Қоғам • 14 Мамыр, 2024

Ерлікке тағзым – ұрпаққа тағылым

159 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлік көрсеткен, майдан даласында қан кешкен, қаза тапқан қазақстандық батыр жауынгерлердің есімдерін ұлықтауға, ұрпақ жадында мәңгі сақтауға арналған жаңа порталды іске қосты.

Ерлікке тағзым – ұрпаққа тағылым

Фото: baq.kz

«Жобаның басты мақсаты – әрбір батырдың, әрбір жауын­гердің тарихта мәңгі таң­балануын, лайықты танылуын қамтамасыз ету», деп атап өтті министр Аида Балаева. Сайт домені – batyrlargatagzym.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Екінші дүниежүзілік соғыс ескі шежіреге айналған сайын тарихи және әскери тақырыптағы алып-қашпа аңыз әңгімелер көбейе түсті. Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды. Өткенді саралап, оған шынайы баға берудің маңызы зор. Сол үшін мұрағат материалдарын мұқият зерттеу қажет. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мем­лекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді», деді.

Сайтта жүктелген, түрлі сенімді ақпарат көздерінен жи­нақ­талған мұрағат материал­дары отандастарымыздың соғыс жылдарындағы ерлік істерін, ерен еңбегін паш етеді. Бұл жоба – қайтпас, қайсар жауынгер ата, әкелеріміздің асыл рухтарына қойылған мәңгі ескерткіш. Қанатқақты жоба 2023 жылы жария етілген сәттен азаматтық қоғам мен волонтерлер тарапынан қызығушылық, құлшыныс тудырды. Сөйтіп, жоба арнасы кеңейе келіп, енді міне, деректер толыққанды порталға жүйеленіп отыр.

«Бүгінде порталда 100 мыңнан астам қазақстандық ардагер туралы ақпарат бар, біз соғыстың 80 жылдығына қарай портал барлық жауынгер туралы мәліметтерді біріктіреді деп сенеміз», дейді А.Балаева.

Министрлік ел тұрғындарын ардагер­лер туралы өздерінде бар мәлі­меттерді ұсыну арқы­лы жобаға үлес қосуға шақыра­ды. Әр адам жеке отбасы мұраға­тын­­да сақталған, фотосуреттер, құ­­жат­тар, майданнан келген хат­­тар және басқа да материалдар үл­гі­сіндегі түрлі деректерді, құ­жат­тарды көшіруге, жүктеуге беру арқылы жобаға көмектесе алады.

«Портал Мәдениет және ақпарат министрлігінің, мем­лекеттік мұрағаттардың, Қор­ғаныс министрлігінің, волон­терлердің және азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі», деді А.Балаева.

Бірегей сайт – сұрапыл соғыс­та жанқиярлықпен ерлік жа­саған, елі үшін жанын құр­бан еткен бабалар рухы­на тағзым етудің, қиян-кескі ұрыс­тан аман келген ата-әжелер­ді құрметтеудің тағы бір тағылымды үлгісі. Ардагерлер бізге тек жауынгерлік ерлігімен емес, өмірлік өнегесімен де қымбат. Сол тұрғыда достық, ерлік және бауырластық тәрізді ұлағатты ұғымдармен тығыз байланысты Жеңіс сарбаздарын жан-жақты ұлықтай беру – қасиетті парыз. От пен оқтың ортасында жүріп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қазыналы қарттарымыз қандай құрмет-қошеметке де лайық.