Сұхбат • 14 Мамыр, 2024

«Qazaqsha Jaz» – үлкен қозғаушы күш

165 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Qazaqsha Jaz» – мемлекеттік тілдің мерейін асырып, қолданыс аясын кеңейтуге қомақты үлес қосып жүрген қоғамдық ұйымның бірі. Миллиондаған тұтынушысы бола тұра, желідегі парақшаларын қазақ тілінде жүргізуді қораш көрген қаншама ұжымды тәубесіне түсірген бұл қозғалыс әлеу­мет­тік желідегі жүйелі жұмысы арқылы үлкен қозғаушы күшке айналып келеді. Біз аталған қозғалыстың өкілі әрі бастамашысы Жалғас ЕРТАЙДЫ әңгімеге тартқан едік.

«Qazaqsha Jaz» – үлкен қозғаушы күш

– «Qazaqsha Jaz» қозғалысын құру идеясы қалай бастау алды?

– «Qazaqsha Jaz» қозғалысы 2020 жылы құрылды. Бұл пандемия өршіп тұрған кез болатын. Бір инновациялық идея ойлап таптық дегенге келмес. Дегенмен бұл бас­тама қоғамдағы қордаланған тіл проблемасына жауап болды. Қоғамда тіл жағынан қысымға ұшыраған үлкен топ бар. Яғни ірі қалалардағы тамақтану орындарына, қаржылық ұйымдарға, сауда-саттық және қызмет көрсету орталықтарына келгенде, қазақ тілінде қызмет ала алмайтын адамдардың саны жыл санап көбейе түсті. Олардың ішіндегі көзі ашық азаматтар осы келеңсіздікпен бетпе-бет қалып, тіл проблемасын шешуге тырыс­ты. Біз соларға ортақ платформа ұсындық. Әлеуметтік желінің әлеуетін пайдалана отырып, оларды бір ортақ чатқа жинап, қазақша ақпарат алу құқығымызды талап ете бастадық. Мемлекеттік тілде ақпарат беруге немесе қызмет көрсетуге немқұрайлы қараған үлкен ұйымдарға барып, сыпайы түрде ескерту жасадық. Қазақ тілінде қызмет көрсету арқылы кәсіптерін өрге сүйрей алатынын, қазақтілді тұтынушылар олардың бизнесі үшін ауқымды пайда әкелетінін айтып түсіндіруге тырыстық. Нәтиже жаман емес.

– Жобаның мақсат-міндеті, жұмыс барысы туралы тарқатып айтып берсеңіз.

– Қозғалыстың мақсаты айқын – қазақ тіліндегі ақпарат алу құқығын талап етуді үйрету. Азаматтарды қазақ тілінде ақпарат алу құқығын талап етуге шақыру. Себебі біздің қоғамның проблемасы – азаматтар өз құқығын көп жағдайда біле бермейді. Сауда жасау немесе қызмет көрсету орындарына барған уақытта тұтынушыда «қазақша да ақпарат алуға құқылымын» деген ой бола бермейді. Сол себепті қазақ тіліне немқұрайлы қатынас орнағандай көрінеді. Біздің мақсат – адамдарға өз құқын түсіндіріп беру.

Біз түсіндіру жұмысын көбіне интернет желісінде жүргіземіз. Әлеуметтік желіде арнайы парақшаларымыз, ортақ чаттарымыз бар. Сол чаттарда қай компанияның парақшасы жақсы жүргізілетінін, қай компания қазақша қызметті лайықты деңгейде көрсететінін тізбектеп, өзара талқылаймыз. Бұл талапқа сай келмегендерді бірлесе анық­тап, оларға сыпайы һәм жүйелі түрде өз өті­ні­шімізді, дұрысы талабымызды білдіруге тырысамыз.

– Қозғалыстың ықпалымен жүздеген ірі компания жөнге келіп, қазақтілді ауди­то­рия­­мен санасатын болған. Жұмыс барысында қандай қиындықтармен кез­дес­тіңіз­дер?

– Қазақтілді аудитория дегеннен гөрі, қазақ­тілді тұтынушымен дегеніміз дұрыс шығар. Кез келген ірі бизнес өкілі өз тұтынушысы нені қалайды, соны бере білуі керек. Қазақша сөйлейтін адамдар – елдегі ең ірі тұтынушы топ. Олардың қалауы бизнестің бетін қазақша коммуникацияға қарай бұруы керек. Дәл сол себепті де «қазақша жаздың» ықпалымен жүздеген ірі компания тұтынушылары қазақша ақпарат талап ете бастағанда бірден жөнге келді. Олар сұраныстың заңына сәйкес қазақша ақпарат тарата бастады әрі мұның өздері үшін аса тиімді екенін ұғынды.

Бастапқыда «Qazaqsha Jaz» қозғалысын агрессиялық немесе радикалдық бағыт ретінде танығысы келгендер байқалды. Біз бұл жаңсақ ойды бірден жоққа шығардық. Өзіміз арнайы ереже енгіздік. Ереже бойынша қазақша ақпарат талап ету агрессиялық емес, мәдени формада болады. Ең бастысы заң аясында жүзеге асады. Сол себепті ірі компанияларға айтқанымыз өтімдірек болды. Олар талабымызға көнді әрі нарықта қазақша ақпаратқа деген сұраныстың артып жатқандығын байқады. Кез келген мар­кетингтік зерттеу жүргізе алатын компания қазақтілді тұтынушылардың үлесін, ауқымын жақсы түсінеді.

– Мұндай тәсіл арқылы игі мақсаттарды жүзеге асыратын бастамалар әлемдік тә­жіри­беде кездесе ме?

– Дәл «Qazaqsha Jaz» қолданатын әдіс әлемдік тәжірибеде, әрине, кездеседі. Қозға­лыс­тың міндеті – әлеуметтік желілерде отыратын адамдардың күшін бір алаңға біріктіріп, белгілі бір мақсатқа жұмсау. Яғни негізгі әдісіміз осы. Мұндай әдістер әлемнің түрлі саласында бұрыннан бар. «Cancel culture», яғни «жоққа шығару мәдениеті» деген түсінік бар. Айталық белгілі бір тұлға немесе танымал компания қандай да бір қателік жіберсе, соған жаза ретінде тұтынушылары, не болмаса көрермені оны жоққа шығара бастайды. Олқылыққа барғандар заңмен жазаланып қана қоймай, қоғам алдында жауап береді, жұртшылықпен санасады. Осыдан екі жыл бұрын әлемде қор нарығының тұтынушылары бірігіп үлкен күш танытты. Олар белгілі бір компанияның акцияларының бағасын ұшыру немесе төменге түсіру арқылы қасаңданып бара жатқан қағидаларды өзгертті. Бұл да белгілі бір мақсатты көздеген адамдардың әлеуметтік желі арқылы бірігіп, солардың жұмыс істеуінің нәтижесінде болған оқиға. Біз де сол секілді әлеуметтік желі арқылы қазақ тілінде ақпарат алу кедергісімен бетпе-бет келіп, сол мәселені шешудің жолын іздеген адамдар тобын бірік­тір­дік. Бірігу арқылы күш-жігерімізді бір мақ­сат­қа бағыттадық.

– Қозғалыстың қолдаушылары көп пе, әлде оған қарсылар басым ба?

– Әрине, нақты санамалап айту қиын. Дей тұрғанмен «қазақша жаздың» қозғаушы күш ретіндегі әсері көбірек болған секілді. Біз о баста қандай идеяны ұсындық? Яғни «Сенің қазақша ақпарат алуға құқығың бар! Тұтынушы ретінде қазақша ақпарат алуды талап етуге хақылысың!» деген идеяны таратумен айналыстық. «Qazaqsha Jaz» қозғалысының бір идеясы – тамақтану орындарына келген кезде мәзірді қазақша талап ету. Бұл – заңда бекітілген талап. Алайда көп дәмхана бұл тәртіпті сақтай бермейді. Біз осы идеяны жаппай тараттық. Қазір аталған бастамалар тұтас ел аумағында жүйелі жүзеге аса бастады. Кейінгі төрт жылда болған оқиғаларға назар аударып көрейікші. «Chocofamily» компаниясының, «Пинта» мейрамханалар желісінің төңірегіндегі мәселелер, осындай ірілі-ұсақты бизнес орындарының жөнге келе бастауы жобаның күш-жігерін танытатын бірден-бір мысал. Әу бастағы мақсатымыз адамдардың ойына қазақша ақпарат талап етуге хақым бар деген ұстанымды сіңіру болған болса, біз ол мақсатқа жеттік. Қозғалыстың қолдаушылары көп. Олар миллиондаған адам. Ал қозғалысқа қарсы адамдар бар шығар. Белгілі бір бизнес өкілдері, біздің идеяны қолдамайтындар деген секілді... Дегенмен қоғамдағы әсерге қарағанда, қозғалысты қолдаушылар басым.

– Жалпы, бүгінгі қоғамда қазақ тілінің қолданылу өрісіне көңіліңіз тола ма? Не жетпейді, не нәрсеге басымдық берген абзал?

– Қоғамдағы қазақ тіліне көзқарастың өзге­руі, қазақ тілін үйренушілер санының артуы, ақпаратты қазақ тілінде талап ететін адам­дар­дың көбеюі – мұның барлығы тіліміздің қолданылу өрісінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Бірақ атқарушы орындар бұған қалай реакция білдіріп жатыр деген сауал ойландырады. Қазір білдей жауапты орындар қазақ тілін алдыңғы орынға шығаруға аса ниетті емес. Тіпті кейде тіліміздің қарыштап дамып кетуіне кедергі келтіріп отырғандай көрінеді. Оны олар әртүрлі сыртқы фактормен түсіндіруге тырысады. Мәселе онда емес. Қоғамның қазақ тіліне көзқарасы оң, ал биліктің көзқарасы сол кеңес дәуірінде қалыптасқан кейбір бюрократиялық тәсілмен шектеліп жатыр. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданып, билік нақты ойын ережелерін бекітіп беруге тиіс. Тіл заңын сақтамаған компанияларға айыппұл салынса, қазақ тілінде ақпарат беру толығымен заңмен қор­ғалса, көш өзі-ақ алға жылжиды. Заң қабыл­данып, ереже бекімей, біз айтқан жайт қоғам­дағы даулы мәселе болып қала береді.

– Оқырмандарға айтарыңыз?

– Телефоныңыздағы интерфейсті қазақша­лаңыз. Телефоныңызда қолданатын кез келген мобильді қосымшаның қазақша нұсқасын қолданыңыз. Банкоматта қазақ тілін таңдаңыз, сайттардың қазақша нұсқасын пай­даланыңыз. Кез келген жеке немесе мем­лекеттік органдарға барғанда құжаттың қазақ­ша нұсқасын сұраңыз, құжатты қазақша тол­ты­рыңыз. Қайда барсаңыз да өзіңізге қазақ­ша қызмет көрсетілуін талап етіңіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»