Аймақтар • 14 Мамыр, 2024

Теріскейдегі құрылыс қарқыны

83 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірде тасқыннан зардап шеккендерге арналған жаңа үйлердің құрылысы басталып кетті. Соның ішінде петропавлдықтар үшін «Солнечный-2» шағын ауданында бір қабатты типтік үйлер тұрғызылып жатыр. Газблок кірпішінен қаланып жатқан үйлердің құрылысы жылдам жүргізіледі. Қазір мұнда 400 адамды қамтыған он құрылыс бригадасы жұмысқа кіріскен.

Теріскейдегі құрылыс қарқыны

Қалалық әкімдіктің бас­пасөз қызметінің хабарлауына қара­ғанда, жаңа үйлер үш бөл­меден тұрады, ауданы – 80 шар­шы метрден. Бүгінгі таң­да мұнда барлығы 500 үй тұрғызу жоспарланған. Со­ның ішінде 100 үй «Қазақстан халқына» қорының есебінен тұр­ғызылмақшы. Қордан бұл үй­лердің құрылысына 2,7 млрд теңге қаражат бөлінген. Құрылысты жүргізіп жатқан жұмысшылар саны жақын күндерде 600-ге дейін жетпекші. Құрылысшылардың қарамағында 30-дан аса түрлі техника бар. Құрылыс жылыту маусымы басталғанша аяқталуға тиіс. Барлық үй қала әкімдігінің балансына беріледі.

Қаланың ішіндегі шағын аудандардың арасында Ой­қа­ланың су астында қалған үйлері 1 383 екен. Қазір бұл ауданның біраз аумағының суы тартылды. Тұрғындар өздерінің мекендеріне келіп, барынша қиын жағдайды көріп, жаға ұстап жатыр. Бірнеше күн терезеден жоғары тұрған су жиһаз атаулыны тегіс бүлдіріп, үй ішінің әктері мен жапсырма қағаздарын талқан етіпті. Суда қалған заттардан да жоба жоқ. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтұлова тұ­руға жа­рамды үйлерге меха­никалық бри­­гадалардың адам­дары келіп, жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізетінін айтты. Алайда жөндеу жұмыстары еден астындағы көлкілдеген су то­­лықтай сорғымен сорылып, үй әбден кепкеннен кейін жасалса дұрыс. Ал қазір жасалса, пайдасыз болатынын тұрғындар көріп тұр. Осы шағын ауданға Тайынша, Айыртау, Ғ.Мүсірепов аудандарында жасақталған ме­ханикалық бригадалар жөндеу жұмыстарын жүргізбек.

«Біз жөндеу жұмыстарына бірден кіріспейміз. Бригада алдымен жарамсыз жиһаздарды, түрлі қоқыстарды шығарады. Со­дан кейін еденнің тақтайларын қопарып, астындағы суды әбден құрғатамыз. Сосын қалпына кел­тіру жұмыстарына кірісеміз», деп бригаданы бастап келген Тайынша ауданы әкімінің орын­басары Ерлан Аманжолов тұр­ғындарды тыныштандырып жатыр. Тайыншалықтардың еншісіне 176 үйді қалпына кел­тіру міндеті жүктеліпті.

Барлық аудан мен қаланың өзінен қалпына келтіру жұмыс­тарына 100 механикалық бригада жасақталған. Олардың қа­рамағында шамамен 600 адам, 140 дана техника бар. Тасқын суы сапасыз жұмыстардың да бетін ашып кетті. Нормативтік талаптар орындалып, дұрыс ты­ғыздалған асфальт жолдары суға мызғымаса, кейбір асығыс қалқайта салған учаскелерді су шайып кеткен.

Облыс әкімі бастаған топ осы Ойқала, Тері зауыты, Тепличный шағын аудандарындағы қалпына келтіру жұмыстарын өз көзімен көріп шықты. Бағалау комиссиясы қалпына келтіруге болмайды деп қорытынды берген үйлер жедел сырылмақшы. Қазір аулалар мен үйдің ішінде қалған суды сору жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Тасқыннан зардап шеккендерге келген қайырымдылық көмектер әлі де таратылып жатыр. Кәсіпорын-мекемелер ғана емес, көптеген қоғамдық ұйым мен шетелдерден, жеке азаматтардан келген көмектердің көлемі – ұлан-ғайыр. Соның ішінде Қазақстан мұсылмандарының «Зерде» қоры мүшелерінің ұй­ымдастыруымен 9 ауыр тонналық жүк көлігі, 38 «Газель», 1 «КамАз»

тір­­кеме­сімен, 4 «Джип» кө­лігі толы 20 млн тең­гедей қа­ра­жаттың қайы­­рым­дылық жүгі келді. Олар­ды Сол­түстік Қазақ­стан об­­лысы және «Қы­зылжар» ор­талық мешітінің бас имамы Хам­зат Әділбек бастаған ме­шіт қызметкерлері 637 отбасына үлестірді. Сонымен қатар Шы­ғыс Қа­зақстан облысы мен Ресейдің Омбы қаласынан келген 6,5 млн теңге ақшалай қаражат 40 отбасына тең бөлініп берілді. Жақынға әрқашан жанашырлық білдіретін мұсылман қауымының көмегіне халық тәнті болды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы