Саясат • 11 Мамыр, 2024

Айбек Дәдебай: Президенттің нақты жоспары – Қазақстанды озық елге айналдыру

162 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай «Jibek Joly» телеарнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында ол ел өңірлеріндегі су тас­қы­нынан кейін тұрғындарға жан-жақты көмек, табиғи апаттарға тосқауыл қою, шетелден қайтарылған активтер, мемлекеттік тілдің дамуы, кадр мәселесіне қатысты қойылған сұрақтарға пікір білдірді. «Egemen Qazaqstan» газеті оқырман назарына осы сұхбаттың жазбаша нұсқасын ұсынады.

Айбек Дәдебай: Президенттің нақты жоспары –  Қазақстанды озық елге айналдыру

– Айбек Арқабайұлы, ша­қы­р­туы­мыз­ды қабыл алып, студиямызға кел­гені­ңізге алғыс айтамыз. Соңғы кездері елімізде көптеген ауқымды оқиға болды. Сіздің де жауапкершілігі мол қызмет­ке келгеніңізден бергі 3 айдай уақыт осы оқиғалармен тұспа-тұс келіп отыр. Сұхбатымызды дәл қазіргі өзекті әрі ауқымды мәселе – су тасқынынан бастасақ. Су тасқынынан зардап шеккендерге қатысты Мемлекет басшысы «ешкім назардан тыс қалмайды» деп атап айтты. Нақты не істелді, қысқаша тоқталып өтсеңіз?

– Бұл алапат тасқынның зардабын жою мәселесі Президенттің жеке бақы­лауын­да. Мемлекет басшысы бүгінге дейін ар­найы штабтың 4 жиналысын өткізді, апат болған аймақтарға өзі барды, жергі­лікті халықтың нақты көмек алуын қадағалап отыр.

Арнайы құрылған өңірлік комис­сия­ларға зардап шеккен аймақтар тұрғындарынан 24 835 өтініш түскен. Бүгінге дейін 18 642 отбасы 7 млрд теңгеден астам сомаға біржолғы төлем алды. Мал басының шығынына берілетін төлем көлемі 919 млн теңгеден асты. Су астында қалған 9 403 тұрғын үй тексеріліп, 6 828 нысанды бағалау жұмысы жүргізілді.

Жөндеу жұмыстарын жүргізуге, тұрғын үйді қалпына келтіруге 710 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Аталған көмек 568 отбасын қамтыды. Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарында тағы 95 отбасына қираған баспаналарының орнына үйлер мен пәтерлер берілді.

Қазір жалғасып жатқан залалды өтеу жұмыстары Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің қатаң бақылауына алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі.

Жалпы алғанда, тасқын салдарымен күрес аясында Президентіміз қазірге дейін Үкімет пен әкімдіктерге 74 нақты тапсырма берді, оның әрбірінің сапалы орындалуын қадағалау – біздің міндетіміз.

– Апат айтып келмейді. Жалпы, осы су тасқынынан қандай сабақ алдық?

– Тасқыннан қандай сабақ алдық дегенге қатысты бірнеше факторды атап өтейін. Қазір тасқын салдарымен күресу, оның зардабын жоюмен қатар алдағы уақытта мұндай апаттарды болдырмаудың қамын жасау өте маңызды.

Біріншіден, бұл – кейінгі 80 жылда болмаған табиғи апат. Шындығына келсек, отыз жыл ішінде ғылыми сараптама әрі болжам жасау жүйесі, оның ішінде апаттарды болжау, олардың алдын алу жүйесі қараусыз қалған. Ирригациялық инфрақұрылым жүйесі ескірген. Мемлекет басшысы осыған қатысты еліміздің 11 аймағында 20 жаңа суқоймасын салуға, 15 суқоймасын күрделі жөндеуден өткізуге шешім қабылдады. Барлық апат түрлеріне байланысты ғылымның үлесін көбейту, қатердің алдын алу, болжам жұ­мыс­та­ры­на ден қоюымыз керек.

Екіншіден, қазір Жер шарының әр түкпірінде климаттың өзгеруінің сал­дарынан түрлі табиғи апат жиілеп кеткенін ескеріп, біз де кез кел­ген табиғаттың тосын әрекетіне дайын болуымыз қажет. Осы орайда, Төтенше жағдайлар министрлігінің құры­лы­мында табиғи және техногендік апат­тар­дың алдын алу мәселелерімен айналысатын арнайы ведомство құрыл­ғаны өте маңызды.

Үшіншіден, Президент айтқандай, бұл – су шаруашылығын қайта құру, яғни алапат тасқынның салдарын ескеріп, бұған дейін жіберілген кем­шіліктерді жою, оларды қайталамас үшін қажет шешімдер қабылдау. Қазір бұл бағытта тасқын мен құр­ғақшылық мәселелерін реттейтін Су кодексінің жобасы дайындалып, төтенше жағ­дай­лар­ға қатысты заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатыр.

Төртіншіден, зардап шеккен азамат­тарға көмек беру механизмдерін жетіл­діру және осы жұмыстарды бақылауда ұстау.

Бесіншіден, бір ел, бір жұрт болып қандай да қиындыққа қарсы тұра алатынымызды, бірлігіміз жарасқан ел екенімізді тағы көрсете алдық. Апаттың алдында барлық аймақтың тұрғындары бір үйдің баласындай бірікті. Елде қайырымдылық мәдениеті қалыптасты. Тасқын жүрген аймақтарға еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 50 мыңнан астам ерікті көмекке келді. Олардың көмегімен қарапайым тұрғындардан 10 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды.

– Су тасқыны демекші, халықты тасқын зардабына бөлініп жатқан қыруар қаржының өз орнымен жұм­салуы қатты алаңдатады. Оның үстіне, өткенде ғана осы мақсатқа бөлінген 1 млрд теңге қолды болды деген ақпарат тарап кеткенін білесіз. Осы ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады? Президент барлық шы­ғын­ның жұмсалуынан халық хабардар болсын деп тапсырма берді емес пе? Тапсырма қалай орындалып жатыр?

– Сұрағыңыз орынды. Себебі бұл жерде ақпаратты бұрмалауға жол бермей, халыққа шынайы ақпарат беріп отыру өте маңызды. Қаржылық мониторинг агенттігі таратқан мәліметке келсек, «гидротехникалық нысандарға бөлінген қаражаттың 1 млрд теңгесі жымқырылды» деген ақпаратты кейбір азаматтар дұрыс түсінбеген сияқты. Расында, бұл қаражат бұдан бұрынғы жылдары бөлінген, гидротехникалық нысандарды жөндеу, бөгеттерді салуды қамтамасыз етуге арналған. Яғни биылғы су тасқынының салдарымен күреске бөлінген қаражат емес. Сондықтан елді дүрліктірмес үшін төтенше жағдай кезінде кез келген ақпаратты мұқият тексеріп алып, ха­лыққа түсінікті тілмен тарату өте маңызды.

Сондай-ақ азаматтарға ыңғайлы болуы үшін арнайы qoldau.gov.kz сайты ашылды. Сайтта өтемақы алу, зардап шеккен тұрғын үйлерді қайта салу бойын­­ша өтініш қабылдау функциясы бар.

Оған қоса, бөлінген қаражатты қадағалау үшін сайттың ішінде арнайы парақша ашылады. Тасқыннан зардап шеккен азамат өзінің аты-жөні мен ЖСН енгізу арқылы кіріп, өзіне тиесілі көмек түрлері туралы ақпарат алатын болады. Бұл функция жақында іске қосылады. Осылайша, әрбір азамат өзіне тиесілі көмекті бақылай алады.

– Бүгінде көпшілікті айрықша алаңдатып отырғаны – шетелден қайтарылған активтер, қаржы мәселесі. Бірақ жұрттың көкейінде «қайтарылған қаражат халық игілігіне шынымен бағытталып жатыр ма?» деген сауал бар. Осы қаражат мақсатты түрде жұмсалып жатыр ма?

– Әрине, халықтың бақылауы орынды. Бұл қаражатты қайтарудағы бас­ты мақсат – оны мемлекеттің эко­но­микалық айналымына түсіру, әлеу­меттік әділеттілікті қалпына кел­ті­ру. Қазіргі кезде заңсыз активтерді қай­та­ру­дан түскен қаражаттың бір бөлігі Президент тапсырмасымен 62 мектептің құрылысына жұмсалды. Бұл — 76 мыңнан аса оқушыны мектеппен қамтамасыз ету деген сөз. Оның жартысынан астамы қолданысқа берілді, жыл соңына дейін тағы 25 мектептің құрылысы аяқталады. Келесі жылы қосымша 20 мектеп салынады.

Тағы бір мысал келтірейін. Қай­та­рыл­ған  180 миллиард теңге шама­сын­дағы қаржы тұр­ғындарға ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға, аймақтардағы автобус парк­терін жаңартуға, өңдеу өнер­кәсі­бін­дегі жобаларды қаржы­лан­ды­руға және жеңілдетілген автонесие беруге бағыт­талды.

Алматы қаласындағы қайтарылған жер телімдерінің бірінде 240 орындық балабақша салынатын болды. Айта берсек, мұндай мысал көп. Мемлекетке қайтарылған халық қазынасы еліміздің мұқ­таждықтарына жұмсалып жатыр. Оның барлық тетігі «Заңсыз ием­денілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңда жазылған. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған тәжірибе екенін атап өткен жөн. Қазір бұл тәжірибені беделді халықаралық ұйымдар да, серіктес елдер де құптап отыр.

Заңсыз активтерді қайтару ісі бұдан әрі де жалғасады. Елдің аузынан жы­рылған қаржыны қайтару тетігі әлі де жетілдірілу үстінде. Сондықтан қайтарылған капитал көлемі де арта беретіні сөзсіз.

– Айбек Арқабайұлы, ендігі сұрақ –  тіл мәселесі. Елімізде тілге қатысты қан­дай да бір түйіні тарқамаған мәселе бар ма?

– Мемлекеттік тілге қатысты Прези­дентіміздің ұстанымы белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы – нағыз тіл жанашыры. Сондықтан Президентіміздің саясаты – мемлекеттік тілдің дамуына нақты іспен қолдау көрсету, бұл салада қандай да бір арандатуға жол бермеу.

Қадыр ақын айтпақшы, біз өз тілі­мізді құрметтеуге міндеттіміз, ал өзге тілдің бәрін білуге ұмтылуымыз керек. Қазақтың қазақша ғана сөйлемей, орысша, ағылшынша, қажет болса, басқа тілдерді жетік меңгеруі – ұлтымыздың артықшылығы. Әл-Фараби бабамыз 70 тіл білген деседі, соның арқасында ол телегей теңіз білім жинады, әлемнің «екінші ұстазы» атанды.

Елімізде ешкімді сөйлейтін тіліне байланысты кемсітуге, қудалауға немесе қандай да бір қысым жасауға жол берілмейді. Бұл – мемле­ке­тіміздің негізгі заңы Ата заңда жазылған норма. Дамыған ел боламыз десек, бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция нормаларын қатаң сақтауымыз керек.

Жауапты органдардың зерттеу­ле­ріне сәйкес қазір елдегі мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар саны 81 пайыздан асқан. Қанша тіл білсең, сонша әлемге есік ашылады дейді. Президент жастардың да бірнеше тілде сөйлейтінін айтып, оларға сенім артып отыр. Демек бұл – өз тіліңді құрметтеп, өзге тілдің бәрін біл деген ұстаным. Бірақ, тағы қайталайын, біз орысша, ағылшынша немесе өзге тілдерді үйренгендер, ол тілдерді қолданатындар үшін қуанбасақ, қарсы емеспіз.

Елімізде көптеген этнос өкілдері тұрады. Бұған себепкер болған тарихи оқиғалар белгілі. Қазір тіл мәселесін күрделендіріп, тіпті саяси ойынға айнал­дырғысы келетіндер де бар. Мәсе­лен, елімізде тілге қатысты жұртты даурықтырып, ұлт болашағына қауіп төндіретін мәселе тудырып жүргендерді байқаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсер ететін жайт. Қай тұрғыдан қарасақ та, тілдік мәселе нәзік, аса жауап­кершілікті талап етеді.

Еліміз – көптілді мемлекет. Яғни бұл жерде қазақ, орыс тілдерінің қатар қолданылуында ешбір қателік жоқ. Жалпы, елімізде мемлекеттік тілге, оның қолданылу аясының кеңеюіне айрықша мән беріледі. Бірақ бұл –  еліміз бүгінгі таңда жүргізіп отырған аса астары терең саясат. Нақты формуласы – көптілді қоғам, жалғыз мем­лекеттік тілі бар ел! Яғни оның маңызды компоненті – тілдік төзімділік, жаңаша айтсақ, тілдік толеранттылық. Елдің баянды болашағы деген қастерлі істе қандай мәселе болсын сабырмен, ақылға салып шешетін еліміздің азаматтары үшін бұл – қолдан келетін шаруа. Алдыңғы буынның да өсиет еткені осы.

Біле білсек, тілдік төзімділік – қала берді мемлекеттік, яғни елдік қауіп­сіздігіміздің кепілі. Даурықпа айқай, дәл қазір не қылса да бола салсын деген талап мүлдем бұрыс салдарға әкелуі мүмкін.

Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі түбінде ұлтаралық тілге айналады, ол күн тіпті де алыс емес. Қазірдің өзінде ана тілімізде еркін сөйлейтіндер қатары көбейіп келеді. Жақында ғана Ассамблея сессиясында ана тілімізде сөйлеп қана қоймай, оны насихаттап, таратуда нәтижелі еңбек етіп жүрген бірқатар өзге ұлт өкілдері атап өтілді. Біз тілімізді үйренуге ұмтылған әрбір азаматты бауырымызға тартсақ, қалғандарына – сол сабақ. Олардың ынта-жігерін арттыра түсеміз. Олар мемлекет тілінде сөйлеудің әлеуметтік лифт, жеке мүмкіндіктер екеніне көз жеткізеді. Тіл саясатының баянды болуына сол игі. Біз мемлекеттік тілдің қолданыс аясы одан әрі кеңейе беруін қамтамасыз етеміз.

Қазақша еркін, жатық сөйлейтін өзге этнос өкілдері көп. Елге танымал шығармашылық өкілдері, депутаттар, журналистер — Максим Рожин, Наталья Дементьева, Анна Данченко, Геннадий Шиповских сияқты қазақ тілінің насихатын арттырып, дамуы­на үлес қосып жүрген азаматтар баршылық. Осындай беделді азаматтар – бірнеше тіл білсең кем болмайсың дегеннің дәлелі.

Біздің қоғам Заң мен тәртіпке бағынуға тиіс. Конституция, заңдармен бекітілген талаптар мүлтіксіз орындалуы қажет. Осы ретте мемлекеттік органдар, халыққа қызмет көрсету орталықтары, басқа да мекемелер болсын азаматтар өтініш жасаған тілде сапалы қызмет етуі керек.

Қоғамда тілге қатысты арандатулар болған жағдайда еліміздің әр азаматына ескертіп айтарымыз – арандатуға қосылмаңыздар. Бірнеше тілді меңгеру керек, қазақ халқы әрдайым сауатты болсын деген ұстанымдамыз әрі тілді саяси мәселеге айналдыруға қарсы екенімізді ашып айтамын.

Өйткені тіл тақырыбы — көптеген мемлекет арасында, қазіргідей аумалы-төкпелі заманда қақтығыстарға себеп болып отырған басты фактор­лардың бірі. Сондықтан бейбіт болашақ үшін ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне нақты көз жеткізбей тұрып, түрлі аран­датуға қосылмауды сұраймыз. Мұн­дай арандатушылар заң бойынша жауап беретін болады.

– Президент бір сөзінде «Біз зейнетке шығамыз, Қазақстан жастарға қалады» деді. Мемлекет басшысы айтпақшы, Қазақстан келер ұрпаққа мұра екені анық. Себебі еліміздің болашағы кадрдың кәсібилігіне тәуелді. Осы ретте мемлекеттік аппаратта сапалы кадр тапшы ма? Бұл мәселенің қандай шешімі бар?

– Сапалы кадрлар бір күнде өсіп шықпайды. Бұл бағытта жүйелі әрі ұзақ жұмыс атқаруымыз қажет. Бес жылдан бері Президенттік жастар кадр резерві іске қосылды. Сол уақыттан бері 289 резервші түрлі секторларда, 3-еуі «А» корпусындағы, 36-сы саяси лауазымдағы қызметке тағайындалды. Бұдан бөлек, резервтегі жас азаматтар Парламент Мәжілісінің депутаты болып та сайланды. Биылдан бастап Өңірлік кадрлық резервтер құрыла бастады.

Сондай-ақ мемлекеттік грантпен отандық жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған түлектерді ендігі жерде байқаудан тыс мемлекеттік қызметке тартуды жолға қойдық. Былтыр 120 үздік түлек мемлекеттік қызметке орналасты. Жалпы, бір маманды оқытып шығаруға кемі 5 жыл керек болса, кәсіби мемлекеттік қызметшілер буы­нын тәрбиелеп шығуға одан екі есе, тіпті одан да көп уақыт керек.

Ең бастысы, білімді, білікті азамат­тардың мемлекет ісіне белсенді араласуын арттырып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарды Президент айтқан «Адал азамат» тұжырымдамасына сай жетілдіру үстіндеміз.

Осы орайда, мен өз құзырымдағы мекемеге қатысты айтайын. Прези­денттің тапсырмалары негізінде мемлекеттегі кадр саясатына меритократия механизм­­дерін енгізуді қолға алдық. Қазір қабілетті адамдарды іріктеу үдерісін автоматтандыру жүйесі іске қосылды. Кадрларды іріктеу, тағайындау, оқыту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытындағы үздік әлемдік тәжірибелер зерделеніп, заманауи тәсілдер енгізіліп жатыр.

Мемлекеттік саяси қызметшілерді тағайындау үдерісі қайта пысықталу үстінде. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес мемлекеттік органдар Президент Әкімшілігіне саяси лауазымға тағайын­дау­ға бір ғана кандидатты ұсынатын. Бұл тәсіл, өз кезегінде, Орталықтың үздік үміткерді анықтап, дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік бер­мейтін. Таңдау тек ұсынылған кандидатпен шектелетін.

Бұдан былай саяси лауазымдарға тағайындауларды келісу үдерісі канди­даттардың жеке және кәсіби құзы­реттерінің негізінде құрылған рейтинг арқылы жүргізіледі. Бұл рейтинг саны шектеулі азаматтарды ғана қамтымайтынын атап өткен жөн. Алдағы уақытта тәсіл толық автоматтандырылады, яғни адам факторының әсері азаяды. Мақсат – саяси қызметке нәсіліне, тегіне, жынысына қарамастан, білімді, білікті, уәдеге берік, заңды құрметтейтін азаматтарды тарту.

– Осы орайда, көптен бері ойымызда жүрген бір сұрақты қойсақ. Бізде Үкімет мүшелері мен әкімдер жиі ауысады. Мұның себебі неде? Әлде жемқорлыққа қарсы күрестің бір әдісі ме? Әлде жұмысы өнбеген соң шенеуніктер креслосын жиі босататын болып тұр ма?

– Бұл жерде басын ашып айта кететіні, мемлекеттік қызметші болу, оның ішінде саяси қызмет атқару – үлкен жауапкершілік әрі зор сенім. Сондықтан мемлекеттік деңгейдегі кадрлық өзге­рістер бір күнде қа­был­да­натын шешім емес екенін ескеру керек. Әрбір та­ғайындау кезінде қызметшілердің іскер­лік қабілеті, тиісті саладағы білімі мен тәжірибесі ескеріледі.

Осы тұрғыда Президенттің кадрлық таңдауы жеке адамға деген көзқарасына емес, сол лауазымды атқаруға кәсіби біліктілігі, тәжірибесі, білімі жеткілікті ме, елге адал қызмет етуге дайын ба деген мәселелерге байланысты. Байқасаңыз, саяси қызметте белгілі бір кесімді мерзім немесе «кепіл» жоқ, қатаң талап нәтижесінде өз жұмысына адал, білікті кадрлар ғана сұрыпталып шығады.

Мемлекет басшысы сөздерінде Қазақстанды озық елге айналдыру жай ұран емес, нақты жоспар екенін атап өткен. Осы орайда, Үкімет алдында маңызды міндет қойылған – 2029 жылға дейін ұлттық экономиканың көлемін екі есе ұлғайту қажет. Яғни саяси қызметшілер осы сияқты нақты міндеттерді орындау үшін тағайын­далады.

Біріншіден, Президентіміз елімізде болып жатқан барлық мәселеден хабардар. Белгілі бір кадрлық шешім қабылданғанда, әрине, ең алдымен сол саладағы стратегиялық мақсаттардың орындалуы басты назарға алынады. Мемлекеттік қызметшілер дегеніміз – жалдамалы менеджерлер. Әр кезең талабына сай қойылған мақсаттар орындалғаннан кейін оның кәсіби біліктілігі басқа салаға бағытталуы мүмкін.

Екіншіден, біз даму жылдамдығы аса жоғары, күн сайын қым-қуыт өзгеріс болып жатқан заманда өмір сүріп жатырмыз. Бұл мемлекеттік қызметшілерден шұғыл өзгерістерге бейімділікті,  жоғары бәсекеге қабілеттілікті талап етеді. Сондықтан белгілі бір саладағы кезекті межеге қол жеткеннен кейін келесі межені бағындыру үшін басқа деңгейдегі кәсіби біліктілік қажет болуы мүмкін. Ендеше, осыған байланыс­ты тиісті кадрлық шешім қабылдануы заңды.

Ал сіз айтқан жемқорлыққа қар­сы күрес мәселесі қай заманда да, қай елде де өзекті. Онымен мемлекет, қоғам, яғни бәріміз жұмыла кү­ресуіміз керек. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жемқорлыққа қарсы күрес еш­қашан тоқтаған емес. Сол үшін барлық үдерісті цифрландыру өте өзекті. Мәселе оны сапалы жүргізуде. Бастысы, әкімшілік қызметші болсын, саяси қызметші болсын бұл дерттен аулақ тұруға тиіс. Ал егер алда-жалда пендешілікке бой алдырса, заң талабы барлығына бірдей. Лауазымына қарамастан кез келген азамат қолмен істегенін заң бойынша мойнымен көтеруге мәжбүр болады.