Тарих тағылымын дәріптейтін бұл қойылымның Жетісай драма театры сахнасында дүниеге келуі айтулы оқиға болып саналады
«Өткен тарихын бiлмеген елдiң болашағы да бұлыңғыр» деп жиі айтылып жатады. Менiңше, мұнда терең философиялық ой жатыр. Шынында да, Тәуелсiз елiмiздiң ұлан-ғайыр жерiнде бiзге дейiн ғұмыр кешкен ата-бабалар тарихынан бейхабар болу өсер елдiң ұрпағына тән қасиет емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi де «Өткен тарихында қазақ үшiн ұялатын ештеңе жоқ» деген емес пе едi? Расында да, қазақтың ұлыс болып, жеке ұлт болып қалыптасқан сонау ХIV-ХV ғасырлардан басталған тарихына жiтi зер салсаңыз ұлтымыз ұялатындай ештеңе жоқ. Қазақ еш уақытта өзгенiң елi мен жерiне басқыншылықпен көз алартқан емес, ұрыс-керiстi, тiптi жаугершiлiк замандардағы соғысты да бірінші болып бастамаған. Тек туған елi мен жерiн, ұрпағын сыртқы жаулардан қорғаған, ұлы мақсаттар жолында аянбай күрескен, патриотизмнiң, туған жерге сүйіспеншіліктің жарқын үлгiлерiн ғана шежіресіне шегелеп отырған. Мұны дәлелдейтiн мысалдар жеткiлiктi. Ұзаққа бармай-ақ қоялық, мысалы, мұнан жетпiс жыл бұрынғы екінші дүниежүзілік соғыста Отан үшін от кешкен аға-апаларымыздың ерліктерін алға тартсақ та көп жағдайға көзіміз жете түсер еді. Әрине, ол кездегі елдік мүддеден бүгінгі тәуелсіз еліміздің алдындағы жарқын идеялардың жөн-жосығы мүлде бөлек екені тағы аян.
«Барлығы майдан үшiн, барлығы жеңiс үшiн!» деп болашаққа үмiтпен көз тіккен тыл еңбеккерлерi – қарапайым қазақ ауылдары үшiн де сұрапыл соғыстың тигізген зардабы аз емес еді. Солай бола тұрғанмен олардың жаны жасып, жігері құмға көмілмеді, жүдеп-жадаған тіршілігіне қарамастан өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін, тiптi киiмдерiне дейiн майданға жөнелтіп жатты. Соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерiнiң жанқиярлық еңбегi талай романдар мен поэмалардың, драмалық шығармалардың, көркем фильмдердiң арқауына айналғаны өз алдына баяндалар тарихи шежіре дер едік. Бүгінгі біздің әңгімеміз солардың бiрi һәм бiрегейi – белгiлi жазушы-драматург, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің екi бөлiмнен тұратын «Тыныштық күзетшiсi» психологиялық драмасы туралы болмақ. Ең алдымен, өн бойы психологиялық тартыс пен шиеленіске толы шығарманы Мырзашөлдің жерұйығы саналатын Жетiсайдағы Қ.Жандарбеков атындағы қазақ драма театры сәтті қоя бiлгенін айтуға тиіспіз. Режиссерi де – өңірге белгілі өнер майталманы, көп жылдар Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының бас режиссерi болып жемiстi еңбек еткен Әскер Құлданов ағамыз. Сонымен... Иә, сонымен «Тыныштық күзетшiсiнiң» премьерасын бір деммен тамашалап шықтық. Шымылдық ашылғаннан-ақ сонау 40-шы жылдардағы қазақ ауылдарының кескiн-келбетi бейнелендi. Жұпыны ауыл, жұдырықтай ойын балалары мен жанарлары мұң-қайғыға толы кәрі-құртаң қарекеті, бәрі-бәрі сол кезеңнің картинасын көз алдыңызға толықтай тоса қояды. Бiр топ ауыл балалары топ-топқа бөлiнiп ойнап жүр. Бұлардың қасына таяуда ғана соғыстан ауыр жараланып оралған Демесiн келедi. Ойларында ештеңе жоқ балалар:
– Демесiн аға, келiңiз «соғыс, соғыс» ойынын ойнайық, – дейдi.
– Әй балалар, ондай ойынның не қажетi бар, онан да басқа ойынды ойнайық та, – дейдi қанды соғыстан қабырғасы қайысқан майдангер алғашқыда дағдарып. Бірақ ойын балалары кеудесіндегі жауға деген өшпенділіктің өртін сөзбен сөндіру мүмкін емес еді. Көп тұрмай Демесiн де ойынға қосыла жөнеледi. Бiрақ сәлден соң жаралы сарбаздың соғыста көрген небiр қайғы-қасiретi көз алдынан тізбектеліп өте бастайды. Ескі дерті қайта меңдеп, ауруы ушығады. Оның көзiне ауыл балаларының барлығы фашист болып көрiнедi. «Фашистер, бәрiңдi атамын, қырамын» деген ол тіпті бiрiн майып етуге шақ қалады. Бұл бар-жоғы қырық түтiннен тұратын шағын ауылға лезде-ақ тарайды. Онсыз да бұрын оны «жынды, есi ауысқан» деп зәре-құты қалмай жүрген ауылдастары: «Демесiндi ауылдан аластатайық, жындыханаға өткізейік» деп шуласады. Бұларды ауылдық кеңестiң төрайымы Ардақ та қолдайды.
– Расында да, осы Демесiн барлығымыздың зәре-құтымызды қашырып-ақ бiттi. Әнеукүнi ауылдың бiр кемпiрi мен шалын есекке байлап қырға айдап жiбергенiнен бiр келiннiң баласын тастап қойғаны анау, балалардың жүрегi шайлығып қорқатыны мынау. Ендеше, ауданмен келiсiп оны жындыханаға жiбергеннен бөлек шарамыз жоқ, – деген Ардақтың сөзiн үнсiз тыңдап отырған колхоз төрағасы Ормантай ғана бұл байламға үзiлдi-кесiлдi қарсы шығады.
– Оны қимаймын, – деген Ормантай оның әкесiнiң көзiн көргенiн, Демесiндi өлерiнiң алдында бұған аманат етiп тапсырғанын да ауылдастарына айтып бередi.
...Ауылдың тұрғындары түгелдей күнiмен мақта жинап, кешкiсiн оның шитiн тазалаумен айналысады. Үш әйел соғыстағы жарларынан қара қағаз келiп сыңсып жылап отыр. Желтоқсанның қарлы ызғары басылар емес.
Бiр кезде аудан орталығына атты арбамен сүт тапсыруға кеткен Зейнептi ұры-қарылардың тонағаны туралы суық хабар жетеді.
Зейнептiң өлi-тiрiсi әлi белгiсiз, – деген колхоз бастығы ауылдастарын сабырға шақырады.
Сахнада – тағы да сол Демесiн. Бет-әлпетi адам шошырлық, қолында мылтығы бар. «Соғыс менi атты, ендi мен соғысты атамын» деген ол бiр-екi рет мылтықтың шүріппесін басып үлгереді. Бала-шаға, кемпiр-шал у-да, шу, барлығы Демесiннің әрбір қимыл-әрекетінен жүректері ұшып, үрейлене үркеді.
– Менi соғысқа жiберiңдер! – деген Демесiн дорбасындағы оқтарын санай бастайды.
– Демесiн, – дейдi Ормантай, сен осында керексiң. Ауылды күзетесiң, ұры-қарылардан қорғайсың.
– Маған онда ат пен шана бер! – дейдi ол.
– Менiң атым мен шанамды ал, мен жаяу жүре тұрамын, – дейдi колхоз төрағасы.
– Жындыға ат бер, шана бер, бiр дорба оқ бер. Бұл диверсия! – деп ашуланған ауылдық кеңестiң төрайымы Ардақты Ормантай сабырға шақырып, әйел кiсiге қатыгездiктiң жараспайтынын айтады.
Колхоз төрағасы мен ауылдастарының сенiмiне ие болған кешегi жауынгер Демесiннiң бойында жауапкершiлiк, ауылдастарын қорғауға деген ынта-жiгер пайда болады. Ол қысы-жазы, күні-түні қолына мылтығын алып, ауылды күзетеді. Бiр қызығы, Демесiн тыныштық күзетшiсi болған күннен-ақ ауылдағы төрт түлiк малға ұры-қарының салған ойраны сап тыйылады. Тiптi, аудан орталығына ат арбамен сүт тапсыруға бара жатқан Зейнептi тонап, боранды түнде оның өлiмiне себепшi болған үш ұры да Демесiннен қашып құтыла алмайды. Осы арада көрерменнiң езуiне күлкi үйiретiн шағын комедиялық көрiнiс те драманың бәсiн арттырмаса, еш кемiтпейді. Колхозшылардың мемлекетке мақта тапсыру жоспарын асыра орындау құрметіне және жаңа жыл мерекесiмен құттықтауға келген аудандық уәкiлдiң қыз-қырқынға қырындаймын деп жүрiп ауылдан түнделетiп шыққаны, оның жолшыбай «түнгi күзетшi» – Демесiннiң қолына түсiп қорқыныштан дiр-дiр қаққан түр-сипаты өнерсүйер қауымды күлкiге қарқ еттi. Кешегi «Жынды, есi ауысқан» майдангер туған ауылын осылайша ұры-қары мен ойы бұзық қорқаулардан қорғай бiлдi. Бiр әттеген-айы, драманың шарықтау шегi, түйіні деуге де болар, байлаудан сытылып қашып кеткен ұрылардың бiрi Демесiндi қапияда атып өлтiредi. Үш-төрт рет оқ тиiп жаралы болған Демесiн ақтық демi таусылғанша ауылын қорғап өтеді. Оның спектакльдiң соңында ауылдың үстiнде ескерткiш секiлдi орныққан бейнесi де Демесiннiң шынайы келбетін барынша аша түседi. Шығармадағы ауыл тұрғындарымен қатар залда отырған көрермендер де басты кейiпкер – Демесiннiң көз жұмбауын тiлейтіні сезіледі. Бiрақ өмiрдің аты – өмір, онда қашанда ақ пен қара, жақсылық пен зұлымдық қоса қабат жүруі заңдылық. Алайда, спектакль түйініне қарамастан Дулат Исабековтiң драмалық шығармасы осылардың аражiгiн ажырата отырып, кейiпкерлерiн оптимист болуға үндейдi. Қанқұйлы соғыс аяқталады, елде бейбiтшiлiк орнайды, жаңа өмір, жаңа тіршілік таңы атады.
Жалпы, Бақыт Срайылов басшылық ететiн театрдың шығармашылық ұжымы қатысуымен қойылған режиссер Әскер Құлданов ағамыздың бұл спектаклі қазіргі таңда несімен ұтымды, несімен құнды десек, алдымен сахналық туынды тақырыбының ескірмейтінін, ерлікке, адамгершілікке зәру қоғамның рухани мүддесіне ол қай жағынан да дұрыс жауап бере алатынын алға тартқанымыз абзал. Баршаға белгiлi, биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. Өкінішке қарай, екiншi дүниежүзiлiк соғыс туралы «Бұл өзi мағынасыз соғыс болды. Сондықтан да, оны дәрiптей бермеу керек» деген сипаттағы кейбір керағар ой-пiкiрлердiң арамыздан ара-тұра қылаң беріп қалып жататыны жасырын емес. Тарих пен тағдыр таңдалмайды. Және оның ізі ешқашан замана жауынымен біржола шайылып кетпейді. Тарихқа деген, өткен ерлікке деген тағылым осылай ой түйдіреді. Сол сияқты, 40-шы жылдарғы сұрапыл соғыс та қазақтың жауынгер ұл-қыздарының бойындағы ата-бабалар қанымен қалыптасқан батырлық пен қайтпас қайсарлықтың, қаһармандықтың үлгiсi молынан сақталып қалғанын көрсеттi. Мұны өз бағытымызға, төл мақсатымызға орай дұрыс пайдалана білу ортақ мүддемізге айналуға тиіс. Әсіресе, кейінгі жастардың тәлім-тәрбиесі үшін оның әрбір сүрлеуі, иірімі үлкен сабақ болып саналады. Дулат ағаның «Тыныштық күзетшiсi» спектаклін тамашалаған адамның санасын сол кезеңдер суретінің тез баурап алып кететіні содан болса керек.
Театр әртістері Қ.Қасымбеков (Демесiн), Б.Қалдарбекова (Ардақ), Б.Айдаров (Ормантай), Б.Пайызова (Хадиша), М.Қаппарова (Перизат), Б.Қазыбеков (өкiл), Қазақстанның мәдениет қайраткерi Ұ.Базарбаева (Зейнеп) және басқалар өз кейіпкерлерінің психологиялық мінез-құлқын шынайы бейнелеуде барын сала ойнағандары байқалып тұрды. Мұны зал толы көрерменнiң екі сағат бойы орындарынан тапжылмай отырып тамашалағаны-ақ дәлелдейді.
Орайы келгенде спектакльдiң қоюшы-режиссерi Әскер Құлдановқа: «Сiздiң көбiне Дулат Исабековтің драматургиясына ден қоюыңыздың себебі неде?» деп сұрақ қойып үлгердік. Ол:
– Мұнда тұрған ешқандай сыр жоқ. Өйткені, оның шығармаларынан замандастар келбетін боямасыз көре аласыз. Мен олармен күнбе-күн өзімді кездесіп, тығыз араласып, сырласып жүрген жандай сезінемін. Өмірге тән тіршіліктің бүкіл қызығы мен шыжығы осында алдыңнан шыға бергенде, мұндай туындыдан ешқандай суреткердің тыс қала алмасы анық. Міне, осы реттен Дулат ағаның драматургиясынан, шығармаларынан қашанда даланың, ауылдың исi аңқып тұрады. Ауылды, ауыл адамдарының жан-дүниесіне үңілу, зерттеу, бейнелеу табиғатыма, жаныма етене жақын, – деп жауап берді.
Осы арада сахнаны безендiрген театрдың қоюшы-суретшiсi, Қазақстанның мәдениет қайраткерi, «Еңлiкгүл» сыйлығының лауреты Тоғайбек Байдарбековтің атына да жылы лебiз бiлдiріп қоюдың артықтығы жоқ. Оның сахнаны тақырыпқа сай шебер безендiруi (ауылдың қысқы келбеті мен соғыс жаңғырығын нанымды етiп көрсетуi жағынан) «Тыныштық күзетшiсiнiң» көрермен жүрегiне тура жол тартуына септiгiн тигiздi. Жалпы, драма көрерменге үлкен ой салуымен қымбат. Мысалы, бір спектакльден жұрттың жұпар ауа жұтқандай көңіл күйі сергіп қалса, ал енді тағы бірінен жан дүниесі байып, ойға азық табатыны тағы ақиқат. Осының қазір алғашқысына қарағанда, екіншісі өте сирек кездесетін қасиет. Жетісай драма театрының Ұлы Жеңістің 70 жылдық торқалы тойына осындай тың туындыны тарту етіп отыруының өзі кешегі отты жылдар қаһармандарына тұрғызылған Мырзашөлдегі рухани ескерткіш деп есептер едік. Ұлтымыздың ұлы классик жазушысы М.Әуезов: «Театр – бiздiң iшкi дүниемiзге, жан дүниемiзге әсер етiп, адамдық қалпымызды тәрбиелейдi» деген екен. Мына спектакльді сондай тәлімі мен тәрбиесі жоғары қойылым деп қабылдадық.
Әбдәлiм ТIЛЕУБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесi.