың бұл сөзі ешқашан көнермейді. Бүгінгідей ғылым мен техника мейлінше өркендеген тұста, жұртшылық бар керегін ғаламтордан іздеп, компьютер кітапты ығыстырып шығарады дейтін пікірлердің көрігі қызып жатқан кезде оған бір түрлі күмәнданып қалатының да құпия емес. Десек те, адамзатты бүгінгідей дамып-өркендеген заманға жетуіне кітаптың да үлесі болғанын ешкім жоққа шығара алмас.
«Жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейтін – көркем әдебиет», депті Л.Фейхтвангер. Ендеше, баланың кітап оқымай қойғанына алаңдамай тұра алмасақ керек.
Баланы ғана емес, жалпы жұртшылықты кітап оқуға құлшындыру үшін не істеу керек? Бұл – Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары мен оқушыларының көкейіндегі сұрақ еді.
Көп ұзамай білім ордасының әкімшілігі бұл бағытта өзіндік әдіс-тәсілдерді қолдануға кірісті. Соның бірі – мектепте ұйымдастырылған оқу сағаты. Оқу сағаты аптасына екі күн өткізіледі. Аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері үлкен үзіліс кезінде мектептің бүкіл мұғалімдер ұжымы, оқушылары мен техникалық қызметкерлері жаппай көркем әдебиет оқумен айналысады. Бұл үдерістің жүзеге асу барысы арнайы қадағаланады, бейнетаспаға түсіріледі. Ал апта қорытындысында оқу сағатына талдау жасалып, кемшіліктер мен ұсыныстар айтылады.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас». Игілікті идея іске асырылудан бұрын жеті рет өлшенген. Әсіресе, уақыт тиімділігін қамтамасыз ету әдепкіде әжептәуір сұрақ туындатты. Рас, ауқымды шығарманы оқып-аяқтау үшін кемі 3-4 күн қажет делік. Бас-аяғы бір сағатқа жетер-жетпес үзілісте оны қалай оқуға болады?
Мектеп ұжымы оқитын кітабын үнемі өзімен бірге алып жүруге міндеттеме алды. Олар оқу сағаты басталған уақытта барлық жұмысты ысырып қойып, жаппай кітап оқуға кіріседі. Бұл уақыттың ішінде шағын жанрдағы бірнеше поэзиялық, прозалық туындыларды оқып аяқтауға болатыны белгілі болды. Ең бастысы, әкімшілік-басқару қызметкерлерінен бастап, мұғалімдер мен техникалық қызметкерлер, оқушылар оқу сағатына белсенді қатысуға дағдыланды.
Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, оқу сағаты енгізілгеннен бергі уақытта мектеп кітапханасына келушілер күрт көбейіп, әлемдік классика мен қазақ әдебиеті оқырмандарының саны арта түсті. Сөрелерде сықиып тұратын қалың кітаптар оқушыларын тауып, кітапханалық қордың күнделікті айналымы артты. Мұның өзі оңтайлы істің оң нәтиже бере бастағанын көрсетті. Ендігі міндет – оқу сағатын ұйымдастыру тиімділігін арттыру, оқу уақытын көбейту.
Әбдіманап ТАСБОЛАТ,
химия-биология бағытындағы
Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.
ШЫМКЕНТ.