Шаруашылық • 13 Мамыр, 2024

Роботтехника және зиянкестермен күрес

64 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ала жаздай ән салатын шырылдауық шегірткеге шыбын-шіркей қосылып, көбейгені ауылдағы ағайынды алаңдатып отыр. Түркістан облысында зиянкестермен күрес жүргізіліп келеді. Бірақ әзірге зиянкестерді толық жою мүмкін болмай отыр. Енді алғаш рет роботтехника қолданылмақ.

Роботтехника және зиянкестермен күрес

Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірт­ке­мен күреске дрондар­ды қолдану жолын қарастырып жатыр. Өңірге жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге үйірлі шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын жүргізіп жат­қан мердігерлермен, Келес және Сарыағаш ауданының тұр­ғындарымен кездесті. Фито­санитарлық іс-шаралардың жүр­гізілуіне 100-ге жуық техника жұмылдырылады. Министр мер­дігерлерге күресті күшейтуді, өң­деуді дер кезінде аяқтауды және техника санын арттыруды тапсырды.

Ал «EAVISION Robotics Technologies» компаниясының вице-президентімен бірге зиянкестермен заманауи күрес, атап айтқанда, дрондарды пайдалана отырып, жәндіктерді анықтау аумақтарының мони­торингін енгізу жолы талқы­ланды. Бұл болашақта жерді фито­сани­тарлық өңдеуді дәлірек жүр­гізуге мүмкіндік беретіні айтылды. Марокко шегірткелерімен күресудің озық тәжірибесі шетелде қолданылып жүр. Аталған компания Алматы қаласында қытай инвесторларының қолдауымен бірлескен зертхана ашқан.

Осы орайда министр биыл туындауы мүмкін қиындықтарды да атап өтті. Атап айтқанда, 2024 жыл шегірткенің табиғи циклінің шыңы болмақ және құр­ғақшылыққа әкелуі мүмкін қалыптан тыс жоғары температура болжанады.

«Біз құрғақшылық болжамдарына назар аударуымыз керек. Климаттың өзгеруіне бейімделу үшін шұғыл шаралар да, ұзақмер­зімді стратегиялар да керек. Қажет болса, құрғақшылыққа төзімді сорттарға көшуді, ауыспалы егістерді өзгертуді және басқа да шараларды қамтамасыз еткен жөн», деді А.Сапаров.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының аумағында марокко шегірткесіне қарсы күрес бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Биылғы 25 сәуірдегі мәліметке қарағанда, марокколық шегіртке дернәсілдері бойынша 252 мың гектар тексерілген, 85 мың гектар алқап өңделуге жатады. Ал өңделгені – 55 мың гектар. Сондай-ақ шекаралық аумақтарда ше­гіртке тұқымдастарға қатысты жағдай үнемі қадағаланып отыр. Шегірткелердің іргелес аумақ­тарға көшуіне жол бермеу және шекара маңындағы облыстарда қиындықтарды болдырмау мақсатында шекара маңындағы аумақта бірлескен мониторингтік жұмыстардың жоспарлары жасалады. Қазіргі уақытта Өзбекстан мамандарымен бірлескен тексерулер жүргізіліп жатыр. А.Сапаров аумақтық инспекцияларды зиянкестерге қарсы сапалы өңдеу құралдарымен қамтамасыз етуді және оны оңтайлы мерзімде жасауды тапсырды.

Дрондар мен өздігінен бас­қарылатын құрылғыларды қол­данумен қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны айналысып келеді. Роботтехниканың көмегін көрші өңірлерде дала жұмыстарында да пайдалана бастаған. Осылайша, озық технологиялар көмегімен шаруалардың жұмысын жеңіл­детуге мүмкіндік мол. Қытай инвесторлары өкілдерінің қаты­суымен ауыл шаруашылығы саласына роботтехниканы енгізу үлкен сұранысқа ие. Дрондар техника бара алмайтын, адам аяғы жете бермейтін құм, өзен алқабы секілді жерлерді зиянкестерден оңай арылтады. Бұл құрылғылар алдын ала барлау нәтижесімен, GPS картаға тек зиянкестермен күресу үшін енгізілген жер­лерді тура тауып, жояды. Флора мен фаунаға зиянды әсері жоқ. Мамандар адам қолы жете бер­мейтін аумақтарға өздігінен бас­қарылатын құрылғыларды пайдаланған тиімді екенін айтады. Бір дрон бір сағатта 180 гектар жерге дәрі себеді. Осы орайда мамандар зиянкестердің толық жойылатынына кепілдік беріп отыр. Жаңа технологияны жергілікті мамандарға үйретіп, кадр даярлауға дайын.

Сарыағаш ауданы бойынша үйірлі марокко шегірткесіне қар­сы химиялық өңдеу болжамы 75,4 мың гектар, оның ішінде 36,6 мың гектар жерүсті бүрік­кіш техникаларымен, 40,8 мың гектарды әуеден өңдеу жос­пар­ланған. Әуеден өңдеу жұмыс­тарын «Авиакомпания Дельта-Юг» ЖШС жүргізеді. Ал Келес ауда­ны бойынша үйірлі марокко шегірткесіне қар­сы химиялық өңдеу болжамы 62,8 мың гектар, оның ішінде 34,3 мың гектар жерүсті бүрік­­кіш техникаларымен, 29,5 мың гектарды әуеден өңдеу жос­парланған. Биыл облыс­та зиянкестердің таралу аймағы был­тырмен са­лыстырғанда бір­неше есе ұл­ғайып, 270 мың гектардан асқан. Бүгінге дейін облыс бойын­ша 30 мың гектардан аса алқап­та шегірткенің ошақтары химия­лық жолмен өңделді.

 

Түркістан облысы