Қоғам • 09 Мамыр, 2024

Белгісіз солдат

206 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Буалдыр елес біртүрлі сұраулы жүзбен қарап тұрады. Әлдене айтқысы келе ме, қалай? Үмітін ақтамаған перзентіне налыған әкедей көзінде күрсініс бар. Мен жақындай түсемін. Тұман сейіліп, тұлғасы тұнық көріне бастады. Иә, соның өзі екен. Қолында мыл­тық, үстінде шинель, ауыр жараланған сарбаздың бейнесі тұр алдымда. Санамда сансыз жаңғырық... Тәңірдің тылсым дәргейінен уақыт­ша жерге ұшып, құран дәметіп, шапағатына тұтылған аруақ па екен бұл өзі? Есімі де, сойы да бір жолата желге ұшып, қан май­данда ұмытылған солдат па екен бұл өзі? Мағауия Хам­зиннің «Белгісіз солдат» күйі осындай ойға жетелейді.

Белгісіз солдат

Иә, соғыс талай шаңырақты ортасына тү­сірді. Күллі жүректерге қап-қара мөр басып кетті. Талай тегеуріні те­мір­дей азаматтар бабалар түскен жүрі жол, бұрылып сонда кете барды де­сеңші...

Майданнан аман оралған сар­баз­дардың да жағдайы мәз бол­мағанын білеміз. Соғыстан оралғандардың арбаға же­гілген аттай еңбек етіп, үкіметтен тиісті жеңілдік ала ал­мағаны қаншама. Қара­пайым қазақ оны да құнттамай, аман келгеніне қуанып қана жүрген екен. Украин даласында опат болған атамның іні-қарындастарының жадағай жағдай кешкенін айтып отыратын ауыл шалдарының әң­гімесі есіме түседі осындайда. Рас-ау деймін ішімнен.

Редакцияда отырғанымызда аға журналист Талғат Батыр­хан­ның майдангер әкесі туралы айтқан әңгімесі ойыма оралып отыр. Бір күні соғыстан жараланып оралған Садық Батырханұлының үйінен өрт шығып, әскери билеті жанып кетеді. Содан аудандық әскери комиссариат тарапынан ол құжат қайта рәсімделмепті. «Қай бір жылы Ресейдің «Память», «Подвиг народа» атты іздеу сайттары ашылғанын естідім», дейді ұлы Талғат Батырхан. «Әкемнің аты-жөнін теріп қалсам, күллі құжаттары жарқырап шыға кел­ді. Қуанғанымнан төбем көкке екі елі жетпей қалды. Жоғым табылғандай, жа­нартауым жарылғандай күй кеш­тім. Сөйттім де, «военкоматқа» дереу олжамды көрсетуге асықтым. Бұл қуанышымды су сепкендей басты әлгілер. «Мына деректер әкеңіздің соғысқа барғанын растамайды» десін. Одан кейін қанша жүгірдім. Біздегі қақсал бюрократия бет қаратпады. Ақыры әкемнің майдангер болғанын дәлелдей алмадым. Көзі тірісінде сөйтіп, соғысқа қатысушылар көрген игіліктердің бірін де көрмей кетті, жарықтық.

Талай-талай тау тұлғалар туралы ма­қала дайындап, өз әкем туралы жарытып жаза алмағаным қынжылтады. Өкініш пе? Өкініш!

Жоғары шенділер онсыз да жазылады. Ал үлкен соғыстағы кішкентай солдаттардың тағдыры ше».

Ағамыздың перзенттік жүрегінің өксігі мен өкініші еді бұл.

Мағауияның «Белгісіз солдатын» қайта тыңдадым...