16 Маусым, 2010

ХАЛЫҚ ТІЛЕГІ – ҚАПЫСЫЗ ТІЛЕК

1674 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАЛАУЫ РЕСМИ ТҰРҒЫДАН БЕКІП, ЕЛБАСЫ МӘРТЕБЕСІ ТҰҒЫРЛАНА ТҮСТІ Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына, сондай-ақ Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заң­на­малық актіле­рі­не Қазақстан Респуб­ли­касы Тұңғыш Пре­зидентінің – Елба­сы­ның қызметін қамта­ма­сыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы еліміздің Конституциялық заңы мен Заңы Отаны­мыздағы Президенттен кейінгі үш жоғары лауазым иелерінің қол қоюларымен күшіне енгізілді. Аталған заңнамаларға қатысты Мем­лекет басшысы Н.Назарбаев көптеген қазақстан­дық­тардың қолдауына қара­мастан, өзінің арнауын жолдап, құжат­тарға қол қоймау себептерін айтқаны және осыған байланысты ұстанымын білдіргені белгілі. Алайда еліміздің еңселі ертеңі, халқы­мыз­дың кемел келешегі жо­лында жоғарыдағы заңнамаларды қабыл­даған да жөн болатын еді деген ұста­нымдарын біл­дірген ұсыныстар да көп болатын. Мә­селен, ақсақал ақы­нымыз Қайрат Жұмағалиев өзінің “Егемен­ге” шыққан мақаласында былай деген еді: “...бұл еліміздегі тұрақтылықты одан әрі ны­ғайту мақсатында қабылданған заң екендігі белгілі. ...Әттең, шіркін, осындай жағдайда Елбасымыздың аталған заңдарды бекітуден бас тартпағаны да жөн болатын еді-ау...”. Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың ар­науы жарияланғалы бері газетімізде осындай ұс­танымды білдірген мақалалар аз бол­ған жоқ. Міне, енді халық тілегі қабыл болып, заңдар ресми тұрғыдан бекіді. Осындай тұста ол заңдарды жасаған, талдаған, бекіткен тұлғалардың қол қоюы арқылы  түйінді сәтімен тарқатқанына, Президент  мәртебесін белгілеудің көкейге қонымды жолын тапқанына халық риза. Газетіміздегі “Елбасы мен Ел Басының айырмасы бар” (5.06.2010) деген пікірдің ескерілгені де қуантады. Төменде осы оқиғаға қолдау білдірген топтама назарға ұсынылып отыр. ОСЫЛАЙ БОЛУЫ КЕРЕК-ТІ Қазақстанның жаңа мемлекет­тік құрылымы – президенттік инс­титуттың арқасында еліміздің өміріне инновациялық өзгерістер енгізуге мүмкіндік туды. Осы өзге­рістердің нәтижесінде мемлекеттік билік салалары жаңаша басқару әдістерін, жаңа көзқарастарды көп­теп енгізді. Президенттік инс­титутты құрудың басты мақса­ты – басқару жүйесінің тиімділігі мен тәртіптің сақ­талуын жолға қойып, нығайту еді. Қол жет­кізген табыс­тарымыз бен жетістіктеріміздің ар­қасында дүние жүзіндегі көптеген мемле­кеттер­мен емен-жарқын қатынастағы терезесі тең, танымал елдердің қатарынан орын алдық. Нақ осы орайда Елбасы рөлінің баға жеткісіздігіне елі кәміл сенді. Президенттің халық алдындағы абыройы асқақ. Ол абырой өмір бойғы ерен еңбекпен, ұлтым деп соққан үлкен жүректің лүпілімен өріл­ген. Әсіресе, тәуелсіз Қазақ­стан қол жеткізген жетістіктердің барлығы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баевтың көрегендігі мен сұң­ғыла саясат­керлігінің арқасы деп білеміз. Сөзімізге дәлел ретінде ке­ле­сі деректерге көз жүгірте кетейік. Біздің Отанымыз БҰҰ-ға мүше болды. Басқа да беделді халықаралық ұйым­дарға өзге елдермен тең дәрежеде мүше болуымыз әлемдік ауқымда саяси әлеуетіміздің өскендігін көрсетеді. Еліміздің ядролық қарудан бас тартуы қарусыздану қозғалысының дүние жүзі елдерінде қолдау табуына септігін тигізді. Соның бір дәлелі — биыл Вашингтонда өткен Жаһан­дық ядролық қаруға қарсы сам­мит­те Қазақстанның мерей-мәр­тебесі әлемдік лидерлер тарапынан мойындалғанына бәріміз сүйіндік. Президенттік институттың өр­кендеу жолында 2010 жыл тарих бетінде ерекше орын алды. Қазақстан ТМД, түркі тілдес елдер арасынан, мұсылман әлемінде бірінші болып Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­на төрағалық етуде. Төраға­лық­тың бірінші күнінен бастап Ел­басы Н.Назарбаев Қазақстанның негізгі төрт ұстанымын алға тарт­ты: Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Тө­зімділік. Сонымен бірге, еліміздегі этносаралық  және конфессия­ара­лық келісімді арттыру арқылы то­леранттылық пен мәдениетаралық үнқатысу мәселелері ЕҚЫҰ кеңіс­тігінде басым болуын нысанаға алып отыр. Отанымыздың осын­дай жоғары дәрежелі құрметке ие болуының бір себебі Н.Назар­баевтың кемеңгер басшылығымен қол жеткен береке-бірлік, татулық пен тұрақтылық, сыртқы саясат­тағы сарабдалдық екендігін аңғару қиын емес. Елбасының әр бастамасын мем­лекеттің жетекші оқу ордасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де әрдайым қолдап отырады. Жақында қара­ша­ңырақтың атсалысуымен “Қа­зақ­стан Республикасының Пре­зиденттік институты: тарих және қазіргі заман” атты халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік конферен­ция­ өтті. Конференцияда Пре­зиденттік институттың 20 жылдық жарқын шежіресі ой елегінен өткізіліп, еліміз үшін өзекті өмір­лік мәселелерді шешудегі тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі жан-жақты сараланып бағаланды. Өткен жылдың 13 қазанында Елбасы сту­денттер алдында сөйлеген сөзінде қазақстандық жоғары оқу орын­дарының білім беру деңгейін ха­лықаралық стандарттар талабына сай ету міндетін алға тартқан бо­ла­тын. Жастарға сенім артуы және ұдайы қамқорлығына алуы да Елбасы даналығын көрсетеді. Мұндай мейірімі үшін ол кісіге ұстаздар қауымы да дән риза. Сұлтан ТӨЛЕУХАНОВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің кафедра меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор. ӨКІЛЕТТІГІ ЕНДІ НАҚТЫЛАНДЫ Қазақстан Республикасы Тұң­ғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз етуге бай­ла­нысты Қазақстан Республика­сы­ның Конституциялық заңы қол­данысқа енгізіліп отыр. Оны аса зор қанағат­танғандық сезіммен қабылдадым. Бүкіл қазақстандықтар сияқ­ты Президентіммен мақтана ала­мын. Мен әрқашан еліміздің Президенті Н.Назар­баевты қай­ратты, қажыр­лы және даныш­пан адам деп есеп­теймін. Ол өзі­нің көрегендігімен, батыл бастамаларымен, халық мүддесі жолындағы жанқиярлық еңбегімен баяғыда-ақ Ұлт Көс­басшысы атанған және шын мәнісінде солай. Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа, Тәуелсіз Қазақстанның туы желбіреген жылдар ішіндегі баға жетпес реформаторлық қызметін санап шығудың өзі мүмкін емес және мақсат та емес. Мұндай адам­дар халықтың, ұлттың арасы­нан мың жылда бір туатын шығар. Президентіміздің жан-дүниесі, арман-тілегі халықпен бірге. Ол жылтырақ бекершіліктен, жөнсіз мадақтау мен мадақтан биік тұра­тын жан. Елбасы: “Біз сондықтан жақсылыққа бет алған дәуірге деген халықтың сенімі нығая түсуі үшін бәрін жасауға тиіспіз”, деді. Міне, осы сөздерден-ақ Елбасының түпкі мақсаты, ұстанымы айқын көрінеді. Герихан ЯНДИЕВ, Ақмола облыстық “Вайнах” чешен-ингуш қоғамының төрағасы. КӨКШЕТАУ. БІРІН ЕКІНШІСІ ТОЛЫҚТЫРАДЫ Жиырма жылға жетер жетпес уақыт ішінде тәуелсіз мемлекетімізді қалыптастырып қана қоймай, өзін де, елін де бүкіл әлемге таныта білген Елбасымыз қандай құрметке болсын лайық. Осындай қысқа мерзімде елімізде атом аждаһа­сының ауыздықталып, шекара­мыз­дың шегенделуі, нарықтық экономиканы дендеп игере бастағанымыз, Еуропа төрінен көрініп отырғанымыз айтқанға ғана оңай. Бұған жоғары оқу орнының байырғы қызметкері ретінде өз басым ғылым мен білім сала­сындағы оңды өзгерістерді де қосқан болар едім. Елбасының қазақстандықтарға жыл сайын­ғы дәстүрлі Жол­дау­ларында бұл мәселе бір сәт те назардан тыс қалған емес. Соның нәтижесінде уақыт өткен сайын жоғары оқу орын­дарының материалдық-тех­ни­калық базасы нығайып келеді. Мұның сыртында студенттер­дің стипендиясы да көбейе түсті. Талапты жастарымыз “Болашақ” бағдарламасы ая­сында шетелдерде оқып жатыр. Осындай игі үрдіс­теріміз мына­дай дағдарысты жағдайда да бәсеңсімей отырғаны қуан­тады. Бір сәт соған тәубе дейсің. Солай дей отырып, мен студенттер қауымының да қашанда Елбасымыздың ішкі және сыртқы саясаттағы сын­дарлы бағытын зор ынтамен қолдап келе жатқанын айта кетсем деймін. Сондықтан олар да депутаттар бастамасын көпшілік болып қолдаған болатын. Енді, міне, құжаттар ресми түрде бекітіліп отыр. Әрине, әуелде Мемлекет басшысы бұл мәселеге басқаша тұрғыдан келді. Ал оның се­беп-салдары Елбасының соған орай жолдаған арнауында та­ратылып айтылды. Яғни, ұлық болса да, кішік бола білді. Өз басым уақыт пен тарихқа жүгінген адам ғана осындай қадамға бара алады деп ойлаймын. Ал тарих тара­зы­сы ешқашан ауытқымақ емес. Осы орайда бізден де бір пікір. Яғни, онсыз да көш бастап келе жатқан Нұрекең сол елдің көшін өзі жеріне жеткізуі тиіс. Бұл Елбасына серт болса, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару бізге серт. Сондықтан да Тұңғыш Прези­дент – Елбасы атауы бірге тұрғаны жөн деп есептеймін. Арап Еспенбетов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті гуманитарлық факультетінің деканы, ғылым докторы, профессор. ЕЛБАСЫН “ҰЛТ ҰСТАЗЫ” САНАЙМЫН Жалпы әу бастан ұлт көш­бас­шысы, ұлт лидері деген  әңгімелер басталғанда бұл мәселеге Пре­зи­дент­тің қалай қарайтынын, ол кісі­нің бұл ұсыныстарды қолдай қой­май­тынын бәріміз де білдік. Ол кісі­нің мұндай мақсатта туын­даған ойларға елдік, егемендік тұр­ғыдан баға беріп, дұрыс шешім ай­татыны осыдан-ақ белгілі болды.  Қазақ хақының бір ұлы ретінде Елбасына құрмет көрсетсек деген ойдан туғаны да, ол кісі жайлы ондай биік ойдың болғаны да қуанышты. Елдік туы өзгелермен қатар тұрғаны – мақтаныш. Басқа мемлекеттерде қандай жағдайлар орын алып жатқанын халық енді өзі көріп, біліп отыр ғой. Осыдан-ақ саралап, баға бере алады. Елдің тыныштығы, жағдай­лары­ның тұрқтылығы, өсіп-өркен­деуі елдің басында отырған адам­ның тұлғалық қасиеттеріне бай­ла­нысты. Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы халқы үшін осындай қиын асулар­дан өтіп, биік құрмет пен дәрежеге лайық абыройға жетті. Негізі, қазақ халқында данышпан  аға-ата­ла­ры­мызды халық өз тілімен ешқандай заң қабылдамай-ақ, ешқандай да бұйрық шығартып жаздырмай-ақ шын жүректен батырым, елін сүй­ген ер деп қабылдаған. Мысалы, әу­лие­лерге де халық өзі атап, сый­ын­ған. Халық айтса, қалт айтпайды. Ал, мен өз басым, ғалым ретінде  Елбасын “ұлт ұстазы” деп атағанды жөн көремін. Бұл жерде  осылай ай­тайық деп ешкімге жар салмай-ақ өзімнің Президентке деген ішкі құрметімді өзім осылай жеткізе аламын. Бір таныс ағайым “Маған Нұрсұлтан деген атының өзі жет­кі­лікті, қазақта жігіттің  сұлтаны деген  сөз бар ғой”, дейді. Міне, қара­ңыз­шы әрбір адам Елбасын өз жүрегінің қалауымен, өзінше мақтанып, өзін­ше бағалап атағанды  жақсы көреді. Бұл енді ешбір заңды қажет етпейді. Қазақ “жігіт сегіз қырлы бір сырлы болсын” деген. Осы қасиеттер Елба­сының бір басынан табылады. Білімі де, саясаткерлігі де, өнері, ән салатыны бәрі де бар. Ал енді кеше жарияланған заңдарға қатысты айтатын болсам, Мемлекет басшысының қол қой­мағанына қарамастан, еліміздегі жоғары лауазым иелері – Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев, Мәжіліс Төрағасы О.Мұхамеджанов және Үкімет басшысы К.Мәсімов бар­лық жауапкершілікті өз мойын­дарына алып, халықтың көпшілігі қолдау білдірген заңдарға өз қол­дарын қойды. Сөйтіп, заңдық құжаттарды ресми тұрғыдан бекіт­ті. Демек, мұндай заңдар еліміз үшін, еліміздің ертеңі үшін қажет деген сөз. Сөзін тыңдайтын, тыңдата алатын Ұлт Көшбасшысы  болғанға не жетсін! Көшбасшысы жоқ елдердің жағдайын көріп отырмыз ғой. Ерлан АРЫН, С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің ректоры, профессор, экономика ғылымдарының докторы. ПАВЛОДАР.