Аймақтар • 14 Мамыр, 2024

«Ұлытау» түлеткен ақындар

142 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлытау облысында бір жарым жылдан бері «Ұлар» әдеби клубы жұмыс істеп келеді. Ұйым бірнеше республикалық әдеби байқаулардың жүлдегері ақын Абай Ораздың жетекшілігімен құрылған. Мақсаты – өңірдегі өнерлі жастар­дың басын қосу, оларды халыққа насихаттау. Жаңа облыстың жандануына еңбек сіңіріп жүрген ұларлықтар бұл жолы ат басын елордаға бұрып, поэзия кешін өткізді.

«Ұлытау» түлеткен ақындар

Фото: juldyz.info

«Ұлытаудың ұраны – ұлар, ұлар» деп Жүрсін Ерман жырлағандай, ұйым атауы тегіннен-тегін осылай қойылмаса керек-ті. Жас ақындардың жалқын жырларын тыңдаған халық «Ұлытаудың ұлары көшкенмен, жыр-әні өшпеген екен» деген ниетпен ыстық ықыласын білдірді.

Өлең кешіне елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері қатысты. Оның ішінде ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскер­бекқызы, Геральдикалық зерттеулер орталы­ғының директоры Қалқаман Сарин, «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты Ұмтыл Зарыққан, жазушы, драматург, Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы Ұларбек Нұрғалымұлы бастаған қалам иелері құттықтау сөзін айтып, жас ақындардың жолына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ кеш барысында ақын, «Ұлар» әдеби клубының төрағасы Абай Ораздың «Сенің атың – Жауқазын» жыр жинағының таныстырылымы өтті. Жинақта ақынның лирикалық мазмұндағы өлеңдері топтастырылған. Кітап «Кәусар» баспасының директоры Қуат Құрмансейіттің қолдауымен жарияланды.

Кештің қорытынды бөлігінде Жезқазған қаласының 70 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Кеңгір керімсалы» атты жас ақындардың Республикалық фестивалі өтетіні хабарланды.