Спорт • 15 Мамыр, 2024

Эстетикалық гимнастика: Ел біріншілігінде Азия чемпионатына баратын үздіктер іріктеледі

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Эстетикалық гимнастика – елімізде енді ғана дамып келе жатқан спорт түрі, көркем гимнастикаға ұқсас болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, сайыс барысында ешқандай құрал қолданылмайды. Екіншіден, топтық сайыс болғандықтан, командада кемі 6 адам өнер көрсетеді. Үшіншіден, бұл спорт түрімен айналысу үшін қатты талап қойылмайды әрі көркем гимнастикаға қарағанда ұзақ мерзімде айналысуға болады. Елордада топтық эстетикалық гимнастикадан ел чемпионаты басталды. Бұл туралы Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасынан мәлім болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Эстетикалық гимнастика: Ел біріншілігінде Азия чемпионатына баратын үздіктер іріктеледі

Фото: sport_basqarmasy_astana

«Қазақстан чемпионаты жылына бір мәрте ұйымдастырылады. Биыл 8 облыстан спортшылар қатысып жатыр. Былтыр 5 облыстың спортшылары келген, биыл қатысушылар қатары артты. Турнирде ұзақ бағдарлама бойынша жас ерекшеліктеріне қарай 260 адам жүлдеге таласып жатыр. Қысқа бағдарлама 1,5 минутты қамтыса, ұзақ бағдарлама 3,5 минутқа дейін жалғасады. Турнирдің нәтижесінде күзде Гонконгте өтетін Азия чемпионатына баратын үздіктер іріктеледі», деді жарыстың бас төрешісі Заира Жақыпова.

Айта кетсек, эстетикалық гимнастикадан Қазақстан құрамасы 2019 жылдан бері әлем чемпионатына тұрақты түрде қатысып келеді. 2022 жылы Аустриядағы жаһандық додада командалық сайыс бойынша қола жүлдеге ие болса, 2023 жылы Алматы қаласында 16 мемлекеттің қатысуымен өткен әлемдік бәсекеде жасөспірімдер санатында Астана қаласының «Самұрық» командасы бірінші рет қола жүлдегер атанған еді.

Эстетикалық гимнастикаға қатысатындар көркем гимнастиканың элементтерін ғана емес, спорттық гимнастика, би жағынан да шеберліктерін шыңдай алады.