Құқық • 15 Мамыр, 2024

Ақша бопсалап, үш жыл арқалады

101 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасарын бопсалап келген әйел үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ол лауазымды тұлғадан 20 млн теңге ақша талап еткен.

Ақша бопсалап, үш жыл арқалады

Биылғы наурыз айында өңір басшысының бірінші орынбасары Серік Батырғожиновтың өткен жазда екі баланың анасын зорлағаны туралы ақпарат тарап кеткен еді. Лауазым иесі бұл айыптаумен келіспей, әйелдің үстінен құқық қорғау органдарына шағым түсіреді. Павлодар облысының полиция департаменті оның өтінішіне сәйкес бопсалау фактісімен қылмыстық іс қозғады. Аталған іс бойынша тергеу іс-шаралары жүргізіліп, кейін іс сотқа жіберілді.

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқа билердің қатысуымен К-ға қатысты аса ірі мөлшерде бопсалап, ақша фактісі бойынша қылмыстық істі қарады.

Белгілі болғандай, әйел жалғызбасты, отбасын­да мүгедек бала тәрбиелеп отыр. Соған байла­нысты былтырғы сәуір айынан тұрғын үй алуға кезекке тұрған. Ол әлеуметтік желіде С.Батырғожинов­пен танысып, оның қабылдауында болған. Кейін жақын араласа бастаған. 2023 жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында Батырғожинов К-ға материалдық көмек түрінде 50 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін ақшалай қаражат аударған. Әйел бара-бара ақша сұрауды үдете түсіп, оның беделін түсіретін ақпаратты таратамын деп бопсалаған. Сөйтіп, өз есепшотына жалпы сомасы 4 812 000 теңге аудартып алған көрінеді. Ал өткен жылдың қараша айында 20 млн теңге талап еткен.

Алқабилер К-ны Қылмыстық кодекстің 194-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Сот әйелдің бұрын сотталмағанын, асырауында кәмелетке толмаған баласы бар екенін және жеке басының ауыр жағдайларының жиынтығы бойынша қылмыс жасағанын ескере отырып, Қылмыстық кодекстің 55-бабы 4-бөлігінің негізінде оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

 

Павлодар облысы