Үстіміздегі жылдың бірінші қаңтарынан бастап Қылмыстық, Қылмыстық атқару немесе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерімізге сай бірқатар өзгерістер өмірге енгені белгілі. Енді тәртіп осы жаңа заңдардағы талаптарға сай орындалуы керек. Өйткені, заң бәрімізге ортақ. Заңның аты – заң. Конституциямыздан бастау алған заңдарымыздың талаптары мен қағидаларын қатаң, бұлжытпай, мейлі қандай жағдай тумасын айнытпай сақтау керектігін осы заңдарды дайындауға атсалысқандар мен құқық қорғау органдарының өкілдері де жарыса айтады. Солайы солай ғой, алайда кеше Орталық коммуникациялар қызметіне журналистермен кездесуге келген Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина және ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха тек таза ресми тілде баяндама жасады. Неге екені белгісіз, ең болмаса үйреншікті жағдайдағыдай баяндаманың басына және аяғына бір ауыз сөз қайран мемлекеттік тілде қосылып айтылмады. Мүйізі қарағайдай қос министрліктің лауазымды екі өкілі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа редакциясындағы негізгі мән-жайлар туралы» қолдарындағы баяндамаларын судыратып шықты. Әрине «Бұл қалай?!» деген журналистерге: «Біз осында келгенімізде қазақ тілінде ме, әлде орыс тілінде баяндама жасасақ па деп ойландық. Бірақ мен осында келген соң жиылып отырған журналистер түріне қарадым да, бұлардың барлығы бірдей қазақ тілін білмейді деп ойладым. Сондықтан да баяндамамды басынан бастап, аяғына дейін орыс тілінде жасадым», деп түсіндірді З. Баймолдина.
Мұндай жауапты, әрине, залдағы заңға мойынсұнатын бірқатар журналистер қауымы да күтпеген еді. Сондықтан қаласаңыз да, қаламасаңыз да мұндай қылық бәрібір жалғасын таба беретіндігі анық. Солай десек те қос өкіл заңды қатаң сақтау керек және оған сіздер де атсалысуларың керек деп жарыса айтты. Ал аталған кодекс 920 баптан тұрады дейді олар. Қазіргі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске уақыт сынынан өткен негізгі ережелер қамтылып, олар жалпы, ерекше және рәсімдік бөлімдерге жинақталған көрінеді. Жаңа кодекстің қолданыстағы редакциясында талаптар құқық қорғау органдары көздеген негізгі бағыттарды іске асыру арқылы әкімшілік заңнаманы реформалауға бағытталған.
Біріншіден, мұнда шағын бизнеске қолдау көрсетуді ізгілендіру бағыты айқын көрсетілген. Соның бірі де бірегейі шағын кәсіпкерлік субъектілеріне салынатын айыппұлдар мөлшері орта есеппен алғанда екі есе азайтылған. Әкімшілік жазаның орнына енді ескертуді қолдану аясы кеңейтілген. Екіншіден, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органдардың құзыреті қайта қаралып, атап айтқанда, айыппұл түріндегі әкімшілік жаза көзделген баптар уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына беру жолымен соттардың қызметі жеңілдетіледі. Үшіншіден, егер адам әкімшілік құқық бұзушылық жасаған соң берілген түбіртек арқылы айыппұл төлесе қысқартылған іс жүргізу енгізіледі. Сөйтіп, адам өз кінәсін мойындайды, өз еркімен айыппұл төлеуге еш наразылығы жоқ екендігін білдіреді. Бұл ретте хаттама толтырылғаннан кейін жеті күн ішінде айыппұлдың толық құнының 50 пайызын ғана төлеп құтылу жағы да қарастырылған. Ал егер адам құқық бұзғанына келіспеген жағдайда іс жалпы тәртіппен қаралады.
Айыппұл төлетуде, көбіне, сыбайлас жемқорлық деректері орын алады дейді. Осы сыбайлас жемқорлыққа бейім көріністерді жою мақсатында, сондай-ақ қысқартылған іс жүргізуді қамтамасыз ету үшін айыппұлдың нақты айқындалған мөлшері көзделген. Бұған қоса, кодекске жеңілдетілетін мән-жайларды белгілеу кезінде жеке тұлғаға салынатын әкімшілік айыппұл сомасын жалпы соманың 30 пайызына дейін қысқартуға мүмкіндік беретін норманы енгізу басты жаңалықтардың бірі болып табылады.
Ал ашығын айтқанда, бүгінгі күні уәкілетті органдар анықтаған барлық әкімшілік құқық бұзушылықтардың 90 пайызы ішкі істер органдарына тиесілі екендігін ешкім жоққа шығара қоймас дейміз. Тек өткен жылы ғана ІІО қызметкерлері 3 млн. 326 мың әкімшілік құқық бұзушылықтарды, оның ішінде 2 млн. 321 мың жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды анықтады. Сөйтіп, жалпы сомасы 26 млрд. 042 млн. теңге тұратын 2 млн. 772 мың айыппұл салынды. Осылайша жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 48 мыңнан астам жүргізуші көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 8,6 мың құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынған екен. Ал енді ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс әкімшілік істерді қарау рәсімдерін елеулі өзгертіп отыр. Себебі, мұнда әкімшілік өңдірісті оңайлатуға бағытталған кең көлемді шаралар қарастырылған. Жоғарыда айтқанымыздай, айыппұлдарды төлеуді ынталандыратын тетіктер де енгізілген.
Бұрын да айтқанымыздай, кодекстің ерекше бөлімінде қылмыстық теріс қылықтар санатына жатқызылған құқық бұзушылықтарды қоспағанда, ішкі істер органдары әкімшілік хаттамалар толтыруға уәкілетті болып табылатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың құрамдары мен санкциялары негізінен өзгерістерге ұшыраған жоқ дейді. Мәселен, бұрын біреуді соққыға жығу 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 10 тәулікке қамауға алуға әкеп соқтырса, қазіргі жаңа кодекс бойынша адамды соққыға жығу қылмыс болып саналып, 100 АЕК мөлшеріндегі айыппұлмен немесе 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, тіпті 45 тәулікке қамауға алумен жазаланады. Сонымен қатар, көлік құралын мас күйінде басқарған адам қатаң жауапкершілікке тартылады.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».