Қоғам • 14 Мамыр, 2024

Қанша отбасы әлеуметтік тығырықтан шықты?

151 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Әр адамның азық-түлік, баспана, денсаулық, білім секілді негізгі өмірлік қажет­ті­ліктерге материалдық ресурсы жеткілікті болуы шарт. Тұрмысы төмен, тиісті білімнен, сапалы медициналық көмектен тыс қалған азаматтарын есіркемейінше ешбір ел қоғамды дамыта алмасы анық. Жа­һанның жанды жері болып отырған кедейлік проблемасы – еліміз үшін де өткір сын-қатердің бірі. Оны ойдағыдай еңсеруге тек дұрыс стра­тегия, мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігері керек.

Қанша отбасы әлеуметтік тығырықтан шықты?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қарапайым игіліктерге үнемі мұқ­таждық кедейді қамкөңіл етіп, өз өмірі­не әсер ететін күнделікті шешімдерді басқара алмайтын дәрменсіз халге түсіреді. Ішер ас, киер киім, қолайлы баспана секілді базалық қажеттіліктерге қолжетімділік шектеулі болған жерде қалыпты тыныс-тіршілікті елестету қиын. Жұмыссыздық, әлеуметтік қызметтерге қолжетімсіздік адамды өнімді өмір сүру мүмкіндігінен айырады.

Кедейлік тек тұрақты түрде күн­көрісті қамтамасыз ету үшін кірістің жетіспеушілігінен ғана емес, халықтың осал тобының жалпыға бірдей әлеуметтік-эконо­микалық өмірге толыққанды ара­ласа алмай, қоғам үдерісінен оқ­шау қалуынан да көрінеді. Бұл құбы­лыс кез келген ел үшін әлеуметтік құн­ды­лық­тардың таяздауымен, ортақ мүд­де­лердің ыдырауымен қауіпті. Тең­сіздіктің белең алуы экономикалық өсуге, қоғамның біртұтастығына нұқсан келтіреді. Демек әрбір мемлекеттің күн тәртібінен түспейтін кедейлікпен күрес мәселесі халықтың әлеуметтік осал топтарын атаулы қолдау, ұзақмерзімді әлеу­меттік міндеттемелерді қамтамасыз ету, кедейліктен туындаған жағымсыз әсерлерді азайту, кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру тұрғысындағы ауқымды да дәйекті іс-шараларды қам­туы керек. Мұның аясында орнық­ты және инклюзивті экономика, қоғам бел­сен­ділігі мен халықаралық ынтымақ­тас­тық шешуші рөл атқарады.

2000 жылдан бері әлемде кедейліктің таралуы екі есеге азайғанымен, дамушы елдердегі он адамның бірі халықаралық кедейлік шегінен төмен деңгейде (күніне 1,90 доллар) жан бағып жатыр. Сондай-ақ миллиондаған адамның табысы осы мөлшерден сәл асады. 700 миллионнан аса адам тақыр кедей күйінде әлі де денсаулық, білім, су ресурстары мен санитарлық сияқты ең маңызды қажеттіліктерді қанағаттандыруда қиындықтарға тап болып отыр. Кедейліктің етек жаюы адам құқықтарының толық, тиімді жүзеге асырылуына да кедергі келтіреді. БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы іс-қимылы кедейлікті түпкілікті жою ха­лы­қаралық қауымдастықтың бас­ты ба­сымдықтарының бірі болып қала беретінін білдіреді. Кедейлікпен күрес елдер, үкіметтер, халықаралық ұйым­дар мен азаматтық қоғам арасын­дағы кешенді тәсіл мен ынтымақ­тас­тықты талап етеді. Кедейлік деңгейін төмен­детуден бастап азық-түлік қауіп­сіздігіне дейін көптеген өзекті бағыт түрлі дағдарыс салдарынан күрделене түскен қазіргі жағдайда әлем үкіметтері ОДМ, соның ішінде ешкімді қиын жағдайда қалдырмау жөніндегі негізгі міндеттемелерге бейілділігін шұғыл растауы қажет. Бұл ретте кедейлікке қарсы мемлекеттік бағдарламалар 2021 жылы күрт жанданған. Бірақ мүлдем артта қалғандарды қамту үшін мұндай тұжырымдамаларда адамдарды кедейлік тұзағына түсіретін өзара байланыс­ты шектеулердің бүкіл желісі терең зерделеніп, ескерілуге тиіс.

Ауқатты елдердің өзін айналып өтпеген кедейлік пен теңсіздік дамушы аймақтарға екібастан тән. Бұл құбылыс аясында әлеуметтік әлсіз топтардың қарқынды өсуімен бетпе-бет келіп отырған еліміз де бірқатар жетістікті қайта саралаумен қатар жаңа сынақтарға да дайындалуға мәжбүр. Мәселен, өткен жылдың қорытындысында ресми дерек бойынша елімізде кедейшілік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатқандар саны 500 мыңнан (111 мыңға жуық отбасы) асқан. Ресми түрде елімізде табысы биылғы қаңтардан бастап 43 407 теңге көлемінде белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдар кедей саналады. Жарты миллионнан аса адамның айлық табысы 28 мың теңгеге жетер-жетпес, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аз болған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі былтырғы 3-тоқсанда 5,6 пайызды құрады. Сөйтіп, айлық табысы жан басына шаққанда 51 750 теңгеден аспайтындар саны 1,1 млн адамға жеткен. Сол мерзімде осы қатардағылардың күрт көбеюі Түркістан облысында (9,6 па­йыз) тіркелді. Кедейлік деңгейі Жетісуда 1,6 пайыздық тармаққа едәуір өсіп, 9,3 пайызға барды.

Кедейлік қаупіне үй шаруашы­лық­тарының көлемі қатты әсер етеді. Осылайша, адам саны бесеуден асатын отбасылар арасында кедейлік деңгейі былтырғы 3-тоқсанда 10 пайызды құра­ған, бұл жалпы кедейлік деңгейінен екі есе артық. Кейінгі бірер жылда елімізде қажетінше пайдалы және сіңімді азық-түлік сатып ала алмайтындар саны ұлғайды. Халықтың аз қамтылған санаттары арасында то­­йып тамақтанбаудың таралуы бірден бірнеше пайыздық тармаққа 6,7 пайыздан 8,4-ке өзгерді. Отбасы айына қандай өнім түрлерін және қанша мөлшерде тұтынатынын егжей-тегжейлі зерттеу халықтың ең осал бөлігі етті – 5,5 па­йыз, сүт өнімдерін – 8,2 пайыз, сары майды – 6,8 пайыз, тәттіні 9,2 пайыз аз жей бастағанын байқатқан. Ресми түрде кедейлік деңгейі былтырғы 2-тоқсанда 5,1 пайызға дейін төмендеді. Егер абсолютті көрсеткіштерді қарастыратын бол­сақ, 2018 жылдан бас­тап күнкөріс деңге­йі­нен төмен табыспен өмір сүретін үй шаруа­шы­лықтарының саны азайған жоқ.

Экономикалық жағ­дайдың айтар­лықтай нашарлауы мен тұтыну бағалары индексінің жоғарылауы ең төменгі жалақы деңгейін өсіру­ге түрткі болатыны тү­сінікті. Бұл ретте елі­­мізде ең төменгі жалақының 21,3 пайызға өсуі инфляциялық үрдістің әсерін біршама жеңілдетті. Ең төменгі төлем мөлшері осы жылға қарай 85 мың теңгеге дейін өсті. Дегенмен айтарлықтай жақсарғанына қарамастан, бұл өлшем неғұрлым дамыған мемлекеттердің, сондай-ақ жан басына шаққандағы ІЖӨ бізге қарағанда экономикасы төмен дамушы кейбір елдердің көрсеткіштерінен әлі де болса кенже қалып отыр. Елдегі экономикалық ахуал тұрғысынан кел­ген­де бірқатар зерттеу ең төменгі жалақыны халық арасындағы кедейлік деңгейін төмендету құралы ретінде пайдаланудың тиімсіздігін топшылайды. Яғни ең төменгі жалақы 2023 жылдың соңында 5,1 пайызға өссе де, бұл кедейліктің төмендеуіне әкелмеген. Кедейлік шегі халықаралық стандарттар бойынша қабылданғаннан әлдеқайда төмен деңгейде белгіленген. Нәтижесінде, кедейлікте өмір сүретін адамдардың нақты саны ресми танылғандардан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін. Әсіресе  бұл табысы ең төменгі жалақымен реттелмейтін және әдетте жалдамалы қарым-қатынастағылардың табысынан едәуір төмен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты. Осыны қаперге алғанда, дұрысы – әлеуметтік қорғауға және өмір сүрудің жалпыға ортақ деңгейін қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететін халықтың неғұрлым осал топтарына бағдарланған қолдау жүйесін іске қосу.

Еліміз халықтың әл-ауқатын тұрақты арттыруға негізделген әлеуметтік сая­сатты үздіксіз жүргізіп келеді. Бұл бағыт­тағы белсенді шаралардың нәти­жесінде 2001-2021 жылдар аралығында кедейлік деңгейі, яғни табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 46,7 пайыздан 5,2 пайызға дейін төмендеді. Бұл үдерісте «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңның қабылдануы ерекше рөл атқарды. Осы құжат арқылы белгілі бір объективті себептерге (жасына, еңбекке уақытша жарамсыздығына, денсаулық жағдайына, жұмыстың болмауына және т.б.) байланысты өз өмірінің жағдайын қам­тамасыз етуде қиындықтарға тап болған аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеу­меттік көмек көрсету көзделді. АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлемдер түріндегі қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

Индустриялық дамудың жаңа кезеңі­не өту барысында қолданыстағы ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қайта қарау, АӘК-ті күшейту, пассивті көмектен белсенді саясатқа көшу, еңбек белсенділігін және қиын өмірлік жағдайды еңсеру үшін отбасылардың күш-жігерін ынталандыру қажеттілігі қалыптасты. Осыған байланысты 2020 жыл­дан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесі түзетілді. Негізгі бағдар еңбекке ынталандыру, аз қамтылған азаматтардың табыстары мен мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге арналды.

Еңбек және әлеуметтік қор­ғау министрлігінің ақпараты бойынша, былтыр және осы жылдың 1-тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алған 58 445 отбасы мемлекеттік қолдау шара­лары арқылы кедейлік жағдайынан шығып отыр. 2023 жылы жалпы сомасы 59,4 млрд теңгеге – 114,1 мың отбасы (598,4 мың адам), 2024 жылдың үш айында 7,8 млрд теңгеге 58,8 мың отбасы (312 мың адам) АӘК алды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірлік бөліністе АӘК алушылардың ең көбі Түркістан облысында – 27 мың отбасы (23,7%), Шымкент қаласында – 12,7 мың отбасы (11,2%), Алматыда – 9,5 мың отбасы (8,3%), Қызылорда облыс­тарында – 9,4 мың отбасы (8,2%). АӘК алушылардың ең аз саны Ұлытау – 538 отбасы (0,5%), Атырау – 1,1 мың отбасы (0,9%), Солтүстік Қазақстан облыстарында 1,6 мың отбасы (1,4%) байқалды. АӘК алушылардың құрылымында басым көпшілігі балалардың үлесіне келеді – 65,4% немесе 391,2 мың адам, жұмыс істейтін азаматтар – 15,1% немесе 90,6 мың адам; балаларды, қарттарды және мүгедектігі бар адамдарды күтетін адамдар – 12,4% немесе 74,2 мың адам; қалған 7,1%-ы азаматтардың басқа санаттарына жатады.

Сала басшысы Светлана Жақыпова­ның айтуынша, ке­дей­шілік шегінен төмен дең­гейде өмір сүріп жатқан 91 мыңнан аса азамат жұмыс істеуге қабілетті. Мем­ле­кеттен атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасының жұмыс істей алатын мүшесі жұмысқа орналасу немесе басқа маман­дықты меңгеруге уағдаласуы керек. Осымен мемлекет мұндай азаматтарды тек жәрдемақы төлеумен қолдап қана қоймай, олармен міндетті жұмысқа орналастыру бойынша әлеуметтік ке­лі­сім­шарт жасайды.

Мысалы, Ақтөбе облысында көп­балалы отбасы мемлекеттік қолдау шаралары аясында былтыр 400 АЕК немесе 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, шағын нау­байхана ашқан. «Біз жұбайым екеуміз 6 бала тәрбиелеп отырмыз, жолдасым «Қазпоштада» жұмыс істейді. 2018-2019, сондай-ақ 2022-2023 жылдары АӘК алушы болдық. Былтыр қайтарымсыз грант алғаннан кейін мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Қазір екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз», дейді Шалқар қаласының тұрғыны Жанаргүл Нағиметова.

Қостанай облысының тұрғыны Кристина Рогожникова да қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастады. Ол отбасымен бірге 2021 жылдан 2023 жылға дейін АӘК алып келген. «Мен маникюр саласына келуді көптен бері ойлас­тырып жүрдім, себебі өзімді дәл осы бағытта сынап көргім келді. Мансап орталығының кеңес беруімен «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқудан өттім. Әрі қарай мен 1 млн 380 теңге көлемінде грант алып, кабинет ашып, жұмысымды бастап кеттім», дейді кәсіп­кер келіншек.

Бүгінде көптеген ел азаматтардың денсаулық сақтау, білім беру қызмет­теріне, жеке тұрғын үй мен тұрақты табысқа қолжетімділігін назарға алып, кедейлік деңгейін анықтаудың көп өлшемді үлгісін қолдана бастаған. Осы­­ның негізінде елімізде атаулы әлеу­меттік көмекті жетілдірудің ма­ңызы зор. Жуырда ең төменгі айлық жалақы мөлшерін айқындауға инно­ва­циялық тәсілдің енгізілуі де – әлеу­меттік үдерістердің бір орында тоқ­тап қалмай, үнемі ілгері жылжып, дамып оты­ратынының көрінісі. Мемлекеттік саясат деңгейінде бекітілген жаңа­шыл­­дық халықтың орташа табысы мен олардың еңбек өнімділігін баға­лау туралы өзекті деректерді пайда­лана отырып, ең төменгі жалақы мөл­­шерін дәл анықтауға мүмкіндік туғызды. Кедейлікті азайтуға ұмтылу елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған ық­­палды да ұзақмерзімді шараларды қам­тиды. Оның аясында Үкімет пен қо­ғам­дастық халықты әлеуметтік қор­ғау­ды нығайту, кедейлік деңгейі жоғары аймақтардың экономикалық дамуын ынталандыру, сапалы жұмыс орындарын құруға жәрдемдесу, шағын және орта бизнесті қолдау, білім беруді дамыту бағытында неғұрлым белсенді тәсілдерді игеруі керек.