Суретті түсірген – Валерий Бугаев
Ертіс-Успен каналының құрылысы кеңес заманында қолға алынып, кейін тоқтап қалған. Ұзақ жылдар тұрып қалуына байланысты оның түбіне шөп өсіп, салынған бетон плиталарын ел-жұрт таратып алып кеткен. 2020 жылы су құрылысы қайтадан қолға алынды. Жоба бойынша каналдың ұзындығы – 13 шақырым. Бірақ құрылыс жұмыстары кейінгі екі жылда саябырлап қалған.
Павлодар облысының әкімдігі хабарлағандай, Ертіс-Успен су арнасының құрылысы биылғы жылдың қараша айында толық тапсырылуы керек. Қазіргі уақытқа дейін құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Каналда жаңадан су сорғы стансасы мен жасанды су жинағыштар салынады деп жоспарланған. Нысан толықтай іске қосылса, 10 мың гектар жерді суармалы алқаптарға айналдыруға болады. Шаруашылықтар оның нәтижесінде 500 мың тонна ауыл шаруашылық дақылдарын өсіре алады.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың сөзінше, қазіргі уақытта өңір аумағында 169,5 мың гектар суарылатын жер бар. Іс жүзінде бұл аумақтың тек 72 мың гектары ғана суарылады. Келешекте облыста жалпы көлемі 300 мың гектар жерді суармалы алқапқа айналдыру жоспары тұр.
Негізі Ертіс-Баян өңірі қауіпті егіншілік аймағында орналасқандықтан, астық алқаптары көбіне көктемгі ылғалға тәуелді. Соған орай өңірдегі бай су ресурстары мен Ертіс өзенінің әлеуетін кеңінен пайдалану қажет. Бұл өз кезегінде ауылшаруашылық дақылдарын өндіруде тұрақты және жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Айтпақшы, бұған дейін Павлодар облысының басшылығы аймақта Бұқтырма сияқты жеке су қоймасын саламыз деп айтқаны есімізде. Бұл уәде құр сөз болып қалмайтынына сенімдіміз.
Павлодар облысы