9 қаңтар кешқұрым үйге келсем, КТК телеарнасында бір бағдарламадан әнші Жеңіс Ысқақова қасында бір итке қарап сөйлеп тұр. Сондағы сөзі «Мына итті күшігінен асырап алғанмын, осы үйдің мүшесіндей болып кетті, отағасы болмаған соң, төрге төсек салып беремін, КТК телеарнасының көрермендерінің құлақтарына алтын сырға, кімнің қаншық иті болса, мен құда түсуге дайынмын», деп қояды. Бұл сөздерді естіген мен үйден атып шықтым. Біз алаңсыз тынған екенбіз деген ой келді.
О заман да, бұ заман қазақ қазақ болғалы, итке төрден төсек салып бергенді көргеніңіз бар ма?! Қаншығы бар үйге құда түсемін дегенді айту атам қазақтың үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Ит табалдырықты аттаса «басынды» деп үйдің маңына да жолатпаған. Ең жек көретін адамды «иттің баласы» деп қарғайды. Өміріне түңілсе «иттің өмірі» деп налыған.
Қызылорданың қызыл құмында асыр салып өскен Жеңіс Ысқаққызына не көрінген. «Естімеген елде көп» демекші, менің ата-бабаларым Тоқмұрат, Шәмші, Кеңес әкелерім мынадай сөзді естімей бұ дүниемен қоштасып еді, қандай бақытты жандар десеңші. Бұл не сонда? Азғындықтың шегіне жеткен Батысқа еліктеу ме? Түк көрмеген көргенсіздіктің нышаны ма? Түсіне алар емеспін.
Осыдан алты жыл бұрын тағы бір Қызылорданың Қазалы ауданының қызы әнші Мәдина Сәдуақасова телеарнадан аппақ күшікті құшақтап алып:
Сүйген жүрек, өмірдегі тілек,
Күндіз-түні соғады,
саған бақыт тілеп...
деп сыңсығанын көкірек көзі ашық көрермендер әлі ұмыта қойған жоқ. Әйтеуір клип бітейін дегенде барып бір еркек шығады-ау.
Батыстың БАҚ-тарын көріп алған орыс БАҚ-тары көшедегі қаңғырып жүрген иттерді үйлеріне әкеліп, бағып-қағатындарды суретімен шығарып, дәріптеп жатыр. Осы қайырымды жандар жай-күйсіз жүрген қаңғыбас адамдардың аузына бір тамшы су мен бір үзім нан бермейді.
Ғаламторда Лондонның тас көшелерінде иттерін жетектеп жүрген ағылшындар гүлзар бақтарын көрсетіп, өркениеттің бесігі деп аузының суы құрып мақтанады. Екі адамның басы қосылса, иттерін қалай шомылдырғанын, қандай тамақ беретінін, иттің «қылықтарын» әңгімелеп езіп отырғаны. Азық-түлік дүкендерінде балалардың тамағынан иттердің тамағы көп сатылады.
Бетін аулақ қылсын, талай үйдің ішінен балалардың бақытты күлкісі естілмейді, үрген иттің, мияулаған мысықтың үнін естисің. Осыны көріп алған біздің еліктегіш қандастар ұқсағысы келіп тыраштанады.
Пайғамбарымыздың бір хадисінде «иті бар үйге періште кірмейтіндігі» айтылған. Бүгінде ит асырап ақшаға төбелестіреді, бұл да харам болған құмар ойын түріне жатады. Сол сияқты итті сату және сатып алу, оның ақшасын пайдалану да шариғатта құпталмайды. Ит көзіне көрінген нәрсені жей береді. Ит терісінен емес, тілінен терлейді әрі сол тілінен улы микробтар таратады.
Әрине, біз бұлай дегенде қазақта иттің жеті қазынаның бірі деп аталатынын білмей отырған жоқпыз. Үй күзетуге, мал қоруға, аңға салуға үйретілген иттің жөні бір бөлек, әрине. Соның өзінде де әр нәрсенің жолы, жөні бар емес пе? Жұрт жақсы көретін, талай жастар еліктейтін талантты әншілеріміз итіне төрге төсек салып беріп жатса қалай болғаны сонда?..
Жұмамұрат Шәмші,
журналист.