Оны үйретуді бастауыш сыныптан бастаса, бағы ашылады
Бір замандары ескіліктің белгісі деп елеп-ескермеген ұлттық қолөнеріміз қазір қайта жанданып, халықтың игілігіне асып, өзге жұрттардың қызығушылығын туғызып келеді. Мен осы дәстүрлі өнерді мектеп табалдырығынан, оның ішінде бастауыш сыныптан бастап оқушыларға үйретуді көптен ойланып жүретін едім. Жалпы, бұл істі қолға алғандағы басты мақсатым, қоршаған дүниедегі адам қолымен жасалған шеберлікті ұл мен қыздың бойына сіңіру, еңбекке баулу ниеттен туған еді. Табиғи материалдардан жасаған бұйымдар қай заманда да сұранысқа ие. Ол екінші жағынан оқушыны тиянақтылыққа, еңбекқорлыққа, ұлттық үлгіге тәрбиелейді. Мұнымен қатар, кішкентай кезінен салт-дәстүрімізді, жауһардай құндылықтарымызды көз алдынан өткізіп қана қоймай, қолымен жасаса, ол ұл мен қыздың ой тереңінде, жүрек түкпірінде өшпей жүреді. Бұл олардың ұлтқа деген сүйіспеншілігін, менің қазағымда да осындай жақсы дүниелер бар деген мақтанышын оятады. Сонымен бірге, бұл ізденіс кезінде оқушы жасасам деген дүниесіне қажетті материалдарды таңдау, шығармашылық қабілетін шыңдап, кеңістікке қарай көркемдікпен жасауға, оған эстетикалық талғаммен қарауға, әр жұмысын жетілдіріп отыруға дағдыланады. Мәселен, табиғи материалдардан түрлі бұйымдардың сызбасын жасап, оны кейін құрастыру ісін шеберлікпен шешеді. Мұндай жауапты істе оқытушы біріншіден, техникалық қауіпсіздікті, екіншіден, гигиеналық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.

Мен осындай жұмысты Астана қаласындағы Жамбыл атындағы №4 мектеп-гимназиясында үйірме ретінде бастаған едім. Алғашында он оқушы ынта білдірсе, қазір 150-ге жетті. Оқушылардың ұлттық қолөнерге деген ынтасы бөлек. Сәнді қолданбалы қолөнердің ең көне және кең тараған түрлерінен тоқыма тоқу, ою-өрнектер ою, түрлі киім үлгілерін тігу, оның алғашқы сызбаларын қағазға түсіру жұмыстары қолға алынуда. Қазірдің өзінде оқушылар, оның арасында ұл балалар да бар, шағын кілемшелер, алашалар тоқуды меңгерді. Оқушыларға қажет тігін машиналарын, арнайы құрал-жабдықтарды, өзге де қажеттерді Түркияның ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі беріп, үлкен қамқорлық жасауда. Ал ұлтқа қажет іске қолдау көрсеткен мектеп директоры Базаркүл Сыздықова екенін айта кетуді парыз санаймын.
«Ата өнері – балаға мұра», «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп халқымыздың бүкіл болмысын көрсететін қолданбалы салт үлгімізді айналысқа енгізіп, күні ертең қазір кейбіреулері жәдігерге айналып бара жатқанда, киім үлгілерін күнделікті қолданысқа пайдалансақ, Қазақ елі осы бір құндылығымен де төрткүл дүниені тамсандырары анық. Оны көктемнің жасыл желегіндей қаулап өсіп келе жатқан ұл мен қыз мектеп қабырғасында үйреніп өссе, олар ертең қажеттеріне жаратып қана қоймайды, ұрпақтар сабақтастығына айналдырады. Бәсекелестік бел алған бүгінгідей алмағайып заманда ұлттық қолөнерімізбен де танылып, осы күндері таңсық болған ежелгі бұйымдарымызды жас ұрпақтың қолымен жаңғыртсақ жақсы дүниелеріміз, кәдеге тартар сыйларымыз, көздің жауын алар зергерлік бұйымдарымыз көбейе берері сөзсіз.
Ләззат АТЫБАЙ,
Жамбыл атындағы №4 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі, қолөнер үйірмесінің жетекшісі.